"Бойын қорқыныш билеген адамнан спортшы шықпайды" – Диас Еренғайыпов

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6640

Рамзан Қадыровты өнерімен тәнті еткен екібастұздық файтер inbusiness.kz порталына сұхбат берді.

"Бойын қорқыныш билеген адамнан спортшы шықпайды" – Диас Еренғайыпов

56 келіде ел намысын қорғайтын екібастұздық файтер (аралас жекпе-жекке қатысушы – автор) Диас Еренғайыповтың есімі спортшылар мен жанкүйерлерге жақсы таныс. Аралас жекпе-жек (ММА, Mixed Martial Arts – автор) шебері жаһандық жарыстарда көк туды желбіретіп жүр. Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, сегізінде жеңіске жеткен. Қайсыбір жарыста Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өзін өнерімен тәнті еткенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Диастың джиу-джитсудан әлем чемпионы деген дардай атағы да бар. Бүгінде Екібастұз қаласынан өзінің жеке клубын ашқан болашағынан зор үміт күттіретін спортшымен дидарласудың сәті түсті.

– Диас, сені спортшы ретінде жақсы танимыз. Кездесулеріңді де көріп жүрміз. Бірақ, сен туралы білетініміз аз екен. Қайда тудың, қайда өстің дегендей... Өзің туралы айтып берсең.

– Павлодар облысының тумасымын. 1995 жылы Ақсу қаласында тудым. Екібастұзда ержеттім. Үш айлығымда әке-шешем Екібастұз қаласына көшіп келген екен. Балалығым осында өтті. Екібастұздың №1 мектебінде білім алдым. Мектепті тәмамдаған соң, ел астанасы Нұр-Сұлтанға қоныс аудардым. Бас қаладағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқыдым.

Қазір Екібастұзда тұрамын. Астанадан біржола көшіп келдім. Осы орайда, жеті ай Таиландты мекен еткенімді атап өткен жөн. Аталған мемлекетте муай-тай спорты бойынша оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Кейін екібастұздық жігіттерден "елге орал, клуб ашайық, қолдаймыз" деген ұсыныс түсті. Ұсынысты қуана-қуана қабылдадым.

– Спортқа неше жасыңда келдің?

– 6-сынып оқып жүргенімде Екібастұздағы "Жасыбай" спорт кешеніндегі еркін күрес секциясына жазылдым. Бес жылдай айналыстым. Алғашқы бапкерлерім – Носенков Валерий Юрьевич және Носенков Денис Валерьевич. Ал астанаға ауысқан соң, джиу-джитсу секциясына жазылдым. Онда Руслан Абдреевтен тәлім алдым. Руслан ағамен бірге алты жылдай жаттықтым. 2015 жылы алғаш рет "Ахмат" тұжырымы бойынша кәсіпқой рингке шықтым. "Ахмат" клубының атынан 11 кездесу өткіздім.

– Қазір де "Ахмат" клубындасың ба?

– Жоқ. "Ахматтан" кеттім. Осы жылдың мамыр айында Екібастұз қаласынан өзімнің жеке клубымды аштым. Клубым "Yerengaipov Team" деп аталады. Мектеп жасындағы балалар мен ересектерді спортқа баулуды қолға алдым. Клубқа 6 жастан асқан балалар мен ересектер қабылданады. 2019 жылдың 30 наурызында Ресейдің Краснодар қаласында әзірше соңғы, он бірінші кездесуімді өткіздім. Осы жарыстан келген соң, іле клубты да ашып, жұмысты бастап кеттік.

– Еркін күреспен неге біржола айналыспадың? Не кедергі болды?

– Бапкерімнің өмірден өтуі себеп болды. Валерий Юрьевич Носенков қайтыс болған соң, еркін күрес секциясы жабылып қалды. Айналысып жүрген балалар басқа секцияларға ауысты. Бұл менің мектепті тәмамдаған шағым еді. Астанаға оқуға түстім де, еркін күресті жалғастыруға ынта болмады. Оның үстіне, студент атанған соң, ММА-ға қызығушылығым артты. Теледидардан, интернеттен ММА, М-1, UFC (жекпе-жек тұжырымдары – автор) жарыстарын жиі көретін болдым. Көріп отырып, қызығатынмын. Өз күшімді сынап көргім келетін. Осылайша, елордаға келген соң, жекпе-жек секцияларын іздестіріп, джиу-джитсу бапкері Руслан Абдреевпен жолықтым. Руслан ағаның қол астында жүріп, 2017 жылы джиу-джитсудан Италияда өткен әлем чемпионатында топ жардым. Қазақстан чемпионы атандық. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым.

– Сонда астанада аралас жекпе-жекпен емес, джиу-джитсумен айналыстың ба?

– Джиу-джитсумен ғана емес, қоян-қолтық ұрыспен, панкратионмен, грэпплингпен, бразилия джиу-джитсуымен айналыстым. Бұлардың бәрі бір-біріне ұқсайды. Ережелерінде аса бір айырмашылық жоқ. Бәрінде аяқ-қолмен жұмыс істейсің, күресесің дегендей... Руслан аға осы аталған спорт түрлерінен өтетін жарыстарға қатысуыма рұқсат берді. Ал кәсіпқой рингке алғаш рет 2015 жылы шықтым. Шешенстанда, Краснодарда, Қырғызстанда, Қазақстанда ұйымдастырылған әлемдік додаларға қатыстым.

– Шыныңды айтшы, аралас жекпе-жекті ақша табу үшін таңдадың ба?

– Жоқ, ондай мақсатты көздеген емеспін. Бала күнімнен төбелеске жақын болдым. Еркін күреспен айналысып жүрген уақытта күшімді соңына дейін сарқа жұмсағым келіп тұратын. Қарсыласымды аяқпен теуіп, қолмен ұрғым келетін сәттер көп болатын. Ауырту әдістерін жасағым келетін. Сол себепті астанаға көшкен соң, жекпе-жек секцияларын іздедім. Джиу-джитсуды таңдағаным да сондықтан. Мұнда аяқпен де, қолмен де жұмыс істеуге болады. Ауырту әдісін де қолдануға рұқсат.

– Аралас жекпе-жек – қауіпті спорт. Октагонға (немесе сегіз бұрыш – аралас жекпе-жек өтетін ринг – автор) шығар кезде бойда қорқыныш бола ма?

– Қорқыныш болмайды. Бойын қорқыныш билеген адам мұндай спортпен шұғылданбайды да. Спортшыда намыс, мінез болуы керек. Мұның бірі болмаса, спортшыдан батылдық күтудің қажеті шамалы. Елдің намысын арқалап шыққан соң, соңына дейін күресу керек. Барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.  

– Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, сегізінде жеңіске жеттің. Үш кездесуде ұтылдың. Қарсыластарыңның қайсысымен болған жекпе-жек қиынға түсті?

– 2018 жылдың сәуірінде Шешенстан астанасы Грозныйда Шамиль Ирасхановпен өткен кездесу өте ауыр болды. Десе де, бұл жекпе-жекте буындыру әдісімен жеңіске жеттім. Сондай-ақ, биыл Краснодарда Алексей Шапошниковпен өткізген соңғы кездесуім де қиынға түсті. Бұл жекпе-жекте төрешілердің шешімімен ұтылдым. Бірақ өзімді жеңілдім де есептемеймін. Жекпе-жекті сегіз бұрыш жиегінен тамашалаған жанкүйерлер де, интернеттен көрген өзге адамдар да менің ұтылмағанымды мойындамас еді.

– Сегіз бұрыштағы жорығыңды әлі жалғастырасың ғой?

– Әлбетте. Осыдан бір жарым ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында грэпплингтан Азия чемпионаты өтті. Осы жарысқа қатысып, чемпион атандым. Алда бірқатар жарыс бар. Соларға қатысу ойда бар.  

– Диас, нақтылап айтшы, аралас жекпе-жек бойынша қандай тұжырымда өнер көрсетесің?

– Соңғы рет ACB ММА (Absolute Championship Berkut – аралас жекпе-жек, кикбокс, джиу-джитсу бойынша жекпе-жектер ұйымдастыратын ресейлік промоутерлік компанияның тұжырымы - автор) тұжырымында өнер көрсеттім. Қазір ACA-MMA (Absolute Championship Akhmat – аралас жекпе-жек бойынша кездесулер ұйымдастыратын ресейлік промоутерлік компанияның тұжырымы - автор) тұжырымына ауыстырды. Осы тұжырым бойынша жекпе-жектер өткіземін.

– Үш рет жеңілгеніңді айттық. Жеңілістеріңнің себебін іздеп көрдің бе?

– Кәсіпқой рингтегі алғашқы алты кездесуде жеңіске жеттім де, жетіншісінде ұтылдым. Ресейлік Мурад Зейнулабидовке есе жібердім. Бұл кездесуге ауырып шықтым. Дайындығым да нашар болды. Бұдан соң екі жекпе-жекте жеңіске жеттім де, одан кейінгі екі кездесуде төрешілер қарсыластарымның қолын көтерді. Ресейлік Магомедгаджи Сиражудиновке ұпай санымен ұтылдым. Бұл жекпе-жекте тәжірибемнің аздығы анық байқалды. Дайындығыма да көңіл толмады. Өйткені екі айдай басқа спортшыға қарсы дайындалдым. Жекпе-жекке екі апта қалғанда қарсыласым өзгеріп кетті. Тактикалық тұрғыдан әзірлік аз болды. Үшінші жеңілісім Алексей Шапошниковпен болған кездесуде тіркелді. Ол туралы жоғарыда айттым.

– Қазір Екібастұз қаласында тұрасың. Мұнда саған, яғни кәсіпқой спортшыға жаттығу жасауға мүмкіндік бар ма? Бұл жерден жаттығу жасауға лайықты мықты қарсыластар табыла ма?

– Жаттығу жұмыстарын кез келген жерде жасауға болады. Өкінішке қарай, лайықты қарсылас тауып, жаттығу қиын. Сондықтан мынадай шешімге келдім. Октагонға шығатын қарсыласым анықталған соң, жекпе-жекке екі ай қалғанда басқа қалаға барып жаттығамын. Мәселен, Ақтөбеге барып, "Еркін күш" клубында екі ай жатпай-тұрмай дайындаламын. Мысал ретінде айтып отырмын. Соңғы жекпе-жегіме осы клубта дайындалған едім. Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов секілді мықтылар осы клубта жаттығады.

– Дәл қазіргі уақытта жеке клубыңда қанша баланы тәрбиелеп жатырсың?

– Қырықтан астам балаға жекпе-жек өнерін үйретудемін. Ересектерден 25-ке жуық адам жүр. Оқу жылы енді басталды. Қатысушылардың қатары әлі де көбейеді деген ойдамыз.

– Клубқа жазылу ақылы ма?

– Иә. Қарамағымда жаттығатын балалар мен ересектер ай сайын ақша төлейді. Өйткені залды "Жасыбай" спорт кешенінен жалға алып отырмын.

– Шәкірттеріңнің арасынан суырылып алға шыққандар бар ма?

– Аллаға шүкір, шәкірттерім нәтиже көрсете бастады. Қаратай Әбдісалан деген шәкіртім джиу-джитсудан Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ джиу-джитсудан өткен халықаралық турнирде Жанат Абай есімді шәкіртім күміс жүлдені иеленді. Бұл жарысқа Қаратай Әбдісалан да қатысып, қола жүлдені қанағат тұтты. Балалардың бойында талант, мінез бар. Жарысқа қатысқан өзге балаларды көрдік. Тым жұмсақ көрінді. Ал Екібастұздың балалары мінезді, спортқа, оның ішінде жекпе-жекке бейім. Бастысы, тәртіпке, техникаға үйретсе болғаны.  

– Үйленгенсің бе?

– Жоқ.

– Отбасыңда сенен басқа спортшы бар ма?

– Жоқ. Әке-шешем спорттан мүлдем алыс адамдар. Туған інім бар. Ол әлі кішкентай. Бөлелерім қарамағымда жаттығып жүр.

– Әке-шешең ережесіз жекпе-жекпен айналысқаныңды құптай ма?

– Басында қарсы болған. Қауіпті екенін ескертті. Қазір қолдап отырады.

– Сегіз бұрыштағы келесі, 12-ші кездесуіңді қашан өткізесің?

– Әзірше ондай жоспар жоқ. Дәл қазіргі уақыттағы мақсатым – балаларды тәрбиелеп, халықаралық деңгейге жеткізу. Екібастұздан чемпион шығару. Туған қаламнан жекпе-жектің кез келген түрінен чемпиондарды шығарғым келеді. Шағын ғана шаһарымызды әлемге танытсақ деген ойымыз бар.

– "Ахмат" клубынан шығып кеттің. Қазір қандай да бір клубқа мүшесің бе? Кәсіпқой рингтегі жекпе-жектерде қай клубтың атынан өнер көрсетесің?

– Иә, "Ахмат" клубынан шықтым. Бірақ, "Ахмат" тұжырымынан (ACA-MMA тұжырымы – автор) шыққан жоқпын. "Ахматтан" өз клубымды ашқасын кеттім. "Ахматтықтармен" қарым-қатынасымыз жақсы.

– Сонда саған қарсыласты кім іздейді?

– ACA-MMA тұжырымы іздейді. Маған келісімшарт жібереді. Басқа да тұжырымдар жекпе-жектер ұсынады.

– Тұжырым ауыстыратын ой жоқ па?

– Ой бар, әрине. ONE Championship, М-1, FIGHT NIGHTS тұжырымдары жақсы дамып жатыр. Қазір кез келген ұсынысты қарастыруға дайынмын.

– Өзің өнер көрсететін аралас жекпе-жек Павлодар облысында қаншалықты дамыған?

– Дамымай жатыр деп айта алмаймын. Алға жылжу бар. Павлодарда "Ахмат", "Абылай", "Дос" деген клубтар жұмыс істейді. Соңғысы жас балаларды дайындайды. Екібастұз қаласында алғаш болып өзім қолға алдым.

– Аралас жекпе-жекпен, джиу-джитсумен, қоян-қолтық ұрыспен, панкратионмен, грэпплингпен айналысасың. Осылардың біреуіне тоқтауға болмай ма?

– Жоқ. Карьерамды бастағанда спорттың бір ғана түрімен шектелемін деген ой болған жоқ.

– Қалай жаттығасың?

– Аптасына үш рет жаттығамын. Дүйсенбі джиу-джитсу бойынша дайындаламын. Сәрсенбі грэпплингпен айналысамын. Жұма күні кикбокспен шұғылданам немесе спарринг өткіземін.

– Жаттығуларын немесе ережелерін шатастырып алмайсың ба?

– Жоқ. Әуелде осылай дайындалғам. Сол жолды жалғастырып келемін. Жалпы, бұлай дайындалу балаларды жалықтырмайды. Күн сайын бір ғана жаттығуды жасай берсе, балалар жалығады, қызығушылығы басылады. Мұның бәрін өз басымнан өткергенмін.

– Диас, уақыт бөліп, дидарласқаныңа мың алғыс! Жеңісті күндерің көп болсын!

Сұхбаттасқан  Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу