Жетеудің үшеуі ІРО-ға беттемек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5215

"Қазақтелеком", "Қазатомөнеркәсіп" және "Air Astana" ұлттық компаниялары ІРО-ға шығарылады.

Жетеудің үшеуі ІРО-ға беттемек

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "Қазақтелеком"-ның акцияларын 2018 жылдың І жартыжылдығының соңына дейін орналастыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, "Қазатомөнеркәсіп" пен "Air Astana" компанияларын ІРО-ға дайындау жұмыстары осы жылдың IV тоқсанында аяқталуға тиіс.  

"2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 29 актив бойынша сауда-саттық жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте, 7 ірі ұлттық компанияны жекешелендіруге баса назар аударылуда. Оның үшеуі ІРО-ға шығарылуы мүмкін. Қазір оларды ІРО-ға дайындау жұмыстары жүргізілуде. Түпкілікті орналастыру мерзімі компанияның қаржылық жағдайын, макроэкономикалық ахуалды, шикізатқа деген әлемдік бағаны ескере отырып айқындалатын болады. Сонымен қатар, "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго", "Қазпошта" және "Қазақстан темір жолы" компанияларына қатысты ІРО-ның түйінді параметрлерін айқындау жұмыстары жүргізілуде", – деді үкімет отырысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры Нұрлан Рахметов.

Нұрлан Рахметовтың айтуынша, бүгінгі таңда "Самұрық Қазына" тобынан жалпы активтердің 145-і немесе 67%-ы шығарылған. Оның ішінде 2017 жылы 33 активті сату келісімшартына қол қойылған. 2016-2017 жылдары барлығы 81 актив сатылған. Ал сатып алу және сату шарттары бойынша жалпы сома 356 млрд теңгені құрады. 64 актив таратылу үшін қайта ұйымдастырылуға жіберілген.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын ІРО-ға дайындау шеңберінде Павлодардағы, Атыраудағы және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары жекешелендіріледі. Жалпы, ұлттық компаниялар бойынша 14 актив мақұлданған. Атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-нан 5 актив ("Қазтеміртранс" АҚ, "Жолаушылар тасымалы" АҚ, "Жүк тасымалы" АҚ, "Вагон сервис" АҚ және "Қала сыртындағы тасымал" АҚ), "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-нан 7 актив ("Урухтау Оперейтинг" ЖШС, "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС, TH KazMunaiGas N.V., "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС, "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, KMG Automation ЖШС және "Теңіз Сервис" ЖШС) және "Қазақтелеком" ҰК" АҚ-нан 2 актив ("Нұрсат+" ЖШС және "КТ-АйИкс" ЖШҚ) мақұлданды.

Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, 2017 жылдың 1 қаңтарында жекешелендірудің кешенді жоспарына 780 ұйым тіркелген. Жоспар былтыр 168 ұйыммен толыққан. Ал 46 ұйым жекешелендіру жоспарынан алынып тасталды. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кешенді жоспарда 902 ұйым тұр. Яғни, көрсеткіш 122 компанияға немесе 16%-ға өскен.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрінен 2016-2017 жылдары жүргізілген инвентаризациялау жұмыстарының нәтижесінде қатарға жаңа компаниялардың қосылған-қосылмағанын сұрады. Тимур Сүлейменов бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

"Инвентаризациялау жұмысы аяқталды емес пе?! Ендеше неліктен кешенді жоспар тізімі толықтырыла береді? Біз бір жағынан қысқартып, екінші жағынан көбейтудеміз. Бүйте берсек, бұл жұмыс ұзаққа созылады ғой. Бұл бақылаудың жоқтығын көрсетеді", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жекешелендіру қолға алынған екі жыл ішінде кешенді жоспардағы 476 нысан сатылымға шығарылып, 367-сі сатылған. Жалпы сатылым бағасы 164 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, 255 нысан қайта ұйымдастырылып, таратылу сатысында. Қайта ұйымдастырылып таратылатын нысандарды есепке алғанда жекешелендірудің кешенді жоспары 71%-ға орындалған.

"2017 жылы 463 нысанды сатылымға шығару жоспарланған еді. Бұл жоспар 97%-ға орындалды. 289 нысан сауда-саттыққа шығарылып, оның 190-ы сатылды. 162 нысан қайта ұйымдастырылды. Енді олар таратылуға тиіс. 12 нысан белгілі себептермен 2018 жылға ауыстырылды. Қайта құрылатын және таратылатын нысандарды есепке алғанда, нысандарды сату 76%-ды құрады. 2017 жылы сатылмаған 99 нысан бойынша сауда-саттық рәсімдері 2018 жылы аяқталады. Ал былтыр жоспарға енгізілген республикалық меншік нысандары толығымен сатылымға шығарылып, олардың 80%-ы сатылды", – деп баяндады Бақыт Сұлтанов.

Өткен жылы 23 ірі нысанды сату көзделген екен. Оның ішінде ұлттық холдингтердегі 20 мен республикалық меншіктегі 3 нысан бар. Бүгінде олардың 11-і сатылды. 12 нысан бойынша сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде. Ірі нысандардың жалпы сату бағасы 61 млрд теңгені құрады. Бұл олардың баланстық бағасынан 20%-ға, бағалау құнынан 8%-ға көп. Осылайша 2017 жылы кешендік жоспардағы ірі нысандарды сауда-саттыққа шығару 97%-ды, ал сатылу көрсеткіші 76%-ды құраған.

"Кешенді жоспарды орындау барысында арнайы сараптама жүргіздік. Оның қорытындысында нысандарды сауда-саттыққа шығару қарқынының жоғары екені анықталды. 2017 жылы нысандарды сатылымға шығару өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артқан. Сондай-ақ, сату бағасы нысандардың баланстық құнынан 8%-ға көп. Сауда-саттықтың негізгі әдісі – аукциондық тендер. Оның үлесі 73%-ға тең", – деді қаржы министрі.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, жекешелендіру шарасына қызығушылық танытушылардың саны да ұлғайған. Бұл ретте, веб-порталдығы сауда алаңына кірушілер саны 12%-ға өсіпті. Сонымен қатар, сауда-саттықтағы бәсекелестік те артқан. 2016 жылы бір саудаға 3 қатысушыдан келсе, былтыр бір саудадағы орташа қатысушылардың саны 4-5 тұлғаны құраған.

Кесе-көлденеңдеген проблемалар да жоқ емес.

Біріншіден, кейбір сатушылар заң бұзушылықтарна жол берген. Яғни, сауда-саттық арасындағы 20 күндік интервал сақталмайды. Мәселен, "Маңғыстау АгроСервис" ЖШС-на қатысты қазан және қараша айларында екі сауда-саттық өткізілген екен. Ал үшінші шара толықтай ұйымдастырылмаған.

Екіншіден, жекелеген әкімдіктер жекешелендіруге жатқызылған нысандардағы мемлекеттің қатысу үлестерін негізсіз бөлшектеген. Өз кезегінде бұл сатылымның нәтижелеріне кері әсерін тигізуде. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мұндай фактілер Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.

Үшіншіден, кейбір сатушылар сату алдындағы дайындықты және нысанды бағалау жұмыстарын тым ұзаққа созып алған. Осының салдарынан нысанды сауда-саттыққа шығару мерзімі кешіктірілген. Мәселен, Өскемендегі серіктестіктердің бірін бағалау жұмысы төрт ай бойы жүргізілген екен.  Дәл осындай себептерге байланысты коммуналдық меншіктегі 7 және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 5 нысанына қатысты сауда-саттық кешіктірілген.

Төртіншіден, 2016 жылы Бақытжан Сағынтаев үкіметке нысандарды жекешелендіруден алып тастау туралы өтініштерді жолдауды доғару туралы тапсырма берген болатын. Мұндай өтініштердің саны азайған жоқ. Керісінше көбейе түскен.  

Бесіншіден, үш сатылымның нәтижесі бойынша сатылмаған нысандарды тарату туралы шешім уақытылы қабылданбайды. Мәселен, 2017 жылы 7 нысанды тарату бойынша шешім шығарылмаған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу