Жетім курсанттарға Президент көмектесе ала ма?

2162

Қауіпсіздік пен тәртіпке қорған болатындар қорғансыз қалмағаны жөн. 

Жетім курсанттарға Президент көмектесе ала ма?

Жетім балалардың көбі әскери қызметті таңдайды. Бұл байырғыдан қалыптасқан дәстүр. Қазіргі кезде де жетім балалар үшін әскер – "әлеуметтік көтерілу сатысы" десе болады. Яғни ол шен алып, лауазымды қызметке тұрып, қоғамда салмақты орны бар азаматқа айналуға жол ашады.

Бірақ әскери оқу орындарына түскен, әскери жолды таңдаған тастанды балалардың тиісті дәрежеде қамқорлық көрмейтінін мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері айтып жүр. 

Запастағы полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов Бiлiм және ғылым министрi Асхат Аймағамбетовке өтінішпен жүгінді. 2014-2019 жылдары ІІМ-нің Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын басқарған ол осы мәселемен жақсы таныс. Генерал биылғы көктемде "Егемен Қазақстан" газетіне "Жетім курсанттың жазығы не?" атты мақала да жазған болатын. Алайда онда көтерілген мәселелер шешімін таппағанын айтады. Мақалада әке-шешенің мейіріміне зар боп өсіп, мемлекетті паналаған жетім қыз, Қостанай академиясының түлегі Татьяна Водолазкинаның мәселесі көтерілген еді.

"Татьяна – тұлдыр жетім. Қостанай академиясына түскендегі жинаған балл көрсеткішінің жоғарылығын ескеріп, оны Ішкі істер министрлігі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы келісім негізінде РФ ІІМ-нің Краснодар университетіне оқуға жіберді. Қазір Т. Водолазкина ресейлік оқу орнының үшінші курсында оқып жүр. Осы жетім қыздың өз мемлекетіміз тарапынан да, шартқа сәйкес Ресей жағынан да бір тиын да әлеуметтік көмек алмағанын айтпақпын", – деп жазған болатын М. Қызылов.

ҰҚШҰ шартына сәйкес, курсанттың тамағы мен тұратын орнының ақысын қабылдаушы тарап, яғни Ресей өз мойнына алуы шарт еді, алайда Мәскеу бұл міндетін орындамапты. Оны өтеуден Қазақстан тарапы да бас тартады. Мирлан Ахмедияұлы осылайша, жетім курсанттың құқығы екі жақтан да бұзылып отырғанын айтады.

Бұл іс сотқа дейін жетті. Жетімнің әлеуметтік құқығының бұзылуы туралы азаматтық істі қараған Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық соты өз шешімімен Т. Водолазкинаның "Қазақстанның ІІМ-інен ақша өндіріп алу туралы" талап-арызын қанағаттандырмады. Айтқандай, оның "Астана" университетінде оқитын сіңлісі Екатерина Водолазкина тұл жетім ретінде әпкесі талап еткен әлеуметтік жеңілдіктердің барлығын мемлекеттен алады екен. Генералдың байламынша, апалы-сіңлілердің айырмашылығы – Татьянаның Ішкі істер министрлігінің оқу орнында курсант, ал сіңлісінің – азаматтық ЖОО студенті екенінде ғана.

"Киім орнына ақшалай өтемақы беру орынды"

"Бұл құқықтық-әлеуметтік мәселе тек Татьянаның ғана емес, сонымен қатар еліміздің ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктеріне ведомстволық бағынысты әскери, арнаулы оқу орындарына және шет елдердің ұқсас оқу орындарында білім алып жүрген жетім-курсанттардың бәріне тән. Солардың осы күнге дейін шешімін таппай отырған өзекті мәселесі. Қолымда, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың меморгандардың басшыларына 2021 жылғы 15 наурыздағы N21-1354 берілген бұрыштамасы бар. Онда Мемлекет басшысы "Өзекті мәселе, жүйелі түрде шешу керек" деп нұсқау беріпті. Бұл жазба осы өзекті мәселенің алдағы уақытта шешілетініне деген сенім мен зор үміт ұялатты", – дейді профессор Мирлан Қызылов.

Сонда ұсыныс қандай? М. Қызыловтың айтуынша, шетелде және елімізде оқитын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған курсанттар мемлекеттің толық қамқорлығына алынуы керек.  

Ол үшін "ҚР ішкі істер органдары қызметкерлеріне ақшалай ризықты, жәрдемақыларды және өзге де төлемақыларды төлеу қағидаларын бекіту туралы" ІІМ-нің 2014 жылдың 14 қарашадағы №808 бұйрығына өзгеріс енгізілуі қажет.

Алайда мұны Үкімет мүшелері қолдамай келеді.

"Талдау көрсеткендей, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан шыққан ІІМ оқу орындарының курсанттарына көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау білім беру ұйымдарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан шыққан студенттеріне көрсетілетін әлеуметтік көмекпен бірдей. Осыған байланысты министрлік қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді орынсыз деп санайды", – деген еді былтыр БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова.

ІІМ Қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Рүстем Тұрсынбаев 2020 жылғы 7 шілдедегі хатында: "Үкіметтің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысында көзделген киіммен және аяқ киіммен қамту нормалары қайта қарауды қажет етеді. Сатып алынатын киім мен аяқ киімнің орнына өтемақы беру орынды. Алайда аталған қаулыда өтемақының мөлшерін айқындау тәртібі белгіленбеген" деп жауап қатты.

Дегенмен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев күш құрылымдарының оқу орындарында білім алып жатқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан шыққан курсанттарға берілетін киім, аяқ киім, жұмсақ мүкәммал мен жабдықтардың орнына ақшалай өтемақының белгілі бір мөлшерін белгілеуге қатысты Республикалық бюджет комиссиясына ұсыныс жолданғанын" мәлім етті.

Негізі, форма мен өзге де қажеттіліктер әскери оқу орындарында оқитын курсанттарға онсыз да бюджет есебінен тегін беріледі.

"Нысанды киімнің сыртында тұлдыр жетімнің басқа да қажеттілігі бар емес пе? Өйткені нысанды киім ІІМ оқу орындарындағы курсанттардың бәріне тиесілі. Ал әлеуметтік көмекте жетім баланың күнкөрісіне қажетті заттар мен киімге бағдарлануы қажет. Курсант-жетімдер жетімдіктің теперішін әлі де көруде", – дейді запастағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызылов.

Жалпы Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық соты "Ішкі істер министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен жіберілген бұзушылықты толығымен жоюға және бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қалпына келтіруге міндеттелсін" деген қорытындыға келіпті. Демек Президенттің бұрыштамасын ескерсек, жетім-курсанттарға әлеуметтік көмек беру мәселесі алда шешіліп қалуы ғажап емес.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу