Жұмыртқа өндірісі мен экспорты кеміді

11438

Жыл басынан бері өнім бағасы 30%-ға қымбаттады.

Жұмыртқа өндірісі мен экспорты кеміді

2020 жылдың сегіз айында Қазақстандағы жұмыртқа өндірісі 8%-ға кеміді. Экспортталатын өнім көлемі де қысқарды. Сондай-ақ жұмыртқа бағасы 30%-ға өсті.

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божконың айтуынша, 2018 жылы шетелге жалпы жұмыртқа өндірісінің 10%-ы, яғни 560 млн жұмыртқа экспортталған. Былтыр экспорт көлемі 425 млн жұмыртқаны құрады. Ал осы жылдың 8 айында 160 млн жұмыртқа сыртқа шығарылған. Көрсеткіш кеміп келеді.

"Қазақстанда жеткілікті көлемде жұмыртқа өндіріледі деп, Үкімет жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатты. Біз мұның салдары өндіріс пен экспорт көлемін азайтып, бағаның қымбаттауына алып келетінін айттық. Айтқанымыз айнымай келді. Субсидия болмаған соң, бизнес жұмыртқа өндірісінің көлемін азайтты. Себебі саладағы табыстылық төмендеді. Мәселен, соңғы үш жылда бидай бағасы екі есе өсті. Бұл өз кезегінде жұмыртқаның өзіндік құнының қымбаттауына жол ашты. Ал соңғы үш жылда жұмыртқа бағасы небәрі 20%-ға ғана өскен. Осылайша жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары мемлекет тарапынан берілетін субсидияға ғана арқа сүйеп келді. Ал субсидиясыз нарықтағы баға табыстылықты сақтауға мүмкіндік бермейді. Мұның өндіріске, экспортқа, бағаға кері әсер етіп отырғаны да сондықтан", – дейді Максим Божко.

Мына бір жайтты атап өткен жөн. Үкімет жұмыртқа өндірісін субсидиялауды доғарғаны рас. Алайда осы жылдың сәуір айының соңында жұмыртқа өндірісіне субсидия беруді қайта қолға алды. Мақсат – пандемияға байланысты тығырыққа тірелген кәсіпорындарды қолдау. Сөйтіп, әуелде қабылдаған шешім өзгертілді. Осылайша бір жұмыртқаға бұрынғыдай 3 теңге емес, 1,5 теңге берілетін болды. Яғни субсидиялау екі есе қысқарды.

"Мемлекеттің агроөнеркәсіп секторына қатысты саясатының басты мақсаты – жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігі, экспорттық табыс және халықты қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, бұл жерде бизнес пен мемлекеттің мүддесі әрдайым сәйкес келе бермейді. Өйткені бизнестің көздегені – табыс табу. Табыстылық жоғары болса, жұмыс жүреді. Кәсіпкер қыруар қаржы құяды. Ал табыс болмаса, бизнес тұралайды. Мұның соңы адамдарың жұмыссыз қалуына, бюджетке түсетін салықтың қысқаруына, өндірістің кемуіне алып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бірінші кезекте бизнестің табыстылығына бағдарлануы керек, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жыл басындағы мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда жұмыртқа өндірушілерге 75 млрд теңге субсидия берілген. Осы аралықта құс фабрикаларының өндірісі 83 пайызға артып, көрсеткіш жылына 4,3 млрд жұмыртқаға дейін жеткен.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу