ЖШС-нің жауапкершілігі шынымен шектеулі ме?

12611

Рустам Жүрсінов Жоғарғы Соттың алдына ЖШС иелерінің субсидиарлық жауапкершілігі туралы мәселе қойды. 

ЖШС-нің жауапкершілігі шынымен шектеулі ме?

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook-тегі парақшасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелерінің субсидиарлық жауаптылығы туралы заңдағы қайшылықтар жөнінде жазба жариялады. Серіктестіктің банкрот жариялауы қасақана ұйымдастырылған процесс екені дәлелденген жағдайда кредиторлар алдындағы қарызды қайтаруға компанияның мүлкі жетпесе, құрылтайшысы өз есебінен толықтыруы керек. Алайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы компанияға салған жарғылық капиталының көлемінде ғана қаржылай жауакершілік арқалайтынын меңзейтін заң нормасы тағы бар. Осы екі арадағы қайшылық пандемия мен дағдарыс қос бүйірден қысқан тұста елдегі бизнес-климатты нашарлатуы мүмкін. Қазірдің өзінде Рустам Жүрсіновке осындай проблема бойынша жүгінушілер бар көрінеді.  

"Компанияның банкроттық рәсімі кезінде кредиторлардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін оның құрылтайшылары мен менеджментінің субсидиарлық жауапкершілігі қарастырылған. Егер компанияның мүлкі оның қарыздарын өтеу үшін жеткіліксіз болса, серіктестік иелері өз мүлкі есебінен жауап беруі керек. Өздеріңіз білесіздер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жарғылық капитал үлестерге бөлінген. Бұл жерде ЖШС қатысушылары (меншік иелері) міндеттемелер бойынша тек өздері салған қаржы шегінде ғана ЖШС-нің қызметімен байланысты шығынға жауапты болады. Алайда банкроттық рәсімі аясында ерекше жағдайлар болуы мүмкін",  деп жазды уәкіл.

Яғни, серіктестіктің меншігінде қарызды төлеуге қажет мүлік болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда қалған берешек қатысушылардың жеке қаражаты есебінен өндірілуі мүмкін (оңалту және банкроттық туралы заңның 6-бабының 1-тармағы). 

"2020 жылдың І жартыжылдығында бірде-бір әкімшілік жаза қолданылмаған. Бұл әдейі банкроттық фактісі бойынша субсидиарлық жауапкершілікке тарту жағдайларының кең таралмайтынын білдіреді. Дегенмен, маған бизнес иелерінен оларға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізілмегеніне қарамастан, субсидиарлық жауапкершілікке тартылғаны туралы өтініштер түсіп жатыр",  дейді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабындағы 2, 4-тармақтарда бірқатар міндеттемелер көзделген. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда субсидиарлық жауапкершілікке ЖШС-нің лауазымды тұлғасы (басшы, оның орынбасары, бас бухгалтер және т.б.) тартылуы мүмкін.  4-тармақ бойынша қасақана банкроттық үшін субсидиарлық жауапкершілікке ЖШС-нің лауазымды тұлғалары да, құрылтайшылары (қатысушылары) да тартылуы мүмкін. Ал 2-тармақтың талаптары бұзылса, ЖШС-нің лауазымды тұлғалары ғана тартылады. 

"Заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Ал заңды тұлға құрылтайшының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Осыдан келіп, "Оңалту және банкроттық туралы" ҚР Заңының 11-бабы бойынша бизнес иелерін субсидиарлық жауапкершілікке тарту қаншалықты негізді деген сұрақ туындайды. ЖШС-нің операциялық қызметімен оның лауазымды тұлғалары айналысады. Олар компаниядан активтерді шығару, беделін түсіру сияқты жосықсыз әрекетке баруы да мүмкін. Меншік иесі директордың мұндай әрекеттері үшін жауап бермеуі керек", - дейді уәкіл.

Рустам Жүрсінов  "Оңалту және банкроттық туралы" заңға былтыры енгізілген өзгерту кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік туғызғанын айтады.

"Заңның 11-бабының 4-тармағы бойынша, борышкердің құрылтайшысы немесе лауазымды адамдары заңнаманы бұзған жағдайда, келтірілген залалдарды өтей отырып, тиісті жауапкершілікке тартылуға тиіс. Менің ойымша, дәл осы норма заңды екіжақты түсінуге және дұрыс қолданбауға негіз болған. Мысалы, Маңғыстау облысында ЖШС қатысушылары субсидиарлық жауапкершілікке тартыла бастаған фактілер бар. Компания иелері компаниялардың қарыздарын өз жеке мүлкі есебінен өтеуге мәжбүр болған. Ал бұл заңда көзделмеген, тек ерекше реттелетін ерекше жағдайларда орын алуы мүмкін.  Бірақ ондай тәжірибе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты қолданылмауы керек",  деп жазады Рустам Жүрсінов.
Заңдағы осындай қайшылықтарды тізген уәкіл бүйте берсе, "жауапкершілігі шектеулі серіктестік" деген ұғымның атына заты сай болмай қалады деген қаупін білдірді. 

"Егер бизнес иелері ЖШС-нің лауазымды тұлғаларының қателіктері үшін жеке мүлкінен айырылатын болса, құқықтары тапталады. Мұның бәрі банкроттықтың өсуіне және іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеледі", – дейді ол.

Рустам Жүрсінов осы мәселе бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановқа жүгінген көрінеді. 

"Менің ойымша, қазір ЖШС қатысушыларын (құрылтайшыларын) субсидиарлық жауапкершілікке тартуға қатысты сот тәжірибесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Олай болмаған жағдайда, Қазақстандағы бизнес-ахуал жақын арада барынша нашарлап, көптеген кәсіпкерлер бизнеспен айналысу ниетінен бас тартады. Егер сіз осындай проблемаға тап болсаңыз, маған хабарласуыңызды сұраймын, менің кеңсем осы материалдарды қарап, толығымен шешуге дайын. Біз Жоғарғы Сотпен бірлесіп, бірнеше жобаны іске асырдық, ал Жоғарғы Сот басшылығы шын мәнінде халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын ұстанады",  деп түйіндеді уәкіл.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу