Астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің тағы бір сыры белгілі болды

10255

Қазақстан қуатты зілзалалар кезіндегі биліктің іс-әрекет алгоритмін қалыптастыруда.

Астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің тағы бір сыры белгілі болды Фото: m24.ru

Биылғы сәуір айының соңында енді Шығыс Қазақстан жақта жер тербелістері тіркелді. Алматы өңірінің шайқалуы болса, жалғасуда. Мамандар мұның тек "бастау" ғана болуы мүмкін екенін, ірі жер дүмпулеріне дайындала беру керектігін ескертіп жатыр.

Ғалымдардың дерегінше, адамзат өркениеті басталғалы, жер сілкіністерінен кем дегенде 150 миллион адам қаза тапты. Соның ішінде ХХ ғасырда шамамен 2 миллион құрбан тіркелген.

Жер сілкінісінен ең зұлмат экономикалық залал шеккен ел – кілең аралдарда мемлекетін құрған жапондар. 1995 жылғы Жапонияның Кобе қаласындағы зілзала 131,5 миллиард доллар шығын келтірді деп есептеледі. 2011 жылғы Фукусимадағы жер сілкінісінің салдарлары бастапқы 300 миллиард доллардан асып, бүгінде жарты триллион долларға дейін жуықтаған.

Әлем тарихындағы ең күйретуші зілзала – 1202 жылғы 20 маусымда тіркеліпті. Эпицентрі Иорданияда болған, қуаты он екі балға дейін жеткен ол шамамен 2 миллион шаршы шақырымды немесе Мысыр-Египет, Сирия, Кіші Азия, Сицилия, Армения, Әзербайжан территорияларын қамтыды. Планетарлық масштабтағы бұл апаттан шамамен 1 миллион 200 мың адам құрбан болды деп саналады. 1202 жылғы жер сілкінісі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілген.

Жер бетіндегі ең ауыр зілзалалардың қатарына соның алдында, 1201 жылғы 5 шілдеде болған, эпицентрі Мысырда орналасқан жер сілкінісі де енгізілді. Онда шамамен 1,1 миллион адамның мерт болғаны айтылады.

Әлем тарихындағы алапат жер сілкіністері бұған бей-жай қарауға болмайтынын аңғартады:

  • 856 жыл: Иран – 200 мың адам опат болды;
  • 863 жыл: Армения – құрбандарының саны 120 мыңдай;
  • 869 жыл: Армения – 112 мыңдай;
  • 893 жыл: қатарынан 3 зілзала, Иранда – 150 мың, Арменияда – 150 мыңға дейін, Үндістанда – 180 мыңдай;
  • 894 жыл: Армения және Әзербайжан – 150 мың;
  • 901 жыл: Армения – 150 мың;
  • 1007 жыл: Ирак – 100 мың;
  • 1137 жыл: Сирия – 200 мың;
  • 1138 жыл: Сирия – 230 мың;
  • 1139 жыл: Армения және Иран – 300 мың;
  • 1201 жыл: Египет пен Кіші Азия – 1,1 миллион;
  • 1202 жыл: Кіші Азия және Мысыр – 1,2 миллион;
  • 1290 жыл: Қытай – 100 мың;
  • 1303 жыл: Қытай – 400 мың;
  • 2010 жыл: Гаити – 222 570 адам құрбан болды.

Былтырғы 2023 жылғы 6 ақпандағы жер сілкінісі салдарынан, түрік басылымдарының мәліметінше, Түркияда 50 500-ден астам адам құрбан болды. Сирияда 8 476 адам көз жұмды деп есептеледі.

Халықты қырған жойқын зілзалалардан кейін біраз ел өз астаналарын көшіруге мәжбүр болды. Кавказдағы көптеген күйретуші жер сілкіністерінен кейін Армения өз тарихында астанасын екі рет ауыстырды: бастапқыда Двиннен Аниге, содан соң Аниден Ереванға.

Тым көп тұрғынның жер сілкінісінен жантәсілім етуі Әзербайжанды астанасын Шемахыдан (әзербайжанша Шамахы, Şamaxı) Бакуге көшіруге мәжбүр етті.

Жапония да осы себеппен ел астанасын Киотодан Токияға қоныс аудартты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырудың бір себебі ретінде жер сілкінісі қаупі аталды.  

Осының бәрі зілзаланың кез келген елді қаусатып кетер қасірет екенін көрсетеді. Оған Қазақстан қаншалықты дайын?

Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа өмір шындығын ескеріп, бұрынғы ескіргенінің орнына жаңа "Жойқын жер сілкінісі кезінде жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарын" әзірлеп шықты.

Ондағы алгоритмге сәйкес, зұлмат зілзала бола қалған жағдайда, ТЖМ күштері бірінші болып, алғашқы 30 минуттан кешіктірмей, төтенше жағдай аймағында алғашқы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, адамдарды құтқарып, эвакуациялауға кірісіп кетуі керек.

Бұл ретте ТЖ фактісі туралы Президент Әкімшілігін, Үкімет аппаратын, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесін және мүдделі меморгандарды "дереу" хабарландыруға міндетті болады.

ТЖМ оқиға орнына, зардап шеккен қалалар мен елді мекендерге азаматтық қорғау күштері мен құралдарын дереу, жедел бағыттап, жұмылдыруы және басқаруы шарт.

Лезде фейктер тарап, қоғамда дүрбелең туып, тұрақсыздыққа соқтырмауы үшін уәкілетті орган 1 сағаттан кешіктірмей, барлық қол жетімді ақпараттық-коммуникация құралдары арқылы "қалыптасып жатқан жағдай туралы халықты, азаматтық қорғау, басқару органдарын құлағдар етуі" қажет.

Республикалық жедел штабты құруға, сондай-ақ туыс-туғанын іздеп, аңыраған халыққа анық ақпарат беретін, шағым-мұңын тыңдайтын "қауырт желіні" ұйымдастыруға жұмыс уақытында – 1 сағат, жұмыстан тыс уақытында, демалыс күнінде болса, 2,5 сағат мерзім беріледі.

Жауапты құрылымдар 2 сағат ішінде төтенше жағдайдың ықтимал дамуына бағалау жүргізіп, оқиғаның өрбу сценарийлерін түзуге, жағдай туралы дерек жинауға кірісуге тиіс.

2 сағаттан соң Төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша мемлекеттік Ведомствоаралық комиссия (ВАК) бірінші отырысын өткізуі керек.

Осы кезде Жаһандық не өңірлік ауқымдағы ТЖ жариялау және төтенше жағдайды жою басшысын тағайындау туралы Премьер-министрдің өкімі дайындалып, қол қойылуы қажет.

Зілзала аймағындағы зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсететін далалық мобильді госпитальдер 2 сағат ішінде өрістетілуі шарт.

Осы екі сағаттағы шараларға сондай-ақ:

  • инфекциялық және паразиттік аурулармен байланысты ТЖ аймағында санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу;
  • жер сілкінген қаладағы архивтерден, музейлерден, басқасынан қымбат материалдық, мәдени жәдігерлерді, құндылықтарды басқа қалаларға шұғыл эвакуациялау;
  • зардап шеккен халықты азық-түлікпен және бірінші кезектегі қажетті заттармен қамту және басқасы жатады.

Жер сілкіністері жерасты қыртыстарында тұнып жатқан радиоактивті заттарды жер бетіне шығарып, шашуы мүмкін. Сондықтан 4 сағаттан кешіктірмей, құзырлы құрылымдар "Радиациялық және химиялық барлауды" бастауға міндетті.

ТЖ жарияланған аймаққа басқа өңірлерден авариялық-құтқару қызметтерін және құрылымдарын жеткізу көп ұзатпай, 48 сағатта жүзеге асырылғаны жөн.

Алгоритмде еріктілерді, қоғамдық бірлестіктерді төтенше жағдай салдарын жоюға жұмылдыру, көрші мемлекеттерді қалыптасқан жағдай туралы хабардар ету, жерлеу орындарын дайындау, мемлекеттік материалдық резервтің және ТЖМ жедел резервінің материалдық құндылықтарын броньнан шығарып, жұмсау сияқты көптеген шара көзделген. Бірақ олардың мерзімдері қатаң шектелмеген, тіпті белгіленбеген.

Мысалы, қазақстандық Сыртқы істер министрлігі қажет болса, шет елдерге және халықаралық ұйымдарға хабарласып, гуманитарлық және өзге де көмек көрсетуді сұрайды, жағалай жылу жинайды.

Мұның бәрінің мерзімдерін штаб белгілейді.

Зілзала эпицентріне жақын жатқан, бірақ ТЖ аймағын тыс өңірлердің бәрі құтқару шараларына тартылады. Көрші облыс-қалалардың әкімдері үшін жеке алгоритм әзірленді.

Олар 1,5 сағаттан қалдырмай, өзіндегі азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын жоғары дайындық режиміне көшіреді. ТЖ аймағына жіберілетін күштер мен құралдардың және оларды тасымалдайтын көліктің саны мен түрін нақтылайды.

Бұған қоса, 24 сағат ішінде жедел топтарды қалыптастыруға, іргелес өңірден эвакуацияланатын халықты уақытша орналастыру пункттерін дайындауға тиіс. ТЖ аймағына азық-түлік, дәрі-дәрмек, дезинфекция заттарының, жеке қорғаныш құралдарының, киім-кешек, бірінші кезектегі заттардың жеткізілуін ұйымдастырады. Гуманитарлық көмекті қабылдау және жіберу пункттерін, қоймаларын сайлайды.

Алматыда не жоқ, ШҚО-да не жоқ?

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыда жойқын жер сілкінісі бола қалса, қандай көмек тез келе алатынын алдын ала хабарлады. Бірден айта кетелік, тұрғындарының саны 2,3 миллионға жуықтаған мегаполис үшін көмек көп емес көрінеді.

Соның ішінде ТЖМ-ның өзі елдің ең ірі қаласына небары 312 маманы мен 99 техникасын, Ішкі істер министрлігі – 2 377 адамы мен 294 техникасын, Көлік министрлігі – 175 адамы мен 67 техникасын және 5 әуе көлігін, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 70 адамы мен 22 техникасын, Энергетика министрлігі – 18 адамы мен 8 техникасын, Денсаулық сақтау министрлігі – 85 маманы мен 39 медициналық көлігін, Алматы қаласының әкімдігі – 13 371 адамын, 4 060 техникасын, 3 темір жол көлігін және 2 әуе көлігін ғана аттандыра алады.

Сонда 16 616 адам, 4 648 техника, 7 әуе көлігі салыстырмалы түрде алғанда шұғыл түрде көмекке келуге қауқарлы.

Қалған жәрдем өзге облыстардан – 1-ші, 2-ші, 3-ші эшелондар бір-екі тәулік ішінде жете алатын көрінеді.             

Айтқандай, таяуда жер тербелісін сезінген Шығыс Қазақстан облысында шұғыл жететін көмек бұдан да аз көрінеді.

Өңірге ТЖМ – 201 адамы мен небары 50 техникасын, Ішкі істер министрлігі – 630 адамы мен түрлі 109 техникасын, Көлік министрлігі – 651 адамы мен 89 ғана техникасын, АШМ – 1 237 адамы мен бульдозер, трактор сияқты 347 ауыл шаруашылығы техникасын, Қорғаныс министрлігі – 520 жауынгері мен 15 техникасын, Энергетика министрлігі – 50 адамы мен 16 техникасын, Денсаулық сақтау министрлігі – 289 маманы мен 34 медициналық машинасын ұсынуға мүмкіндігі бар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің өзі әрі кетсе, 3 438 адамы мен 867 техникасын бағыттай алады.

ШҚО-да жандәрмен көмекке ұмтылатын бірде бір арнайы ұшақ пен тікұшақ жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу