Жолаушылар дүдәмал күй кешіп жүр

1527

Тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге қатысты сұрақ көп. 

Жолаушылар дүдәмал күй кешіп жүр

Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктерді үлкен реформа күтіп тұр. Автобустар, шағын автобустар мен трамвайларда дифференциалды тариф енгізілмек. Бірақ бұған операторлар, жүргізушілер мен жолаушылар әлі дайын емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде Павлодар қаласында қоғамдық көліктердің барлығында жол ақысы – 80 теңге. Жергілікті билік осы жылдың желтоқсан айында дифференциалды тариф енгізіліп, қолма-қол ақша арқылы жүру ақысы 150 теңге болатынын хабарлаған еді. Ал күні кеше бұл мерзімнің келесі жылға шегерілгенін мәлімдеді. Бұған тұрғындардың көлік карталарын сатып алуға асықпауы себеп көрінеді. Облыс орталығында электронды билет жүйесі осы жылдың наурыз айында пилоттық режимде енгізілгелі бері тек 30 мыңға жуық карталар сатылды. Жолаушылардың басым бөлігі жаңа жүйеге көшуі үшін кем дегенде 60 мың карта өткізілуі тиіс. Сол себепті жаңа реформа тек келесі жылы жүзеге асатын болды.

Жаңашылдықтың мерзімі өзгергенмен, қазіргі күрмеулі мәселелердің шешілер түрі жоқ. Оған басты себеп – қоғамдық көліктерде бір емес, екі бірдей оператордың жұмыс істеуі. Нақтысын айтсақ, үлкен класты автобустар мен трамвайларда "Avtobys" карталары ғана жарамды. Ал шағын автобустар, трамвайлар мен жекелеген автобустарда жүру үшін "O-CITY" картасын алу қажет. Яғни бір жолаушы екі картаны қатар алып жүруі тиіс.

"O-CITY" картасының бағасы – 400 теңге. Бірақ оның ересектерге арналған түрі әлі сатылымға шыққан жоқ. Әлеуметтік топ өкілдеріне берілетін тегін, оқушылар мен зейнеткерлерге 400 теңгеден сатылатын карталары ғана бар. Ол бір ғана кеңседе сатылады. Оның өзі карантинге байланысты жабық тұр. Бұл жүйе бойынша қызмет көрсететін "BPC Kazakhstan" компаниясының басшылығы қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, 29 қараша күні бір-ақ іске кірісетінін хабарлапты.

"Avtobys" картасы 450 теңге тұрады. Оны да көпбалалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, мүмкіндігі шектеулер жандар, қысқасы тегін жүретін 14 санат өкілдері ақысыз алады. Ал картаны жоғалтып алса, екіншісін 450 теңгеге сатып алуға тура келеді.

Карталарды алу бір бөлек, оны пайдалану бір басқа. Өкінішке қарай, автобус кондукторлары мен шағын автобус жүргізушілері электронды билеттің қолданылуына қарсы. Сондықтан көп жағдайда мобильді валидаторларды жұрттан жасырып, стационарлы валидатор баптауларын өзгертпейді. Тіпті, кейбірі жолақысын жеке банк картасына аударуды сұрайды. Мұның "көлеңкелі" кәсіп екенін түсінбейтін сыңайлы.

"Трамвайларда 108 планшет орнатылып, кондукторларға 110 мобильді валидатор берілді. "№1 Автобус паркіне" 49 стационарлы және 80 мобильді валидатор қойылды. "Павлодар автокомбинаты" кәсіпорнына 50 стационар және 50 мобильді планшет тапсырылды. Трамвайлар мен "Павлодар автокомбинатына" қарасты автобустарда жолақысын электронды түрде төлеуде қиындық жоқ. Ал "№1 автобус паркінің" қызметкерлерімен байланыс орнату қиын болып тұр. Кондукторлардың дені оқу курстарына қатыспайды, тұрғындардан төлемді мобильді валидатор арқылы қабылдаудан бас тартады", – дейді "Смарт Автобус ПВ" ЖШС директоры Талғат Тоқтағанов.

Шыны керек, жолаушылардың басым бөлігі де карта сатып алып, мобильді қосымша арқылы аударым жасауға құлықты емес. Олардың кейбіріне қолма-қол ақша ұстата салғаны ыңғайлы. Айталық, алматылық институт 2015 жылы қоғамдық көліктердің жұмысын саралаған кезде жолаушылардан күніне 5 млн теңге түсуі тиіс екенін есептеген еді. Ол кезде жолақы қазіргідей 80 емес, 65 теңге болатын. Ал бүгінде ең көп дегенде 250 мың теңге ғана электронды түрде өтеді.

Оған қоса, жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар басшылығының қазіргі 80 теңгелік тарифке көңілі толмайды. Тіпті, "Павлодар облыстық көлікшілер одағы" қауымдастығының басшысы Василий Рудаковтың сөзінше, аталмыш қауымдастық тариф көтеру мәселесін назарға алмаған жергілікті әкімдікті сотқа бермек.

"80 теңгелік жолақы 2017 жылдың 1 желтоқсанында қабылданды. Содан бері бағалардың бәрі өзгерді. Осыдан төрт жыл бұрын дизель отынының бір литрі 138 теңге болса, қазір – 310 теңге. Қысқы дизель отынының бір литрінің бағасы 335 теңгеге жетті. Автобөлшектер шамамен екі есеге қымбаттады. Сондықтан 80 теңгелік жолақы шығындарды жабуға жетпейді. Билет бағасы кемінде 100 теңге болуы керек. Заңнамалық актілерде жанар-жағармай бағасы 10 пайызға қымбаттаған жағдайда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар тарифті көтеруге қатысты есепті жергілікті билікке ұсынуға құқылы екені анық көрсетілген. Тиісті ресми құжатты Павлодар қаласы әкімдігіне жолдадық. Оған "Тариф көлемін өзгерту мәселесі қарастырылмайды. Мұндай жауаппен келіспеген жағдайда сотқа арыз бере аласыздар" деген сипаттағы жауап алдық. Сондықтан сотқа шағым түсіреміз", – дейді В. Рудаков.

Сонымен қатар жергілікті билік жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындарға былтырдан бері 100 млн теңгелік өтемақыны бермей жүрген көрінеді. Жанар-жағармай үшін төленуі тиіс 189 млн теңге тағы бар. Бұл қарыздың кәсіпорындардың қолына қашан тиері белгісіз.

Тараптар арасындағы осындай талас-тартыстан тұрғындар зардап шегіп отыр. Жолаушыларға бірыңғай көлік картасының енгізілмеуі, кондукторлардың валидатоларды іске қоспауы, аударым арқылы ақы қабылдаудан бас тартуы қолайсыздық тудырады. Қай автобусқа қай компанияның картасын көрсетерін білмей тағы дал болады. Мұндай түсініксіз жағдай әлі біраз уақытқа дейін жалғасатын түрі бар. Себебі әкімдік көп өтемақы төлемеудің, автобус парктері табыстан қағылмаудың ғана амалын ойлап жүр. Жолаушыларға "жаны ашитын" ешкім жоқ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу