Жол сапасы жөнінен Кения мен Танзанияны қашан басып озамыз?

1182

Қазан айында депутат Альберт Рау Мәжілісте өткен Үкімет сағатында республикалық маңызы бар жолдар мен жергілікті жолдардың сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді. Халық қалаулысы әлемдік рейтингке сүйене отырып, еліміз жол сапасының көрсеткіші бойынша Кения мен Танзаниядан кейін орналасқанын айтқан болатын.

Жол сапасы жөнінен Кения мен Танзанияны қашан басып озамыз? Фото: ЭкспрессК

Республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту, жөндеу мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілшілер сұрағына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құзырлы орган өкілдері жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, бұл рейтинг 2018 жылы жасалған. Спикер бұл қысқа мерзім ішінде республика аумағындағы жолдардың айтарлықтай бөлігі жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын атап өтті.

"Егер республикалық желі туралы айтатын болсақ, онда 25 мың шақырымның 12 мың шақырымындағы учаскелер 30 жыл ішінде қалпына келтірілді. Демек бізде 13 мың км ғана қалып отыр. Оның 4 мың километрін қайта құру арқылы қамтыдық. Біздің міндетіміз 2025 жылға дейін нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 100 пайызға, ал жергілікті жолдарда 95 пайызға дейін жеткізу болып отыр", - деді Төлеген Абдуллин.

Келесі мәселе – кейбір елдімекендерде жаңадан салынған жолдардың аз уақыт ішінде тоз-тозы шығып, сапасының сын көтермеуі. Елімізде салынған жолдың сапасына бақылау тиісті деңгейде жүргізіле ме? 

"Жалпы сапаға келер болсақ, бізде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бар. Республикалық маңызды жолдарда келісімшарт тікелей Автомобиль жолдары комитетімен жасалған. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда бізде келісімшарт облыстық және аудандық әкімдіктермен жасалады. Әкімдіктер бізбен (ред. - "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы") келісімшартқа тұратын болса, тексеру жүргіземіз. Әрине жергілікті жолдарда табылып жатқан ақаулар өте көп. Биылдың өзінде біздің ұсынысымызбен 2,7 млрд теңгеге салынған жолдар мердігердің есебінен қайта салынды. Жергілікті жерде қадағалау тиісті деңгейде емес. Себебі кейбір әкімдіктерде бізбен келісімшарттың болмауына байланысты бұл мәселе әлі де ашық қалады. Екіншісі – ауыр жүк көліктерінің тоқтау мәселесі. Кейбір жолдардың, соның ішінде жергілікті салынған жолдардың бір жылдан кейін бұзылу себебі оның үстінен ауыр жүк көліктерінің өтуіне тікелей байланысты", - деді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов.

Спикер тілшінің "Сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану жағдайлары кездесті ме?" деген сұрағына да жауап берді.

"Биыл 29 мың жол материалдарын тексердік. Соның 24%-ы сапасыз деп танылды. Оның ішінде сапасыз материалды ең көп қолданған жергілікті желі екенін атап өту керек. Соған байланысты ұсынымдар берілді. Әрбір салынған желіде сапаны тексеретін инженерлік компания болады. Соларға біз ұсынымдар береміз. Негізі сапаны қадағалайтын сол ұйым. Біз айына бір рет барып, тексеріс жүргіземіз. Бірқатар қадағалау мекемелеріне айыппұл салынып, лицензиясы тоқтатылды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады",  - деп атап өтті Замир Сағынов.

Айта кету керек, еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың км республикалық маңызы бар жолдар болса, ал 71 мыңы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, осы жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу