"Жерді сату Отанды сатумен тең" – Солтүстік Қазақстандағы дау

2799

Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш, Светлое және Бірлестік – Солтүстік Қазақстан облысындағы осы бес ауылдың жеріне қатысты қазір ешқандай дау болып жатпаған секілді.

"Жерді сату Отанды сатумен тең" – Солтүстік Қазақстандағы дау

Олардың егін алқабы мен жайылымын сенімгерлікпен басқаратын компания басшылығының ауызша түсіндіруі, прокуратура, Әділет министрлігі, Жоғарғы сот, облыс әкімдігінің жазбаша берген ақпарларынан да ушыққан ештеңе байқалмайды. Бұл жақта жай ғана үлкендер ойын ойнап жатқан тәрізді көрінеді.

Inbusiness.kz тілшісі 2017 жылдан бері әлі шешілмей келе жатқан мәселенің қазіргі жай-күйі қалай болып жатқанын баяндайды.

"Ауданға барса, ауызын жауып тастайды"

"Кісілер қазір жемді сатып алып отыр. Арпаның тоннасы – 100 мың. Бір сиырын сатып, бір жарым тонна жем алады, сонымен екі сиырын асырайды. Малы көп болса, тіпті шығындалады. Жемге ғана 600-700 мың беріп жатқан кісілер бар", – дейді Дәуқара ауылының тұрғыны Шомат Киманов. 

Халық мал азығын баяғысынша паймен алғысы келеді.

"Бұрын, мысалы, 10 гектары бар адам бір тонна жем алатын. Гектарына 100 келіден беретін. Содан азайды, азайды... осындай жағдайға түстік. Былтыр жартылай алдық, биыл мүлде алмадық", – дейді Киманов.

Жазға салым, тұрғындар сөзіне сүйенсек, компания ішінара арпа еккен, бірақ шығымы болмаған. "Неге екені тағы белгісіз...".

"Халық қайда барады? Ауданға барса, ауызын жауып тастайды. Астанаға баруға жағдайы жоқ", – дейді тұрғын Бақыт Қазыбекова.

Халық (226 адам) адвокат жалдап, экономикалық сотқа арыз берген.

"Заң жолымен пайға қол жеткізсек дейміз. Жерді сатқызғымыз келмейді. Жерді сату – Отанды сату деп ойлаймын. Егер біреу сатып алып, оған миллиард салатын болса, бізбен сөйлеспейді де ғой. Мысалы, өзің осы жерді сатып алып, соншама ақшаңды шығындасаң, халыққа пай бересің бе", – деп қарсы сауал қояды Киманов.

Жаза тағайындалған жоқ

Бес ауыл халқының (жиыны 864 пайшы – ред.) 42 гектардан астам жерін сенімгерлікпен басқарып отырған компания "Жарқын-СК" деп аталады. Компанияның бұрынғы басшылығы пайшылардың атынан "жалған қол жинап", жерлерді кепілдікке қойып, қомақты қарыз алған. (Әділет министрлігі "Жарқын-СК"-ның берешегі 692 миллион теңгеден астам екенін көрсетеді).

"Тәртіп бұзылған жиналыстағы (жалған қол жиналған жиналыс – ред.) шешім жарамсыз деп танылды", – деп жазбаша жауап береді СҚО прокурорының міндетін атқарушы Әбу-Әли Саттар.

Дегенмен алынған несие қайтарылмады. Заңсыз әрекет еткен компанияның бұрынғы басшыларына қатысты жаза әлі тағайындалған жоқ. Прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру (Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша) жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Компанияның бұрынғы директоры қазір қайда және оған қатысты іс неге ұзаққа созылып жатқаны туралы Полиция департаментінен қысқа мерзімде жауап алу мүмкін болмады.

"Қарызды өндірумен айналысатын Жеке сот орындаушысы өндіріп алу бойынша барлық мәжбүрлеу шараларын қабылдады. Оның өкілеттігі борышкердің мүлкін анықтау, оны бағалау және өткізу жөніндегі іс-әрекеттер жүзеге асырумен шектеледі", – дейді Әбу-Әли Саттар.

Дегенмен осы аралықта "Жарқын-СК" өзін банкрот деп жариялап үлгереді. Не себепті жабылғаны туралы қолымызда толыққанды мәлімет жоқ екенін айта кетейік.

Ақыры жағдай ушыққан соң жеке сот орындаушысы кепілдегі жерлерді сатылымға шығаруға қаулы шығарады. Несие беруші мекеме қарызды осылай қайтарып ала алатын еді. Бірақ бұл әрекет халықтың наразылығын туғызды. Сондықтан қазір аукционға уақытша тыйым салынып тұр.

"Екі жақта ойнап отыр"

"Жарқын-СК" компаниясын былтыр Мәжит Маратұлы есімді азамат сатып алған. Біз онымен телефон арқылы тілдестік.

"Біріншіден, 2020 жылы ақпанда жерді сатып алуды ойлағанымызда пандемия болмаған. Жұмыс істеп кетеміз деп ойладық. Екіншіден, кейін жерді аукцион арқылы сатуды облыс әкімі мен облыс прокуроры қозғап отырғанын білдім. Олар халық алдына барғанда "көмектесеміз" деп айтады, бірақ мына жақта прокурор сот орындаушыға жерді сатуға шығару туралы тапсырма беріп отыр. Екі жақта ойнап отыр", – деген пікір айтады Мәжит Маратұлы.

Ол өзінің заңгері заң жолымен жұмыс істеп жатқанын айтады. Компания басшылығы Жеке сот орындаушының мүлікті сатуға шығаруын заңсыз деп есептейді. Әділет министрлігінің ақпарына сүйенсек, олардың Жеке сот орындаушының іс-әрекетіне түсірген шағым қазір сотта қаралып жатыр.

"Аукционды біз шағым түсіргеннен кейін тоқтатып қойғаны мәлім", – дейді Мәжит Маратұлы.

Ал ол компанияның бұрынғы басшысына қатысты іс туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді. 

Тек қана сот...

Айта кетейік, "жалған қол жинады" делінген бұрынғы директорға қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатқандықтан, ешкімнен пікір алу мүмкін емес. 

"Берешекті өндіріп алумен байланысты даулар тек сот тәртібімен шешіледі. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық Заңының 1-бабына сәйкес, прокуратура органдарының сот төрелігін іске асыруға араласуға құқығы жоқ. Шартты жер үлестерін пайшыларға қайтару және "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамының алдындағы қарызды өтеуді өзгерту мәселелерін шешуді тек сот жүзеге асырады", – дейді СҚО прокурорының міндетін атқарушы.

Жоғарғы сот та жазбаша жауабында дәл Конституциялық заң бабын қайталайды.

Жоғарғы Соттың құқықтық ұстанымы "нақтылы істі қарау кезінде заңмен көзделген процестік нысандарда" ғана білдірілуі мүмкін екенін жазады. Апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болатынын еске салады. 

"Іске қатысушы тараптар сот актілерімен келіспеген жағдайда шағымдану мерзімін сақтай отырып, Қазақстан Республикасы АПК-нің 441-бабының талаптарына сәйкес ресімделген өтінішхатпен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінуге құқылы", – делінген Жоғарғы сот жауабында.

Тұрғындар сөзіне сүйенсек, қазір "қаражат тауып жерді сатып аламыз, халыққа пай береміз" дейтін белсенді азаматтар шыққан. Бірақ тұрғындар "оларға да иланып отырмағанын" айтады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу