Жетім балаларды бағуға алған отбасыларға төленетін жалақы күрт азайды

1784

Елде тастанды балаларды бағып-өсіру саласына реформа жүргізіліп жатыр. 

Жетім балаларды бағуға алған отбасыларға төленетін жалақы күрт азайды Фото: exk.kz

Халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, мемлекет әр баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын қамтамасыз етуге міндетті.  

Ал Қазақстан тәуелсіз даму жолына түскелі елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыда тәрбиелеудің 4 түрі, нысаны: бала асырап алу, қорғаншылық-қамқоршылық, патронаттық тәрбие және асырап алушы отбасы қалыптасты.

Бұл ретте "Ана үйі" қоғамдық қоры сияқты жетім балаларды азаматтардың отбасыларына орналастыруға жәрдемдесетін ұйымдар да жұмыс істейді.

Ал ата-анасыз балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық қолдау, яғни асырауға арналған жәрдемақылар, тіпті жалақы төленеді.

Осының нәтижесінде балалар үйлерінде тәрбиеленушілердің жалпы контингенті азайды. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2017–2021 жылдар аралығында жетімханалардағы балалардың саны 32%-ға – 6 223-тен 4 244 балаға дейін қысқарды. Сонымен бірге балалар үйлерінің саны да 138-ден 89-ға, яғни 36%-ға қысқарды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Алайда қабылданып жатқан шаралар баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыруды толық қамтамасыз етпейді. Балалар үйлерінде ауыр сырқаттары бар балалар, сондай-ақ бауырлары бар балалар қалуда", – деп хабарлады министрлік.

Заң бойынша ағайындыларды ажыратуға болмайды. Ал отбасылар бірден бірнеше баланы алуға қызығушылық таныта бермейтін көрінеді.

Осыған байланысты министрлік салада жаңа реформа жүргізіп, "патронаттық тәрбиенің" форматын өзгертіп, оны "патронаттық кәсіби отбасына айналдыруға" кірісті.

Бірақ саладағы жаңашылдықтар патрон отбасыларға ұнамай отыр. Содан "жалдамалы" аналар өз мәселесін жария етуге мәжбүр болыпты.

Мысалы, Павлодар облысындағы патронаттық тәрбиешілер Үкімет мүшелеріне ұжымдық хат жолдады. Онда олар жалақыға қатысты туындаған мәселелерді шешуді сұрады.

"Түсіндіре кетсем, біздің мәртебеміз бұған дейін мемлекеттік мекемелердегі тәрбиешілермен тең болып, солардың санатына жатқызылғанбыз. Тиісінше, біздің жалақымызға ауылдық және республикалық үстемеақылар қосылып келді. Бірақ биылғы 2022 жылдан бастап бізге берілетін сол үстемеақылардың бәрін алып тастады. Шенеуніктер "енді сіздерге үстемеақы төлеуге рұқсат етілмейді" деп қысқа қайырды. Біз қазір не тәрбиешілерге, не азаматтық қызметшілерге жатпаймыз. Салдарынан, бізге ең төменгі жалақы (70 мың теңге) көлемінде ғана еңбекақы төлене бастады. Біраз патронаттық тәрбиеші оны да ала алмайды", – деп түсіндірді аналар атынан Динара Әлиғазина.

Шенеуніктер әр жетім балаға мемлекет онсыз да жәрдемақы төлейтінін алға тартады екен. Дегенмен, патронаттық отбасылар өкілдері қазіргі қымбатшылық заманында "ол қаражат азық-түлікке әзер жететінін" айтады.

"Сондықтан балалардың киім-кешегіне, мектепке арналған керек-жарақтарына, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызметтер ақысына шығыстар дәл сол ай сайынғы жалақыдан төленетін. Еңбекақыға үстемеақылар қоса төленіп тұрған кезеңде еш шағымданған жоқпыз, барлығына жеткізуге тырыстық. Енді ең төменгі жалақы қымбатшылық кезеңде бала мұқтаждықтарын өтеуге жетпей жатыр. Бұл аз болғандай, 2022 жылғы қазан айынан бастап, бізге берілетін зияндылық үшін ақыны алып тастады. Сөйтіп, 16 мың теңгеге тағы кемитін болды. Себебін ешкім түсіндірмейді. Балалардың тәрбиесімен отырған аналарға, әсіресе, ауылда жұмыс табу, бизнес ашу қиын", – деп қапаланады патронаттық аналар министрлерге ашық хатында.

Әрине, осыдан кейін асырауындағы жетім балаларды жетімханаға қайтаратындар да табылуы мүмкін. Бірақ аналардың көбі ары қарай бағуын жалғастырмақ. Тек ол балаларға жасалған жағдай, отбасылардың тұрмыс сапасы нашарлай түсуі ықтимал. 

Мария Анафина шенеуніктердің бұл қысастыққа дәл Балалар жылында барғанына қынжылыс білдірді.

Павлодар облысының білім бөлімінің түсіндіруінше, құзырлы органдар тәрбиешілерге үстемеақы төлеу арқылы білім ведомстволарының талапты, яғни Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" №1193 қаулысын бұзып келгенін анықтапты.

Бұл құжаттың 18-қосымшасына сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін 10% үстемеақы төленеді.

Алайда өңірлерде білім бөлімдері патронаттық тәрбиешілермен мемлекеттік мекеме қызметкерлері ретінде еңбек келісімшартын бекітпеген.

"Бекіта алмайды да. Себебі патронаттық тәрбиешілер мемлекеттік мекемелерде істемейді және қызметкері емес. Тиісінше, оларға лауазымдық айлықақының 10%-ы көлемінде үстемеақы да төленбейді. Сонымен қатар, "Педагог мәртебесі туралы" заңына сәйкес, патронаттық тәрбиешілер педагог санатына да жатпайды", – деп түсіндірді білім бөлімі.

Бұрыннан тәрбиеші статусын пайдаланып келген аналар ендігі мәртебелері қандай екенін білмей дағдарған күйде. Кезінде шетелдің озық тәжірибесін көшіргенімен, шенеуніктер бұл істі солардағыдай, жете заңнамалық қамтамасыз ету жайына бас қатырмағаны белгілі болып отыр.

Сондықтан жетімдерге қамқор болған кәсіби аналар ел Үкіметі мен Парламентен заңнамадағы олқылықты түзетіп, патронаттық тәрбиешілерге не педагог мәртебесін беруді немесе азаматтық қызметшілер санатына жатқызуды сұрайды. Сонда бір жағынан, патронаттық тәрбиешілердің жалақысы өседі, екіншіден, мемлекет оларды бақылауға алып, мәртебесіне сай, жоғары талаптар қоя алады.

Оқу-ағарту министрлігі бүгінде ұлттық заңнамаға "білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді" қарастыратын жаңа заң жобасын әзірлеуде осыны ескерсе.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу