"Астана – жаңа қала" индустриялық паркінде елбасының жолдауын іске асыру мақсатындағы "технологиялық модернизацияның басты қозғаушы күші – жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлікті дамыту" атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуда Қазақстан жеңіл өнеркәсібін дамытудағы түйткілді мәселелер талқыланып, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттырып қана қоймай, тауарды шетелге экспорттау жолдары қарастырылды.
"Атамекен" КҰП өңдеу өнеркәсіптері комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев бүгінгі дөңгелек үстелде тамақ, жиһаз және тоқыма өнеркәсібі сияқты біздегі басым өндіріс салаларының түйінді мәселелерін талқыланатынын айтты.
"Бүкіләлемдік дағдарысты есепке ала отырып, елбасы біздің алдымызға өндірісті дамытуға жаңа импульс енгізу туралы нақты міндеттер қойды. Айта кететін жай, дағдарыс дегенде санамызға алғаш қиындық туралы ой туғанымен, бұл жағдайдың жаңа мүмкіндік сыйлайтынын да ескерген жөн. Осы тұста мен "Жасампаз" консалтинг бастамаларын ерекше айтып өтер едім.
Осындай қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерлер тізе қосып қимылдағанда ғана үлкен мақсатқа жетуге болады. Бүгінгі шарада негізінен елбасы жолдауында атап өткен салалардың ішінде жеңіл өнеркәсіпке басымдық береміз. Өйткені бұл саланың еңбек ресурстарын тартуда салыстырмалы түрде көрсеткіші жоғары болғандықтан, еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор", – дейді Думан Қыдырбаев.
Осыдан кейін "Атамекен" КҰП сарапшысы Д.Зверев өзінің "Өнеркәсіп сертификаты" жобасымен таныстырды: "Қазір осы жоба аясында жұмыс жүріп жатыр. Жалпы бұл бастаманың негізгі мақсаты – өндірушінің барлық стандартқа сай сапалы тауар өндіруге қабілетті екенін дәлелдеу. Яғни елімізде бар кәсіпорындардың жетекші мамандарын осы жобаға тарту арқылы өндіріс орындарының қабілет-қарымын анықтайтын құрал десе де болады".
Жиналған қауымның назарына іліккен бұл жоба шикілеу болғандықтан, әлі де талқылайтын тұстары көп болып шықты. Соның бірі – мемлекет тауар өндірушіні бұл сертификатты алуға міндеттемейтіні туралы ақпарат. Міндетті емес құжаттың кәсіпкерге қандай қосымша пайда беретіні жайлы жобаны таныстырушының жауабы көкейде көп сұрақ қалдырды.
"СемСпецСнаб" ЖШС директоры Айнұр Ахметова "Жасампаз" консорциумның өткен жылы атқарған жұмысымен таныстырып, бірлестіктің болашақ жоспарларымен де бөлсті.
"Бұл бірлестіктің құрамына алғаш отандық бес кәсіпорын біріксе, биыл бұл көрсеткіш он екіге жетті. Қазір біздің ұйымдағы кәсіпорындар өндірісте 45% Қазақстан шикізатын қолданады. Бірақ өндірістің әр саласындағы кәсіпкерлерді біріктіре отырып, біздің ұйым 2020 жылға дейін өндірістің 95%-ын отандық шикізатпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр", – дейді Айнұр Ахметова.
Консорциум мүшелігіндегі "Azala Textіle" ЖШС төрайымы Гүлнәр Садықбекова өз өнеркәсібін таныстырып, кейін өнімнің бәсекеге қалай қабілетті болатыны жайлы сөз етті: "Біздің кәсіпорын Шымкент қаласында орналасқандықтан, өндіріске қажетті шикізат – мақтаны толығымен Мақтарал ауданынан аламыз. Ал өзбек мақта-мата өндірісімен бәсекелестік мәселесіне келер болсақ, "Azala Textіle" өндіретін мата сапа жағынан анағұрлым алда тұр. Өндіріс технологиясы бізде күрделірек болғандықтан, өнім өз-өзін ақтауы да керек. Сондықтан баға жағынан аздаған айырмашылық болуы мүмкін"
Сонымен қатар "Azala Textіle" Шығыс Қазақстан аумағында өндірісі тоқтап тұрған "Oxy Textile" кәсіпорнын іске қосып, мата-мақта өндірісінің жаңа салаларын қолға алуды да көздеп отыр. Бірақ зауыт экономикалық еркін аймақта орналасқандықтан кәсіпкерлер тауарды тасымалдау кезінде кедендік қиындыққа кезігеді. Бұл оның өнімдерін ел аумағына еркін таралуына кедергі туғызатындықтан, бұл мәселе зерттеліп, оң шешілуі керек.
Ал "Тұтынушылар ұлттық лигасының" президенті Светлана Романовская жеңіл өнеркәсіп саласының бірқатар өзекті мәселесін сөз етті. Соның ішінде тауардың тұтынушыға кедергісіз жету маңыздылығына тоқталды.
"Отандық өндірушілердің тауары тұтынушыға кедергісіз жетуі – бизнестің алға басуының алғышарттарының бірі. Отандық кәсіпорындар ел нарығындағы лайықты үлесін алуы үшін өзара бәсеке болуы керек. Ол үшін тұтынушы да олар ұсынған өнімнің сапасын ажырата алатын сауатты болуы шарт. Сонда ғана халықаралық бәсекеге қабілетті кәсіпорындар пайда болады", – дейді Светлана Романовская.
Кәсіпкерлікті дамытуда бірлесе қимылдау үшін "Жасампаз" отандық өндірушілер бірлестігі мен "Тұтынушылар ұлттық лигасы" арасындағы серіктестік меморандумына қол қойылды.
"Бұл – коммерциялық емес ұйымдардың қатынасындағы тың бағыт десе болады. Өздеріңіз білетіндей, біздің ұйымға мүше болу үшін ешқандай жарна төлеудің қажеті жоқ. Яғни ұйым тұтынушылардың құқығын қорғауды өз мойнына тегін алады. Себебі біз тұтынушы өз таңдау құқығын шектемей, сапалы тауарды таңдап алуға қабілетті болуын көздейміз. Ал олардың дұрыс таңдау жасай алуы үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету керек. Осы бірлестікпен келісімге келе отырып, біз тұтынушыларды қажетті ақпаратпен көбірек қанықтыра аламыз деп ойлаймыз.
Нәтижесінде сауатты сатып алушы сапасыз өнімге ұрынып қалу ықтималын төмендете алады. Яғни әр тауардың қайдан келетіні, оны өндіру технологиясы туралы ақпаратты білген адам өз таңдауында қателесуі екіталай. Менің өзім де осы салада ұзақ жүргеніме қарамастан, бүгінгі шарада отандық нарықтағы жаңа өндірушілер туралы бұрын білмеген біраз ақпаратқа қанықтым", – дейді Светлана Романовская.
"ҚазТехЭкспо" автоматтандырылған сауда-өндірістік кешенінің басшысы Сәуле Шәуенова: "Тауар өндірушінің басты қиындығы не? Ол тұрақты тұтынушы табу. Өндірген өнімін өткізетін нарық таба алмай, қаншама кәсіпкер банкротқа ұшырады. Қазіргі дағдарыс кезінде бұл біз үшін мүлде тиімді емес. Ал тауар сатылған жағдайда ғана өндіріс өркендейтіні бәрімізге белгілі.
Сондықтан біздің нарықта тұтынушының мүддесін қорғайтын, онымен тікелей байланыстағы "Тұтынушылар ұлттық лигасымен" ортақ меморандумға қол қою – өндірушілер үшін ең оңтайлы шешім. Мысалы бұл лига серіктес сауда орталықтарын түгелдей тауармен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл дегеніміз, Қазақстан нарығына кірудің ең қысқа жолы", – деп, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жағдайда екі тарап та оң нәтижеге қол жеткізетінін айтты.
Серікбол Селеубайұлы