Жер қатынастары саласы дамуда жүз жылға артта қалды

4837

Мамандар жерді GPS-пен емес, сол бойы рулеткамен өлшеп жүр. 

Жер қатынастары саласы дамуда жүз жылға артта қалды

Жер қатынастары – еліміздегі ең проблемалы, көлеңкелі, жемқорлық тәуекелі жоғары салалардың бірі. Үкімет қанша күш салса да, осы салаға цифрлы технологияларды енгізе алмай-ақ қойды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Билікке шағым жолдаған азаматтар мысалы, жер телімін онлайн алу ісі дұрыс жолға қойылмағанына ренжиді.

Президенттің жерге қатысты берген тапсырмасына орай әзірленген "SuperVision Technology" Қазақстан жерлерінің цифрлық мониторингі" порталының дерегінше, елімізде 39,9 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер әлі күнге цифрландырылмаған. Мысалы, Жамбыл облысындағы 7,076 млн гектар жердің 5 млн 271 мың 123 гектары (74,49%) немесе 10 мың 237 жер телімі цифрландырылмаған. Қызылорда облысында да бұл көрсеткіш нашар: барлық 5,8 млн гектардың 4 млн 500 мың 403 гектары (76,63% не 4 607 жер учаскесі) "цифрды" жатсынып отыр.

Сорақысы сол, бар істе өзгеге үлгі болуға тиісті мегаполистер бұл салада мүлдем кенжелеп қалған. Алматыда 11 мың 769 гектардың 100%-ы, Нұр-Сұлтанда – 15 мың 536 гектардың 15 мың 235 гектары немесе 98,06%-ы, ал Шымкентте – 4 мың 451 гектардың 4 мың 393 гектары не 98,69%-ы цифрландырылмаған.

Бұл ретте елорда аумағына кіретін оның маңындағы барлық ауыл шаруашылығы жерлерінде мал жаюға тыйым салынған. Әкімдік ол жерлерді құрылыс компанияларына және басқа да тұлғаларға тұрғын үй және коммерциялық нысандар салуға таратады. Әйткенмен, әрбір жер телімі цифрландырылмағандықтан, оны үлестіру ісінде де жариялылық жоқ.

Жамбыл облысының Байзақ ауданының Жер қатынастары бөлімінің басшысы, білікті маман Жарқын Тамаев тағы бір мәселеге назар аудартады. Ол бұған дейін Тараз қаласының жер қатынастары бөлімінің бас маманы болғанда тұрғындар мен заңды тұлғалардың өз жер телімдерінің шекараларын нақты айқындап беруді сұрап, өтінішпен жиі жүгінгенін жеткізді.

Заң бойынша бұл үшін комиссия құрылуы керек екен. Оған әкімдіктің жер қатынастары органының, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы мекемесінің және мемкорпорацияның өкілдері кіруі қажет.

"Өйткені жер учаскелерінің шекараларын үшінші тұлғалардың бұзуы және өз бетінше заңсыз басып алуы оқиғалары тіркелді. Кейбірінің жер телімінің мемлекеттік актісі дұрыс болмаған. Мұндай өтініштерді біз сол жерге барып, қарастыруымыз керек. Алайда "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының Жер кадастры департаментінің Тараз бөлімінің мамандары жекелеген жағдайда жер телімдерінің шекараларын айқындауға қатысудан бас тартып жатты. Олар бұл жұмыстың ақылы негізде жүзеге асырылуға тиістігіне сілтеме жасады", – дейді бас маман.

Оның мәліметінше, азаматтардың және бизнесмендердің өтінішін жерде қалдырмау үшін әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің мамандары жер-кадастр құжаттамасына сүйене отырып, жер учаскелерінің ара-жігін өз бетінше айыруға тырысады.

"Бірақ біздің мамандар жүргізетін өлшеулер жарамды деуге келмейді. Себебі жер көбіне GPS құрылғысын пайдаланусыз, қарапайым рулеткамен өлшенеді. Оның үстіне жерге орналастыру процесіне мемкорпорация қызметкерлері қатысуы керек. Әйтпесе, сәйкестендіру құжаттарында көрсетілген мөлшерлер шындыққа жанаспайды. Сонымен бірге Жер кодексіне сәйкес, жер телімдерінің шекарасын анықтау және мемлекеттік актілер беру жер қатынастары бөлімдерінің құзырына жатпайды", – дейді сарапшы.

Бұл азаматтардың ашу-ызасын тудырып жатады. Заң білмейтін бұқара өкілдері жергілікті әкімдіктің неге жергілікті мәселені шеше алмайтынын түсінбейді.

АШМ және басқа да билік органдары азаматтарға жерге қатысты барлық дауды сотқа жүгіну арқылы шешуді ұсынып, жауапкершіліктен жалтарады. Соттасу үшін мол қаражат керек. Содан қордаланып, шешілмеген жер даулары қақтығысқа дейін шиеленісуі мүмкін.

Жалпы, өлшейтін рулетканы неміс инженері Хирам А. Фарранд 1919 жылы кең қолданысқа енгізіпті. Оған дейін жер өлшеуші мамандар үлкен циркульмен адымдап жүретін. Қазіргі кезде көнерген бұл құралдарды дамыған елдерде ғарыштық технологиялар алмастырды. Ал Қазақстан болса, кем дегенде жүз жылға арттап қалғандай.

Жер мәселесіндегі түсініспеушіліктер, бюрократия және жариялылықтың жоқтығы жер дауларының өршуіне соқтырып, отқа май құяды. Биыл, 2021 жылы жер сатуға қойылған мораторий аяқталатыны мәлім. Демек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылатын жаңа Жер реформасы бойынша комиссия жер қатынастары саласындағы білікті мамандармен ақылдасса, жөн. Салада беті жасырын жатқан түйткіл жетерлік.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу