Жалпы қазақстанда жалақы картасы ғана емес, банк өнімдеріне қатысты сұрақ көп. Кейбір қызметтердің күрделілігі соншалық оны пайдалану кәдімгі карта ойыны сияқты. Нәтижесі қандай боларын бағыңа, не қырағылығыңа қарай ғана бағамдауға тура келеді. Сондықтан бұл бөлек тақырыпқа арқау болып отыр. Inbusiness.kz тілшісі жалақы картасына оның ішінде еңбекақыны өзің таңдаған банктен алуға бола ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Жұмысқа тұратын кезде бухгалтерден "мына банктен карта ашып кел" деген тапсырма алмаған адам кемде-кем. Көпшілік бұған еш қарсылықсыз келіседі. Осылайша қолындағы банк картасына қосымша жалақы картасы қосылады. Ол көп жағдайда айлық түскен күні ғана қажетті құралға, әмиянға салмақ салатын пластиктің қатарына қосылады. Сөйтіп жұмысқа тұрғаннан өзі қаламаған банктің өнімін тұтына бастайды. Ресейде мұны заңдастыруға дейін барған, қызметкерді жұмыс беруші ұсынған картаны пайдалануға міндеттеу керек деген пікірталас туып, біраз шу шыққан. Алайда мұны "жалақы құлдығы" деп атап, барынша бас тартуға тырысуда.
Қазақстанда әзірге мұндай пікірталас, ұсыныс жоқ. Бірақ интернетті шолсаңыз "кейбір компаниялар жалақы жобасы аясында банктермен келісім жасап, қызметкерлерін мәжбүрлейді" деген пікірлерді де кездестіруге болады. Яғни жасырын "жалақы құлдығы" бар. Шынымен солай ма? Маман өзі қалаған банктің картасына айлық алуына мүмкіндігі бар ма? Бухгалтерия не үшін барлық қызметкерге бір банктің картасына "байлауға" тырысады?
Ең бірінші мәселенің құқықтық жағына тоқталсақ. Еңбек заңнамасында жалақы төлеу уақыты, шарты, оның ішіне карта таңдау мәселесі қарастырылмаған. Заңды қанша парақтасаңыз да таппайсыз. Бірақ бұл жеке еңбек келісімшартында немесе ұжымдық келісімшартта көрсетілуі мүмкін. Алайда ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабында заңды және жеке тұлғалар арасындағы шартта мәжбүрлік болмауы керектігі де жазылған. Яғни келісімді жұмыс беруші айқындайды деген тармақ көрсетілгенімен, ҚР Ұлттық банктің түсіндіруінше бұл заңсыз болып саналады.
"Шарт жасау кезінде мәжбүрлеуге (ерекше жағдайларды қоспағанда) жол берілмейді. Осылайша жұмыс беруші қызметкерді белгілі бір қаржылық ұйыммен келісім жасауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ", – деп жазылған Ұлттық банктің түсіндірмесінде.
Яғни жұмыс беруші белгілі бір банкпен шарт жасап, өнімін тұтынуға қызметкерді мәжбүрлей алмайды. Алайда бұған қарамастан, Еңбек немесе ұжымдық шарттарда жалақыны жұмыс беруші ұсынған банк картасымен алу туралы көрсетілуі мүмкін. Оған келіспесеңіз бастығыңыздың атына арыз жазасыз немесе еңбек инспекциясына шағымдансаңыз болады. Құжатта қызметкерде таңдау еркіндігі бары айтылса, өзіңіз таңдаған банк картасының реквизиттерін есеп бөліміне өткізесіз.
Әйтседе Еңбек инспекциясы мен бас банктің қаншама құжаттарын парақтасақ та, ашық деректерді қарастырсақ та, әзірге бірде-бір қазақстандық мұндай шағыммен жүгінбегенін байқадық.
"Бухгалтер24" ЖШС директоры Юлия Устинованың сөзінше жалақы жобасы бойынша "міндеттеу" мәселесі Қазақстанда кездеседі екен. Әсіресе, мемлекеттік үлкен компанияларда мұндай жиі байқалады.
"Бірақ бұл үрдіс барлық мекемелерде кездеспейді. Кейбір жұмыс берушілер әлі де қызметкердің талабына құлақ асып, өзі қолданатын карта бойынша жалақы алуға мүмкіндік береді", – деп есептейді бухгалтерлік компанияның басшысы.
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев жұмысшыларды белгілі бір қаржы ұйымының өніміне "байлауды" екі тарап үшін де тиімді екенін айтады.
"Егер жалақы белгілі бір банктің картасына түссе, қаржы институтының айналымдағы қаражаты артады, банк сол ақшаны айналымға салып, одан қосымша табыс табады. Сонымен қатар жұмысшы жалақысын ала отырып, несие алу сынды банктің қосымша өнімдерін тұтынып, сақтандыру, брокерлік қызметтерді де осы банктің жанама компанияларынан алады, әрі депозитті де осы банктен ашып, жалақысын бірден жинақ шотына аудару да қолайлы болады. Бұған қоса компаниялар жалақы аударымы үшін комиссия төлейді. Одан банк те, жұмысшы да ұтады", – деп түсіндірді сарапшы.
Ал жұмыс беруші белгілі бір банк арқылы операцияларды жүзеге асыру арқылы жеңілдетілген тарифтерге ие болады, жалақы карталары бойынша төмендетілген комиссия төлеп, тіпті оны мүлде алып тастау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ банктен арнайы корпоративтік несие, депозит, сақтандыру бағдарламаларын талап ете алады.
"Ал егер әр жұмысшы жалақысын өзі қалаған банк картасы арқылы алатын болса, жұмыс беруші қаржы ұйымының арнайы бағдарламаларына қатыса алмайды. Бұған қоса басқа банктердің шоттарына ақша жіберілгенде төлейтін комиссия көлемі артады. Ал бұл жұмыс беруші үшін тиімсіз", – дейді Мұрат Қастаев.
Алматылық Төлеген Бөрібаевтың айтуынша жұмысқа тұрғанда сол ұйым ұсынған банктен карта аштырған.
"Жұмыс берушімен дауласып жүргеннен гөрі, карта аштырған оңай. Мен мұны "жалақы құлдығы" деп атамас едім. Иә, әмиянда орын алады, бірақ басқа кемшілігін байқамадым. Өзім жиі қолданатын картаны жоғалтсам, ақау шықса жалақы картасын пайдалана беремін. Қазір банктер бір-бірінен асып түсу үшін түрлі акциялар өткізіп, қызықтырады. Сондықтан екі карта артық етпейді", – дейді алматылық. Оның айтуынша қазақстандықтардың көпшілігі осындай ұстанымда.
Ал "жалақы жобасының" банктер мен жұмыс беруші үшін қолайлы тұсына келсек, банктер үшін жалақы жобасына үлкен компанияларды қосу клиент санын арттыруға жақсы мүмкіндік. Сондықтан олар осындай ірі ұйымдармен жұмыс істеу үшін барын салады. Осы мақсатта кәсіпорын басшыларына жоғары кэшбек, мүмкіндігі жоғары карталар, сақтандыру сияқты артықшылықтар ұсынуы мүмкін.
Ал компанияның есеп-қисап бөліміне қаражатты жылдам аудару, төлемді жеңіл жүргізу мүмкіндігі туады. Сондықтан олар "жалақы жобасына" қосылып, бір банкпен жұмыс істегенді жөн көреді.
Алайда кейбір қызметкерге мұндай шарттар ұнамай, өзі қалаған банктің өнімін пайдалауды ғана қалауы мүмкін. Сондықтан кейбір компаниялар "жалақы жобасы" бойынша бірнеше банкпен қатар келісім жасап жатады. Қызметкер өзіне қолайлысын таңдайды. Банктер мұндай "қисық" қызметкерлердің көңілінен шығу үшін жалақы картасы негізіндегі шарттарды барынша оңтайландырады.
Мысалы, картада ай соңында қалдық қалса, қосымша кэшбек, комиссиясыз шешіп алу, комиссиясыз төлем жасауға дейін жеңілдік жасайды. Бірақ мұның барлығы уақытша акциялар екенін естен шығармаған абзал. Соған қарамастан бұған мән беретіндер де көп.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!