banner

Кәсіпкерлер шу көтерген соң жылу тарифі төмендеді

4788

Бірақ бұл – уақытша қабылданған шара.  

Кәсіпкерлер шу көтерген соң жылу тарифі төмендеді

Екібастұз қаласы көмір өндіру көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Қазақстанда өндірілетін 62,8 млн тонна қатты отынның 37,2 млн тоннасы осы шаһардағы кеніштерден шығарылады. Сөйте тұра, заңды тұлғалар үшін белгіленген жылу тарифі басқа қалалармен салыстырғанда үш есеге қымбат, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Екібастұз қаласындағы 1 мыңға жуық кәсіпкер шілде айында онсыз да бағасы аспандап тұрған жылу тарифінің тағы 7%-ке қымбаттауына наразылық танытып отыр. Шағын кәсібін дөңгелетіп отырғандар монополисттің кәсіпкерлерді бұлай қанауы жалғаса берер болса, тақырға отыратын түріміз бар дейді.

"Жалпы аумағы 36 шаршы метр болатын дүкенді жылыту үшін бұған дейін 35 мың теңге төлейтін едік. Шілде айында тариф өскен соң бұл баға 40 мың теңгеден асатын болады. Көмірлі өлкеде елдегі ең жоғары тарифтің белгіленуі сұмдық қой! Тапқан-таянғанның барлығын жылу энергиясына төлейтін болсақ, кәсіпке тықыр таянады", - дейді дүкен иесі Әйгерім Шметова.

Екібастұздағы кәсіпкерлердің дені жергілікті монополист компания – "Екібастұз жылу энерго" ЖШС-іне артық ақша төлемес үшін жеке қазандық орнатуға көшкен. Бірақ мұның өзіне қыруар қаражат жұмсауға тура келеді. Қауіпсіз екендігі тағы бар. Осының барлығын ескерген Павлодар облысының билігі жылу тарифін төмендетуді шешті. Бұған екі ай бойы жүргізілген талдамалық жұмыстардың нәтижесі де әсер етті.

Анығын айтқанда, Павлодар облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті "Екібастұз жылу энерго" компаниясы инвестициялық бағдарламаны тиісті деңгейде орындамағанын анықтады. Кәсіпорын тұрғындардан тариф ретінде жиналған қаражаттың 192 млн 949 мың теңгесін мақсатты түрде жұмсамаған болып шықты.

"Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, кәсіпорын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге міндетті. Алайда іс жүзінде кәсіпорын басшылығы тарифтен түскен табысты игерген жоқ. Сондықтан бұл табысты алып, соның есебінен тарифті төмендетеміз", - дейді табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев.

Сөйтіп, бұдан былай екібастұздық кәсіпкерлер үшін жылу тарифі 35%-ке арзандайтын болды. Яғни, бұған дейін 1 ГКал үшін 14 462 теңге төлесе, енді 9400 теңге береді. Сол сияқты бюджеттік мекемелер мен жылу есептегіші жоқ тұрғындар үшін жылу тарифі 2%-ке төмендейді. Енді бюджеттік ұйымдар 15 453 теңге, тұрғындар 3443 теңге төлейді. Бірақ мұның барлығы – бір жылға ғана жалғасатын жеңілдік. Инвестициялық бағдарламада көрсетілген сома толығымен игерілген соң көмірлі өлкедегі тариф қайта қымбаттайды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу