Израильдің Террормен күрес жөніндегі ұлттық штабы және Сыртқы істер министрлігі жер-жаһандағы барлық израилдіктерді сақ болуға шақырды: өйткені "палестиналық ХАМАС 13 қазандағы жұмада "Қаһан күнін" өткізеді". Палестинаны жақтайтын түрлі ұйымдар әлемдегі әр елде шерулер, демонстрациялар ұйымдастыруда. Оның соңы күш көрсету шараларына ұласуы мүмкін деп қауіптенеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі .
"ХАМАС басшылығы өз жақтаушыларын 13 қазанда барлық еврейлерге және Израиль азаматтарына шабуыл жасауға үндеді. Осыған байланысты азаматтарға сақтық танытуға, әлемнің көптеген елдерінде өтетін шерулерден және Газа тұрғындарын қорғауға арналған басқа да бұқаралық акциялардан аулақ болуға кеңес береміз", – деп хабарлады Израильдің құзырлы ведомстволары.
Өз кезегінде ШАБАК (Израильдің ортақ қауіпсіздік қызметі) елдің шетелдегі елшіліктерінің, консулдықтарының, өзге де ұйымдарының күзетін күшейтуге нұсқау берді. Алдағы кезеңде оларға шабуыл жасалауы, арандатушылықтар ұйымдастырылуы ықтимал.
Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ХАМАС-тың негізін қалаушы лидерлерінің бірі Халед Машаль өз видеоүндеуінде "Әл-Ақса бораны" басталғанын жариялады және төл "революциялық жастарын" бас көтеруге шақырды (өткен сенбідегі Израилге қарулы шапқыншылықты "Әл-Ақса тасқыны" деп атаған еді).
Машалдың жоспары бойынша Иордания, Сирия, Ливан және Египет тұрғындары қаруланып, шекараны шабуылдап, Израильдің территориясына енуге талаптана бастауға тиіс. Осы арқылы Газа секторына басып кірген Израильге саяси қысым да көрсетілмек.
Шынымен солай болса, онда Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс аяқталмайды, керісінше оның өрті жаңа қарқынмен қаулай беруі мүмкін.
Дегенмен, The Jordan Times хабарлауынша, Иорданияның қауіпсіздік күштері керісінше, адамдардың шекара жақта, Иордан өзенінің бойында шектен тыс көп жиналуына жол бермеу үшін қажетті шараларға кірісіпті. Шекара маңындағы аудандар наразылық білдірушілердің енуіне тыйым салынған аймақтар деп жарияланды. Иорданияның Қарулы күштері оларды қоршап, қауіпсіздікті сақтап қалуға күш салуда.
Қалай болғанда, ХАМАС-тың жаңа операциясы дамыған елдерді де шошынтты. Олар Израильдегі азаматтарын жаппай эвакуациялауда. Мысалы, АҚШ өз азаматтарын бұл мемлекеттен әкетуге бүгін, 13 қазанда кірісті. Осы күні америкалықтарды елге оралтатын алғашқы чартерлік рейстер басталды. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Джон Кирби мәлімдеді. Осылайша, АҚШ өз азаматтарын Израильден қайтару үшін арнайы рейстер ұйымдастырып жатқан 30 шақты елдің қатарына қосылды.
"Президент өз командасына тапсырма берді. Құрама Штаттар өз азаматтары мен олардың отбасыларын Израилден қауіпсіз кету үшін арнайы чартерлік рейстермен қамтамасыз етеді", – деген Джон Кирби сонымен бірге америкалықтарды автокөлік жолдарымен және теңізбен эвакуациялау мүмкіндіктері де зерделеніп жатқанын қосты.
Ақ үй өкілі ХАМАС-тың шабуылы кесірінен израилдік елді мекендерде кем дегенде 27 АҚШ азаматы қаза тапқанын мәлімдеді. Тағы 14 америкалық із-түссіз жоғалған.
Әлемдегі көптеген ел өз азаматтарына Израильге және Иордан өзенінің батыс жағалауына сапарлаудан бас тартуға кеңес берді.
Халықаралық ақпарат құралдары Израильдің "Бен-Гурион" әуежайы дүрбелеңге түскен жолаушыларға толы екенін жазып, көрсетуде. Адамдар ұшақтарға билеттердің тез таусылып қалатынына, рейстерді бірнеше сағаттап, ұзақ күтуге тура келетініне шағымданады.
"Бен-Гурион" терминалының кіреберісінде рейстер кестесі берілген таблодағы жолдардың басым көпшілігі қызыл түспен жыпылықтайды: бұл рейстің кешігіп жатқанын немесе оның мүлдем доғарылғанын білдіреді.
Израильдің басты әуе қақпасы жолаушылардың қалың нөпір тасқынын еңсере алмауда. Оның үстіне жүздеген шетелдік авиакомпания бұл елге ұшудан бас тартты.
Әуежайға шетелдік елшілер де келді, олар өз азаматтарына Израильді тастап шығуға көмектесіп жатыр. Осыған орай әуежайдың үшінші терминалында ұзынсонар үстелдер қойылды. Онда әртүрлі елдердің жалаушалары қойылған. Жолаушылар соған қарап, өз мемлекетінің өкілін таба алады.
Біраз ел арнайы борт, тіпті құтқарушы ұшақтарын (Литва, Чехия) жолдаған. Өз азаматтарын арнайы рейспен эвакуациялай алған санаулы ел қатарында Қазақстан бар.
Литва елшісі Аудрюс Брузга TheMarker басылымына сұхбатында ахуалдың осынша ушығатынына сенбегендерін білдірді. Себебі, Израильдің армиясы (ЦАХАЛ) әлемдегі ең қуатты саналады. Ең заманауи қарулармен, жоғары технологиялармен қаруланған.
"Соғыстың басында біздің елшілік Израильдегі туристерімізге ескерту хабарламаларын таратып, үйге қайтуға ұсыныс жасады. Бірақ соңғы сағаттарда Литва қауіп деңгейін жоғарылатып, ұсынысты қатаң ескерту сатысына көтерді. Біз әуежайда үйіне оралғысы келетін, алайда билет таба алмаған литвалықтарға көмектесудеміз. Мысалы, кейбір рейстер Түркияның Анталиясына аттанып жатыр. Сол жақта басқа рейстерге отырғызып жібереміз. Кеше түнде Израильге литвалық әскери ұшақ қонды, ол да туристерімізді алып кетеді", – деді Аудрюс Брузга.
Тек Ресей ғана Израильдегі азаматтарын әкетуден бас тартты. Мәскеу пропагандасы еврейлер еліне кеткендердің бәріне "сатқын" деп ат қойып, айдар тақты. Оның арасында релоканттар мен мобилизациядан қашқандар сыртында, ресейлік туристер де барына мән бермеді. РФ әуе тасымалдаушылары бұл елге ұшпайды. Содан Мәскеу қауқарсыздығын бос байбаламмен бүркемелей салғанға ұқсайды. Еліне оралғысы келген ресейліктер болса, Израильде авиакомпаниялардың билет бағасын күрт қымбаттатқанына шағымданды.
Шетелдіктермен бірге көптеген израильдіктер де өз елін тәрк етуге мәжбүр.
"Біз әуежайда таңғы сегізден бері отырмыз. Ақыр соңында Грекияға, кету қайтусыз билетті (A one-way ticket) сатып ала алдық. Күйеуім армияда. Ал мен балаларыммен, туысқандарыммен елден көшіп барамын. Барлығы 14 адамбыз. Маған мұндай қадамға бару қиынға түсті. Бірақ лаңкестердің қимылы сұрапыл", – деді Кирьят-Шмона қаласының тұрғыны Бат-Эль Амар. Әйел израилдік авиакомпаниялардың қалыптасқан жағдайды қара басы үшін пайдаланғанына, бағаны шарықтатып жібергеніне назаланды. Ол Родосқа 1 адамға арналған билетті 1500 шекелден (375 доллардан) әзер дегенде сатып ала алыпты.
Израиль-ХАМАС қақтығысы ұзаған сайын тек палестиналықтардың ғана емес, еврейлердің арасында да босқындар көбеюі мүмкін.