Жолда пара дәмететін полицейлермен күрес қайта басталады

6876

Қолданыстағы тәжірибе бойынша патрульдік полиция қызметкерлері пара сұрағаны үшін түрмеге қамалмайды екен, тәртіптік жазамен құтылып, "жемсауына" үш жылдан соң қайта орала алады.

Жолда пара дәмететін полицейлермен күрес қайта басталады

Кеңес кезінен бері ақша көрсе, көзі шырадай жанып, екі алақанын ысқылап шыға келетін МАИ қызметкерлері туралы анекдот көп айтылатын. Жолдағы нағыз "рэкетирге" айналған кейбір құқық қорғау органдарының қиянатынан әбден зәрезап болып, ашу-ызадан күйген қарапайым халық оларды амалсыз әзілмен осқылады.

Тәуелсіздік жылдарында Ішкі істер министрлігі жол полициясында жемқорлықпен күреске мән берді. Бірақ ол көбіне көзбояушылыққа ұқсады. Мысалы, біраз жыл бұрын Жол полициясы төрағасынан жемқорлықпен күрес, тамыр-таныстық және меритократия тақырыбында сұхбат алғанымыз бар. Ол кезде ведомство ІІМ-нің елорда орталығындағы еңселі ғимаратынан бөлек, қала шетіндегі ескі нысанда орналасқан еді. Әңгімелесу үстінде бастықты министрліктегі шұғыл жиынға шақырды да, ол сұхбатты машинада аяқтауды ұсынды. Жолай "жолпол" басшысының ұялы телефонына қоңыраулар түсе бастады. Қасында ақпарат құралының өкілі отырғаны есінен тарс шығып кетті ме, әлде арсыздық бойға сіңген бе, ол телефонның ар жағындағы адамға: "Айып етпеңіз, Бәке, ол креслоны басқа кісіге беруге уәде етіп қойдық!" деп ашығын айтты.

Кейін ІІМ басшылығы ауысып, жол полициясы жойылды, ол Әкімшілік полиция комитетіне біріктірілді.

Кейінгі жылдары жұртшылық арасында жолдағы жемқорлыққа қатысты пікірталас саябырсыды. Бірақ мәселені толық шешілді деуге болмайды. Алматы тұрғыны Айжан Сүйінғалиева бір жыл бұрын, 2021 жылғы мамырда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабына сәйкес, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылыпты. Бұл бап "жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны" үшін жазалауды қарастырады. Айжан "әділетсіздікке жолықтым" деп санайды. Неге?

"Әділетсіздік неде? Полиция қызметкерлері алкотесттен өтуден босату үшін алдымен пара талап етті. Оның көлемін олар телефонға теріп көрсетті. Олар сұраған сома 600 мың теңге болатын. Мен айыпты екенімді түсінемін және жауапкершіліктен құтылып кету үшін ақша төлеуге қарсымын, арым жібермейді. Өзім кінәлімін. Алайда бұл жағдай мені қатты жабырқатты. Демек, полицейдің сұрағанын берген адамдар ары қарай рөлге отырып, көлігімен қозғала беретін болғаны ғой?! Мен өзімді еш ақтағым келмейді. Тек құқық қорғау органдары мұндай қолы арам, ниеті таза емес қызметкерлерден арылса деген үміттемін. Жаңа Қазақстанда заң алдында бәрі тең болуға тиіс. Қолымен жасағанын мойнымен көтерсін", – дейді ол.

Айжан өз жазасын өтеді: арнайы қабылдауышта 15 тәулік отырып шыққан. 7 жыл бойы көлік жүргізе алмайды. Көлігін де сатып жіберіпті. Айыптыларға құқық қорғау органдарының өздері жазадан құтылып кетуді ұсынатыны оны қапаландырады.  

Айта кету керек, оның арызы бойынша Алматы қаласының полиция департаменті тек биылғы ақпан айында қызметтік тергеу жүргізуге кірісті. Нәтижесі әзірге белгісіз.

Дегенмен, жеңіл жазамен құтылуы ықтимал. Өйткені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнама бойынша, қазір арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік коррупциялық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілігі қарастырылмаған: "Әкімшілік кодекстің 32-бабының талабына сәйкес, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды".

Ол үшін тек тәртіптік жаза бар: жұмысынан қуылады.

"Әкімшілік кодекстің 32-бабының 1-бөлігіне сәйкес, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тиісті органдарда қызмет өткеру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сай ғана жауап береді. Яғни, әкімшілік жазаларды қолдану құқығына ие органдар осы аталған адамдарға әкімшілік жаза қолданудың орнына, кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға шешім қабылдауы үшін тиісті органдарға құқық бұзушылықтар туралы материалдарды беруге тиіс", – деп мәлім етті Антикор.

Осылайша, полицейдің қызметтік міндеттерін атқару кезінде кез келген әкімшілік қылмыс жасауы тек тәртіптік жазамен аяқталады.

"Соның кесірінен, әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасаған қызметкерлер тиісті жауапкершіліктен құтылып кетеді. Бұл коррупция үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатына нұқсан келтіреді. Мысалға, таяуда Шымкент қаласында патрульдік полиция қызметкері 2 мың теңге сыйақы алу үстінде қолға түсті. Бұл Әкімшілік кодекстің 676-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Материалдар кінәлі қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін Полиция департаментіне жолданды", – деп хабарлады Антикор.

Осы орайда құқық қорғау органдары қарапайым шенеуніктерге қарағанда, артықшылыққа ие екені байқалады. Өйткені мемқызметшілер әкімшілік жемқорлық іс-әрекет жасаса, 1500 АЕК-ке (4 770 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Бұған қоса, шенеуніктің осы қарекеті жұмыстан шығаруға негіз болып табылады.

Бірақ жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметші 3 жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайта қабылдануы мүмкін.

Бұл бір жағынан кемсітушілік болып есептеледі, себебі құқық қорғау қызметкерлері де "мемлекеттік қызметшілер" санатына кіреді. Ендеше барлығы арамза істері үшін бірдей жауап бергені жөн.

Осыған байланысты, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік коррупциялық құқық бұзушылықтары үшін де жауапкершілік белгіленуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу