Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тыйым болмай тұр

2938

Бұл туралы Жамбыл облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрбаев айтты. 

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тыйым болмай тұр

Жамбыл облыстық ішкі істер департаметі мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жолын кесу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарын жасаған. Бірақ жүргізілген рейд барысында заңсыз пайдаланылған кен орындарынан жүк көліктері ұсталса да, полиция тарапынан жауапқа тарту өз деңгейінде орындалмай отыр екен.

"Байзақ ауданы Ақбұлым ауылына қарасты "Жамбыл" ӨК жеріндегі тау қыртысынан тасты құжатсыз қазып, саудалап жүрген 7 жүк көлігі рейд барысында ұсталған еді. Оның 5-еуі тиелген тасты қайта түсірсе, екеуі оқиға орнынан із суытпақ болған. Инспекция қызметкерлері оларды қуып жетіп ұстағанымен, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері оларға ешқандай шара қолданбастан босатып жібере салған. Осыдан кейін ол жерден әлі күнге тас қазып алынуда", – дейді С.Нұрбаев.

Мұндай жағдай Сарысу ауданының Шығанақ ауылдық округінде де орын алуда. Ол жерден қызыл тастар өндіруге тосқауыл қойылмай отыр. Бұдан бөлек, Мыңарал және Ақбақай ауылдарының маңында жер қойнауын (Горстовое, Көкпар кен орындары) заңсыз қазып жүрген 13 жеке тұлға, арнайы қондырғыларымен 3 УАЗ авто көлігімен ұсталса да жауапқа тартылмаған. Бұл істе жергілікті полиция тарапынан инспекцияға қолдау көрсетілмеуде. 

"Жалпы инспекция тарапынан өткен жылы Тараз қаласы және аудандар мен ауылдар аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ҚР ӘҚБтК-нің 139 бабының, 1 бөлімімен 10 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 1 357 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, қазіргі таңда барлығы толығымен өндірілді. Бұдан бөлек, 4 табиғат пайдаланушыға жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін мемлекет пайдасына 1 236 350 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, биыл жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында ҚР ӘҚБтК-нің 139 бабының, 1 бөлімімен 15 әкімшілік іс қозғалып  нәтижесінде 1 108 025 теңге мөлшерінде айыппұл төлеу үшін хаттама толтырылды. Сонымен қатар 3 табиғат пайдаланушыға заңсыз әрекеттері үшін 10 970 350 теңге мөлшерінде келтірген залал есебі шығарылды", – деді тиісті департамент өкілі. 

Маманның сөзінше, қазіргі таңда облыстың Тараз қаласы мен барлық аудандарында, тіпті ауылдар қасынан заңсыз ашылған кен орындары көбейе түскен. Онда өндірілген кенді тұрғындар жеке жүк көліктерімен тасымалдап, авто тұрақтарда немесе тапсырыс бойынша саудалауда. Бұдан бөлек, Шу ауданында мердігерлер жол құрылысына қажетті топырақ, құм, шағалды заңсыз ашып алған кен орындарынан қазып алуда. Бүгінде заңсыз қазған жеке және заңды тұлғалар облыстық мемлекеттік экологиялық бақылау департаментіне түрлі сылтаулармен келмеуде. Оларды жергілікті полиция арқылы да шақыруға тырысқанымен ол жұмыс та нәтижесін бермей, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар оп-оңай із суытып кеткен.

"Өкініштісі, мұндай оқиғалар қазір үйреншікті жағдайға айналған. Соның салдарынан экологиялық айыппұлдарды және мемлекетке келтірілген залал шығындарын рәсімдеуге қазіргі таңда мүмкіндік болмай отыр", – деді С.Нұрбаев.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу