Елдегі барлық құрылыс компаниясы бір ұйымның "құлдығына" кіре ме?

6628

Биліктің жаңа қадамы тұрғын үйді тағы қымбаттатуы әбден мүмкін.

Елдегі барлық құрылыс компаниясы бір ұйымның "құлдығына" кіре ме?

Алданған үлескерлердің зарын естуден Үкімет жалықты. Алаяқ салушылармен күресуге әкімдер қауқарсыз. Енді не істемек керек?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті мұның "шешімін" ұсынды. Оған сәйкес, билік үлескерлер мәселесінен іргесін аулақ салып, бұл мәселенің ауыртпалығын енді сала ойыншыларының иығына артпақ ниетте.

Бүкіл нарық "Бесобаға" ұқсап барады

Шенеуніктер саладағы түйткілдерді тарқата алмағанын жасырмайды. Проблемалар тек қордалануда.

"Соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс сапасына қатысты сын үдеді. Бұған қоса, құрылысы тоқтаған тұрғын үй кешендерінің мәселесі ушығуда. Салада құрылысы тоқыраған нысандар жиі кездеседі. Ол елде әлеуметтік шиеленісті тудыруда. Ұзақ әрі сапасыз тұрғызылатын тұрғын үй кешендері халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, біртіндеп қирайды. Сондай-ақ қалалардың жалпы келбетін бұзады", – деп мәселелерді тізбеледі комитеттегілер.

Түйткілдер тізбесі мұнымен бітпейді: адал емес құрылыс компаниялары ешқандай рұқсат беру қағаздарынсыз-ақ үлескерлер тартуын, тек эскизде ғана қалатын "жылжымайтын мүлікті" сатуын жалғастыруда. Осы мақсатта алдын ала келісімдер, цессия туралы шарттар, инвестиция келісімшарты секілді жалған тетіктер қолданылады. Сол арқылы олар ұлттық заңнамада үлескерлік қатысу туралы келісім бекітуге қойылған шектеуді айналып өтеді.

Алданған қазақстандықтар нарықта алаяқтардың талтаң басуына жол бергені үшін ақыр соңында билікті кінәлайды. Нәтижесінде, жеке компаниялардың былығын билікке тазалауға тура келуде. Мысалы, Қарағанды облысында айдың-күннің аманында "Бесоба" тұрғын үй кешенінің бір үйі гүрс етіп, жалпасынан құлағаны белгілі. Оның күйреу себептерін зерттеген мемлекеттік комиссия "Бесоба" тұрғын үй кешенінің барлық үйі құрылыс нормаларын бұза отырып салынғаны туралы "үкім" шығарды. Сондықтан олардың бәрін сүріп, орнына "Шапағат" шағынауданын тұрғызу үшін Үкімет резервінен 1,5 миллиард теңге шығындауға тура келген.

Өңір түгіл, елорданың өзінде үлескерлік мәселесін қаншама әкім шеше алмай кетті. Тіпті қаланың аты өзгерді. Бұл проблема Алтай Көлгінов тұсында да өзектілігін жоймай, келесі әкімге мұраға қалатын түрі бар. Мәселен, 2019 жылдың басында Астанада 52 проблемалық объект және олардың артында шулап қалған 15 мың 757 үлескер болды. Бұл көрсеткіш былтырғы 2020 жылдың басында 42 объектіге және 13 мың 233 үлескерге дейін қысқарды.

2021 жылы жалпы саны 117 үй кіретін 33 объекті "проблемалы нысан" болып танылып отыр. Онда 10 мың 528 үлескер бар. Осы 117 проблемалы үйді толық аяқтау үшін бұрын бөлінген және тартуға жоспарланған қаржы сыртында, тағы 76,4 миллиард теңге жетпей тұрған көрінеді. Себебі, барлық проблемалы тұрғын үй кешенін іске қосу үшін жалпы саны 269,3 миллиард теңге қажет. Тапшылықтың қашан жойылатыны, ақшаның қайдан табылатыны беймәлім. Ол анықталмай, бас қаланың өзінде үлескерлік құрылыс мәселесі шешілмейді.

Тұйықтан билік қалай шықпақ?

ИИДМ Құрылыс істері комитеті бұл саланы өзін-өзі реттейтін ұйымға (ӨРҰ) тапсыруды ұсынды. Бұл бастамасын меморган "құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша" түзету енгізетін жаңа заң жобасына енгізіп, рәсімдеді.

Егер құжатты Парламент мақұлдаса, онда жаңа реформа "шамамен 82 мың 800 ұйымды және 680 мыңнан астам әлеуетті клиентті қамтымақ".

Жаңа қадам құрылыс-монтаждау жұмыстарын және үлескерлердің ақшасын тарту жөніндегі қызметті ӨРҰ-ға беруді қарастырады.

Еліміздегі осы нарықтың барлық ойыншысы дәл осы бір ұйымға міндетті түрде мүше болуға тиіс.

Айта кетер жайт, "Е-лицензиялау" порталының (elicense.kz) ақпараты бойынша қазіргі уақытта бұл салада жалпы саны 82 мың 800 компания лицензия алыпты. Бұл ретте талдау есептемесіне сай, жарнаның көлемі 450 мың 250 теңгені құрайды деп күтілуде. Сонда осыны 82 800 ұйымға көбейткенде, 37 миллиард 280 миллион теңге шығады. Аста-төк ақша!

Есептемелерде құрылыс саласының бірыңғай ұйымын құру үшін 5 жыл ішінде 608 миллионнан астам шығын шығару қажет болатыны айтылған.

Жаңа ұйым қашан құрылуы мүмкін?

Құрылысқа жауапты меморган реформаның келесі кезеңдерін ұсынды.

Біріншіден, 2021 жылғы І жартыжылдықта "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлейтін ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істеп, құрылыс саласында өзін-өзі реттеуді енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарды жазады.

Екіншіден, 2021 жылдың ІІ жартыжылдығында Парламент құрылыс саласындағы міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдайды.

Үшіншіден, ары қарай алпауыт ұйымды құру процесі басталады: бүкіл саланы астына басатын ұйымның мәртебесі бекітіледі, оған қойылатын біліктілік талаптары белгіленеді.

Төртіншіден, Үкімет осы ұйымға құрылыс-монтаждау жұмыстарын лицензиялау жөніндегі мемлекеттік функцияларды табыстайды. Сондай-ақ ол құрылыс компанияларына үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру құқығын иеленеді.

Бесіншіден, ұйым өз мүшелерінің, яғни барлық құрылыс компанияларының мүліктік жауапкершілігін енгізеді. Яғни, олар ортақ қазынаға өз активтерінің белгілі бір бөлігін "салуы" керек. Тиісінше, егер банкрот болса, құрылысын тоқтатса, оның үлескерлер алдындағы қарызы соның есебінен жабылмақ. Ол активтің көлемі қанша болатынын ұйым өз бетінше белгілейді.

Осы реформаға ұстанымын білдірген сарапшылар мен кәсіпкерлер бірқатар кемшін тұстарына назар аудартуда.

Біріншіден, жасанды монополия түзілгелі тұрғанғанға ұқсайды. Себебі, заң қабылданса, бұдан-былай құрылыс нарығына кіру, яғни тұрғын үй салу үшін бизнесмен міндетті түрде тек бір ұйымға жүгінуге және соған жарна төлеп, мүше болуға мәжбүрленеді.

Екіншіден, салушылар енді "мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз етуге" міндеттеледі. Осының арқасында үлескерлер мәселесі болашақта жойылуы да мүмкін. Алайда бұл тұрғын үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына соқтырады.

Үшіншіден, өзін-өзі реттеу енгізілген соң осы ұйым әр өңірде жер учаскелерін бөлуге қатыспақ. Бұл сыбайлас жемқорлықтың өрістеуіне әкелуі, ең "майшелпек" жерлер тек ірі холдингтерге тиюі ықтимал.

Бұған дейін саланы алпауыт құрылыс холдингтері жайлап келген-тін. Енді билік саланы тұтас монополияландыруға көшетінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу