Жұмыс орнында қайтыс болған қазақстандықтар көп

1364

2022 жылы республика кәсіпорындарында, жұмыс орнында 1 465 адам зардап шекті, оның 203-і қаза тапты. 

Жұмыс орнында қайтыс болған қазақстандықтар көп Фото: gsdetectors.com

Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics & Peace) жариялаған "Global Terrorism Index 2023" есебіне жүгінсек, бүкіл 2022 жылы Иракта 401 теракт болыпты. Салдарынан 174 адам қаза тапқан, 339 адам жараланды.

Бұл жаһандық "қаралы рейтингте" Қазақстан тізімнің соңында орналасқан. Бақытымызға орай, елімізде былтыр бірде-бір лаңкестік акті болған жоқ.

Бірақ айдың, күннің аманында, бейбіт заманда қазақстандықтар бәрібір жүздеп қырылып жатыр. Өндірістік жарақаттануды талдау қорытындысы көрсеткендей, республикадағы түрлі ұйымдарда жыл сайын 1,5 мыңдай жазатайым оқиғаға жол беріледі, салдарынан ол оқиғалар тұрақты түрде екі жүзден астам адамның түбіне жетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2022 жылы республика кәсіпорындарында, жұмыс орнында 1 465 адам зардап шекті, оның 203-і қаза тапты.

Саладағы биылғы жылғы ахуал да мәз емес. 2023 жылдың 2 тоқсанының қорытындысында, өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шекті. Оның 69-ы қаза тапты. Бұл статистикаға шілде, тамыз, қыркүйектегі деректер кірмеген, ал дәл осы айларда жағдай ушығып, түрлі апат болғаны мәлім.

Басқа лауазымдарындағы бірер жыл үзілісті қоспағанда, еңбек саласына сонау 2013 жылдан бері Тамара Дүйсенова жауап берді. Қынжылтатыны сол, осы кезеңде министр елдегі еңбек жағдайларын салмақты жақсарта алмады.

Салдарынан, жаңа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға шын мәнінде ауыр мұра қалып тұр. Министрлік талапты күшейтуге, саладағы ахуалды түзеуге бағытталған түбегейлі реформалар жүргізуге тиіс еді. Жоқ, керісінше, Дүйсенова тұсындағы реформалар салдарынан сала кері кеткен.

Мысалы, таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовқа Халықаралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бюросының және лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының өкілі Антонио Сантушпен кездесуде қалыптасқан жағдайға шағымдануына тура келді.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жұмыс берушілердің өз ұйымында еңбекті қорғаудың мемлекеттік нормативтік талаптарын орындауын бақылау – әкімдіктер құрамындағы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға жүктелген.

Осы арқылы министрлік кезінде жауапкершілікті өз мойнынан алып тастап, әкімдіктерге арта салғаны жасырын емес. Салдарынан Қазақстан халықаралық міндеттемелерін бұзып отыр. Өйткені Халықаралық еңбек ұйымының Конвенциясының №81, №129 талаптарына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекциясы орталық биліктің, яғни министрліктің бақылауында болуға тиіс екен.

"Бүгінде біз заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, ол аталған халықаралық стандартты іске асыруға және еңбек инспекцияларын Еңбек министрлігінің құрылымына алуға мүмкіндік береді", – деді бірінші вице-министр.

Еңбекмині ондаған жылдар бойы "еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқартуға және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге" қол жеткізе алмады. Бұл міндет енді жаңа министрдің командасына жүктеліп отыр.

Осы мақсатта Үкімет бекіткен 2025 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Бұл тұжырымдама:

  • республика ұзақ уақыт бұзып келген халықаралық стандарттарды орындауға және тиісінше жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын арттыруға;
  • деректер базасын интеграциялау есебінен ұйымдарда еңбекті қорғауға, соның ішінде кәсіби тәуекелдер саласында проактивті мемлекеттік бақылауды күшейтуге;
  • жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруға;
  • алдын алу және оңалту міндеттерін белгілейтін өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру моделін енгізу аясында жұмыс күшін үнемдеу жүйесін құруға бағытталған шараларды қамтиды.

Еңбекті қорғаудың проактивті форматын енгізу аясында Еңбекті қорғаудың цифрлық картасы – кәсіптік тәуекелдер бойынша кәсіпорындардың дербес базасы құрылмақ. Бұл онлайн құрал мемлекетке және қоғамға қауіпсіз жұмыстың барлық аспектілерінен хабардар болуына жол ашуға тиіс.

Әзірге республиканың, әсіресе, өндірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Жұмысшылар үшін қауіпті өңірлердің тізімін Қарағанды облысы бастады: 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 79 адам жарақат алды.

Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 53 адам. Үштікті кішкентай ғана Абай облысы тұйықтады – 50 адам өндірісте жараланды. Оның жанынан ірі өндірістері жоқ Алматы қаласы табылды: 50 адам. Павлодар облысында – 46 адам, Қостанай облысында – 44 адам, Ақтөбе облысында – 40 адам зардап шеккен. 

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптеріне – 21,8% және құрылыс саласына – 10,6% тиесілі.

Ресми мәлімет бойынша жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептеріне: жәбірленушінің өзінің абайсыздығы (33,3%); өндірістегі жұмыстың лайықты деңгейде ұйымдастырылмауы (27,1%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (9,3%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%) жатады. Дегенмен, басшылар өтемақы төлемеу үшін жұмыскерлердің өзін айыптауға бейім тұратынын, тіпті өзара еңбек шартын да соған негіздейтінін ескерсек, "жәбірленушінің өзінің абайсыздығы" көрсеткіші тым асырып көрсетілгені аңғарылады.

Бірақ өндірістегі апаттар, жазатайым оқиғалар сыртында, қазақстандық еңбеккерлер ауыр, зиянды жұмыстан да қатты зардап шегеді, созылмалы немесе күрделі ауруларға душар болады, солардың кесірінен ерте дүние салуы мүмкін.

Жыл сайынғы еңбек жағдайларына қатысты іріктеп тексеру қорытындылары көрсеткендей, 2022 жылы зерттелген 1,6 миллион жұмыскердің 386 мыңы немесе әрбір төртіншісі (21,3%) жұмыс орнында зиянды факторлардың әсеріне ұшырайтыны анықталды. Шу мен діріл деңгейінің жоғары болуы әрбір екінші адамға (46,8%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы – әрбір үшінші еңбеккерге (33,2%) және қолайсыз температуралық режим – әрбір алтыншы (16,7%) еңбеккерге қауіп төндіруде.

Ахуалды түзету үшін Парламент депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына бастамашылық жасады. Құжат әзірге Мәжіліс қарауында жатыр.

Бірақ ондағы шараларды да пәрменді деуге келмейді.

Мысалы, ол мемлекеттік еңбек инспекторларына бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей-ақ, қауіпті өндірістік объектілерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында тексерулер жүргізу құқығын беруді қарастырады. Яғни, заң қабылданса, еңбек инспекторлары еш ескертусіз, кәсіпорындарға сау ете қалады.

Айтқандай, Еңбекмині ұсынған талдамалық нысанда ең жоғары жұмыс өтілі бар басқарма басшысы – 736 мың теңгеден, бөлім басшысы – 350 мың теңгеден, ал бас маман – 290 мың теңгеден жоғары жалақы алатыны көрсетіліпті.

Ендеше ахуалды түзету үшін еңбек инспекторларына жетпей тұрғаны – мықты өкілеттіктер болса керек. Жаңа министрдің алдында тұрған міндеттің бірі "өз командасының құзыр қоржынын толықтыру" болса керек. Министрлік енді түйеқұстай басын құмға тығып, жауапкершіліктен қашпауы керек, қайта еңбеккерлер құқығын қорғауға бағытталған тегеурінді күрестің басында жүргені абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу