Жүк тасымалдауға жасалған жағдай тең емес

1767

Жеңілдіктер отандық кәсіпкерлерге емес, өзбекстандықтарға беріліп отыр.  

Жүк тасымалдауға жасалған жағдай тең емес

Шымкенттік кәсіпкер Болатбек Әлиев жергілікті жүк тасымалдаушыларға неге дұрыс жағдай жасалмайды деп қапалы. Ол facebook желісіндегі жеке парақшасында отандық және өзбекстандық тасымалдаушыларға жасалған жағдайларды салыстырып, жауапты ведомствалардың басшыларына қарата сын айтты.

"Отандық тауар өндірушілер мен тасымалдаушылар қысым көріп отыр. Мемлекет отандық кәсіпкерлерге емес, өзбекстандықтарға көп көмек беруде. Көрші елдің кәсіпкерлеріне жағдай жасай отырып, отандық бизнеске нұқсан келтіруге болмайды", – дейді ол.

Айтуынша, қазақстандық көлікпен жүк тасымалдаушылар Өзбекстан жолдары арқылы жылына шамамен 60 мың тонна жүк тасиды немесе 3 мың рейс жасайды. Ал ала шапанды ағайындарға Қазақстан жолдары арқылы 30 мың рейс жасауға мүмкіндік берілген. Бұған жолаушылар тасымалын қосыңыз.

"Біз үшін Өзбекстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдың ұзындығы шамамен 600 шақырым. Ал өзбектер Қазақстаннан Ресейге дейінгі 2200 шақырым жолды пайдаланып отыр. Олар тарапынан біздің жолдарға түсетін жүктеме де өте көп. Байқағандарыңыздай, айырмашылық жер мен көктей. Сонда біз тақтайдай жолдың бәрін өзбекстандық тасымалдаушылар үшін салдық па? Сол үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алдық па? Көрші елдің бизнесі біздің жолдарды быт-шытын шығаруда. Осының өтеуі ретінде Өзбекстан бізге не ұсынып отыр? Қайта Өзбекстан нарығына экспортқа шығу барысында кәсіпкерлер түрлі шектеулерге тап келеді", – дейді кәсіпкер.

Мәселен, біздің елге өнім әкелу үшін өзбек кәсіпкерлері екі құжатты ғана рәсімдейді. Ал қазақстандық кәсіпкерлер көрші елдің шекарасынан өтерде ондаған қағазды толтыруға мәжбүр. Бұл қарсылықтың жасырын түрі дейді.

"Қағаз жүзінде Өзбекстан нарығы біз үшін ашық, әрине. Бірақ өнімді өткізу мүмкін емес. Білдіртпей түрлі кедергілерді жасап қойған. Мен алма өсірумен айналысамын. Іргедегі елге алма экспорттау барысында осындай қиындықтарға ұшыраймыз. Ал Өзбекстан нарығына жеткізілетін басқа да тауарлар бар ғой. Олардың да осындай қиямет-қайымнан өтетінін біліп отырмын", – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, 2017 жылы Қазақстан импорттық алма мен алма шырындарына баж салығын төмендеткен. Иә, ол кезде отандық нарықтағы алма өндірісі де аса қарқынды емес еді. Бірақ арада үш жыл өтті. Өндіріс көлемі ұлғайды. Осы жылды есепке алмағанда, соңғы үш жылда Қазақстандағы алма өндірісі 37 пайызға өскен. Бірақ шетелдік тауарға салынатын баж салығы сол күйі өзгермеген. Яғни үкімет жергілікті нарықты қорғамай отыр, отандық өндірушілер назардан тыс қалуда.

"Қазақстандық және өзбекстандық тасымалдаушылар арасындағы теңсіздікке қатысты тағы бір жағдайды айтайын. Отандық тасымалдаушылар қоршаған ортаға эмиссия төлейді. Яғни бір тонна солярка үшін қоршаған ортаны қорғау мақсатында төлем төлейміз. Ал Қазақстан аумағы арқылы қатынайтын өзбекстандық тасымалдаушыларға мұндай шектеу қойылмаған. Осы қаншалықты дұрыс? Иә, жол ақылы. Бірақ олар секілді біз де жолға ақы төлеп отырмыз. Тариф бәрімізге бірдей. Сондықтан оларға қатысты қатаң шектеулер қойылуы керек деп есептейміз", – дейді Болатбек Әлиев.

Атап айтқанда, кәсіпкер шетелдік тасымалдаушылар да қоршаған ортаға эмиссия төлеуі тиіс деп санайды. Сондай-ақ ол үшінші елдерге тауар тасымалдау кезінде өзбекстандық тараптан қойылатын түрлі шектеулерді азайту үшін салалық ведомствалар тиісті шараларды қабылдаса деген тілегін жеткізді.

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу