Елорданың тұрғыны Әмірхан Жақсылықұлы бастан кешкен оқиға өзгелерге сабақ болса керек. Ол жердегі "смартфонды" аламын деп, сау басына сақина тілеп алды. Қазіргі кезде ұлын арашалауға тырысып, шешесі шыр-пыр болып жүр. Оның "тауып алдым" дегеніне еш шүбәсіз сенетін ана тұйыққа тіреліп, діңкесі құрып, шарасыз күйге жеткенін айтады.
"Ұлым Әмірхан таяуда, 23 қазанда жұмысынан шыққан жолда ұялы телефон тауып алады. Түрткілеп көрсе, қосылмайды. Бұғатталып тасталған. Содан бұғаттауынан айырып, ішіне өз атына тіркелген сим-картаны салады. Ондағы ойы – иесі іздесе, кім тауып алғанын білсін депті. Алайда бірнеше күн бойы ешкім хабарласпаған", – дейді Жанна Балахметова.
Дегенмен, 27 қазан күні Әмірханның жұмыс орнына елорданың Байқоңыр ауданының ішкі істер қызметкері жетіп келеді.
"Полиция капитаны Сатай ұлымды былай алып шығып, жеке бөлмеге кіргізіп, қорқытып-үркіте бастайды. Оған моральдық-психологиялық қысым көрсеткен. Ұлым смартфонның өзінде екенін жасырмағанын және иесі келе қалса, бірден бере қоюға дайын болмағанын айтқан, мұны тіпті елемепті, тыңдағысы да келмеген. Осыдан кейін полиция қызметкері ұлымды ертіп, Байқоңыр аудандық ішкі істер басқармасына барады. Сол жерде қайтадан ұлымды қыспаққа алады. Капитан Сатай мен тергеуші Нұрбалиев екеуі балағат сөйлеп, бас бостандығынан айырылатынын айтып үрейлендірген. Олар осы арқылы ұлымды жасамаған қылмысты – ұялы телефон ұрлығына қатысты айыпты өз мойнына алуға мәжбүрледі. Менің ұлым ешқандай ұрлық жасаған жоқ", – дейді ана.
Ол осы істі жеке бақылауына алуды сұрап, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа хат жазды. Онда іс материалдарын осы күйде сотқа жолдамай, қосымша тергеу амалдарын тағайындауды, Әмірханнан айыптауды алып тастауды, "оның ұлының аталған қылмыстық іске қатыстылығы туралы қаулының күшін жоюды" сұрайды.
Егер арыз иесінің айтып отырғаны рас болса, тергеушілер күшке салып, жасамаған қылмысын мойнына қойса, ал сот жазықсызды жазаласа, онда шын қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтарып кетпек.
ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев өз блогында Нұр-Сұлтанның полиция департаменті қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы азаматшаның шағымы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қарауына бағытталғанын хабарлады. Ішкі істер министрлігі солар бір процессуалдық шешім қабылдар дейді. Шыны керек, бұл бюрократиялық "футболдың" бір түрі сияқты. Себебі, әдетте антикоррупциялық орган "жемқорлық фактілері анықталмады" деп кері қайтарады.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 100, 105 және 106-баптарының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне және шешiмдерiне өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын тұлғалар берген шағымдар тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының бастығына, прокурорға немесе сотқа беріледi", – деп заңнамадан үзінді келтірді министр.
Әрине, көрсеқызарлық танытпағанда, бөгденің жоғалған мүлкін қалтасына баспағанда, Әмірхан мұндай бәлеге қалмас еді. Енді оның тағдыры не болатыны белгісіз. Оқиғаның одан әрі өрбуі адвокатының біліктілігіне, судьяның әділ төрелігіне байланысты болса керек.
Кейінгі кезде ұялы телефон ұрлығы туралы дерек көбейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында спирттік ішімдікті бірге ішкен азамат танысының 120 мың теңге тұратын телефонын жымқырып кеткен. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру барысында күдіктіні бірден ұстады: ол бұрын бірнеше рет осы қылмысымен қолға түскен кәнігі ұры екен. Күдікті кінәсін мойындады, алайда ұрлаған ұялы телефонды басқа біреуге 20 мың теңгеге сатып жіберіпті. Егер айыбы мойнына қойылса, Қылмыстық кодекстің "ұрлық" деп аталатын 188-бабы бойынша 3 жылға сотталып кете баруы мүмкін. Егер судья қайырымдылық танытса, 1 мың АЕК (2 млн 778 мың теңге) айыппұлмен құтылады.
Бұдан бөлек, елордада жәбірленушінің телефонын қолды етіп, жанталаса ломбардқа тапсырып үлгерген ұры ұсталды. Сәнқой әйел "шопинг" жасап, заттармен елігіп жүргенін байқаған қылмыскер оның сөмкесінен байқатпай, қымбат Vertu маркалы ұялы телефонын суырып алған. Бір қызығы, салтанатты Vertu смартфоны бар әйел, өзінің айтуы бойынша, "Шапағат" базарының жанында орналасқан сауда нүктесінен азық-түлік сатып алып жатыпты. Бұл маң ұрылар құрбанын торуылдайтын орындардың бірі екені мәлім. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні анықтап, кісендеді. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жаза тартқан 23 жастағы азамат болып шықты. Күдікті өз әрекеттерін мойындады, бірақ ұрлағанын қайтара алмаған. Оны ломбардтан іздеу керек. Судья айыпты деп таныса, ол да 188-баппен сотталуы ықтимал.
Күні кеше бір жас жігіт елордада бөтен біреудің телефонын ала қашқан. Ол да ұсталды. Алдымен ол жәбірленушіге өтінішпен жолығып, шұғыл қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын бере тұруын сұраған. Жәбірленуші сол кезде мас күйде болыпты. Дегенмен, мейірімділік танытып, бейтанысқа көмектеспекке ниеттеді. Ол болса, смартфон қолына тие сала, көшенің бойымен тұра қашқан.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, кейінгі кезде баюдың осы заңсыз көзіне бұрын сотталмаған адамдар да әуестене бастапты. Өкінішке қарай, бұл қылмыс ұрлықтан жаман жазаланады: мысалы, жақсылыққа залымдықпен жауап берген, мас адамның "қалтафонын" алып кеткен 21 жастағы әлгі жап-жас жігіттің үстінен Қылмыстық кодекстің "тонау" деп аталатын 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл бап 4 жылға дейін түрмеге отырғызуды қарастырады.
Демек, оны ұрлықтан жаман қорлық күтіп тұруы ғажап емес.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!