Талдықорған қаласының тұрғыны Руслан Ерланұлы 6 қазан күні Алматыға келіп, көзіне ота жасатқан. Көптен жоспарлаған емі сәтті аяқталған соң, сағат 14:00 шамасында такси шақырып, Талдықорғанға қайтады. Өкінішке қарай, 27 жастағы жігіт үйіне жетпей, жолда қаза тапқан. Енді анасы ұлының өліміне кінәлі адам жазасыз қала ма деп уайымдайды.
Inbusiness.kz тілшісі әлеуметтік желіде көпшілікті дүрліктірген мәселенің мән-жайын білді.
Русланның анасы Анита Белгиеваның айтуынша сағатына 170 шақырым жылдамдықпен жүйіткіген көліктің жүргізушісі жолда ұйықтап кеткен.
Басқарусыз көлік алдымен Газельге, одан әрі казиноны жанай өтіп, жолдың ортасындағы бағанаға соғылып тоқтаған.
"Менің балам көліктің алдыңғы жағында отырғандықтан бар соққы басына тиіп, бас сүйегі сынып кеткен. Жүргізуші ұйықтап кеткенін мойындады. Ол өзін қорғау үшін жолаушы отырған жағын соққыға тосқан. Ауруханада баламның миына 4 сағат ота жасаған. Бірақ оны аман алып қалу мүмкін болмады", – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Баласының денесін Қапшағай ІІБ, аурухана мен Іле ауданындағы мәйітхана арасында сандалып жүріп әрең алдым деген ананың ендігі уайымы – кінәлі адамның жазасын алуы.
"Адам тасымалымен айналысатын жүргізуші жол ережесін бұзып, менің жалғыз ұлымды өлтірді. Әділдік болғанын, заңды, ережені бұзып, басқа адамның өмірін қиған адамның лайықты жазасын алғанын қалаймын. Бірақ қылмыскер жазадан құтылып кете ме деп қорқамын. Мен үшін қазір өте қиын, өзімді қоярға орын таппаймын, 5 күн болды ұйқы жоқ, тамақ ішпеймін. Бұл азап өмірімнің соңына дейін созылады", – дейді Анита Белгиева.
Ал Алматы облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша жол-көлік апаты 6 қазан күні 16:30-да Алматы-Өскемен тас жолының 71 шақырымында болған. 21 жастағы "Kia Cerato" көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай қарсы беттегі жүк көлігіне соғылған. 27 жастағы жолаушы қаза тауып, үш жолаушы Қапшағай қалалық ауруханасына түскен.
"Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды", – деп хабарлады облыстық ПД.
Анита Белгиева жазуынша қайтыс болған баласы ота жасату үшін банктердің бірінен 700 мың теңге несие алған.
"Өзімнің де 2 несием бар, ұлымның несиесі қосылса, қашан өз-өзіме келіп, төлей алатынымыды білмеймін", – деген ана қоғамнан көмек, адвокаттардан ақыл-кеңес сұрайды.
Біз аталған мәселе бойынша несие рәсімделген қаржы ұйымына хабарласқан едік. Екінші деңгейлі банк қызметкерінің айтуынша қайтыс болған адамның туыстарының бірі банкке келіп, қайтыс болғаны туралы анықтамамен бірге арыз жазуы керек.
"Арыз жазылып, тиісті анықтаманы ұсынса, несие шарты мен төлем, сыйақы уақытша тоқтайды. Ары қарай заң бойынша қайтыс болған адамның мұрагері анықталуға тиіс. Ол шамамен 6 ай уақыт алады. Ол кезеңде туыстары қарызын төлемейді. Банк несие бойынша ешкімді мазаламайды. Қайтыс болған адамның атында дүние-мүлкі болса, оның қарыздары да мұрагерлікке өтеді. Егер мұрагерлікке өтетін мүлкі болмаса, әдетте ондай несие банк тарапынан жабылады", – дейді банк қызметкері.
Алайда анасының басты уайымы ұлының өліміне кінәлі тұрғаның жазасын алуы. Тіпті бұл үшін ол бас прокуратураға арыз жазуға дайын.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша жол апатын жасаған жүргізуші ауыр дене жарақатымен ауруханада жатыр. Сауығып шыққан соң қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, сараптама нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданбақ.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!