Он жыл салынған орталық

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3218

Екібастұздағы "сақалды құрылыс" пайдалануға берілді.

Он жыл салынған орталық Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласындағы отын-энергетика кешеніне кадр даярлайтын орталықтың құрылысы 2009 жылдың қазан айында басталған болатын. Содан бері Екібастұздың бағы емес, соры болған "сақалды құрылыс" небір өткелектен өтіп, он жылдан кейін пайдалануға берілді. Бүгін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов орталықты салтанатты түрде ашып, тапсырды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кешеннің құрылысы 2009 жылдың қазан айында басталған еді. Құрылыс жұмыстарымен "Нико" ЖШС айналысты. Алайда, аталған серіктестік банкрот деп танылып, құрылыс жұмыстары 2010 жылы тоқтап қалды.

2011 жылдың қазан айында Білім және ғылым министрлігі "S&ER company" ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Осылайша, 2011 жылдың қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жалғасты.

Бұдан кейін Павлодар облыстық Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы аталған кешенде техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өрескел кемшіліктерді анықтады. Соның негізінде 2012 жылдың қарашасында құрылыс жұмыстары екінші мәрте тоқтатылды.

Белгілі болғандай, кешен сор, батпақты жерге салынған. Еріген қар суы, жаңбыр суы осы жерге жиналады. Ал мұндай жерге құрылыс салуға болмайды немесе су сору жүйесін тарту керек. Сөйтіп, 2017 жылы Екібастұз қаласының әкімдігі 100 млн теңге қарастырып, су сору жүйесін жүргізді.

Тек, содан кейін ғана орталықтың жұмысы алға бастады. Алдымен, 2017 жылы "Кәсіпқор" холдингі "сақалды құрылыстың" жобалық-сметалық құжаттарын қайта әзірлеп шықты. Жобаны 2018-2020 жылдары аяқтауға жергілікті бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Жалпы, құрылыс жұмыстары үш кезеңнен тұрды. Жұмысты "Портал-ПВ" ЖШС соңына дейін аяқтап, тапсырды.

Оқу орталығында енді отын-энергетика кешеніне қызмет көрсететін мамандар оқытылады. Сондай-ақ техникалық мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау жұмыстары үшін толыққанды жағдай жасалған. Орталық пайдалы қазба орындарын әзірлеу, электрмен жабдықтау, дәнекерлеу, электр станциялары мен желілерін электрмен қамту, темір жону және металды өңдеу, өндірістік машиналар мен құрал-жабдықтарды іске қосу секілді мамандықтар бойынша кадр даярлайды деп күтілуде.

"Үкімет қолдауының нәтижесінде орталық құрылысын ойдағыдай аяқтадық. Бүгінде біздің өңірде кадр тапшылығы бар және бұл тек отын-энергетика кешеніне ғана қатысты емес. Болашақта бұл жерден білікті мамандар мен басшылар тәрбиеленіп шығады деген сенімдеміз", – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.

Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, оқу орталығының мәртебесі тиісті лицензияны алғаннан кейін айқындалады. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ оқу орталығына оқытушылар құрамын таңдау бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Отын-энергетика кешеніне кадр даярлайтын өңіраралық орталық 13 корпустан тұрады. Мұнда 480 орындық жатақхана, 100 орындық қонақ үй, асхана, спорт зал, акт залы бар. Орталықтағы оқу процесі техникалық ағылшын тілінде де жүргізілетін болады. 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Оқу орталығы жаңа жылдан бастап жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, орталық Еуразиялық Топқа сенімді басқаруға берілуі де мүмкін.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу