Жұмыс орындарында дене шынықтыру үзілістері міндеттелуі мүмкін

2982

6 миллион жұмысшыға 20 мың дене шынықтырушы қажет. 

Жұмыс орындарында дене шынықтыру үзілістері міндеттелуі мүмкін

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы спорт және дене шынықтыру туралы заңға түзету енгізуді ұсынып отыр. Ұсыныс қолдау тапса, елдегі жұмыс орындарында денешынықтыру үзілістері міндетті шара ретінде бекітіледі. Жобаны жүзеге асыру үшін Кәсіподақтар федерациясының жанынан Спорттық сауықтыру қоғамы құрылыпты. Аталмыш ұйымның президенті, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев заңнамаға нақты қандай түзету енгізілітенін атады.

"Еліміздегі "Спорт және дене шынықтыру туралы" Заңның 17-бабында әрбір жұмыс берушінің өз қызметкерлеріне спортпен айналысып, денсаулығын нығайтуына жағдай жасауға құқылы екені айтылған. Біз сол "құқылы" деген сөзді "міндетті" деген сөзбен алмастырмақшымыз. Егер ұсыныс қолдау тапса, елдегі барлық жұмыс орны күніне үш мәрте денешынықтыру үзілістерін өткізуге міндетті болады", ¬¬- дейді кәсіподақ өкілі.

Бастамашыл топ бұл шараның жұмыс берішулерді қанша шығынға батыратынын да есептеп қойыпты.

"Жылына Қазақстан бойынша еңбеккке уақытша жарамсыз адамдар үшін 112 млрд теңге өтемақы төленеді. Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 10 айдың ішінде бұл мақсатқа 4,5 млрд теңге шығындалған. Оның сыртында дәрі-дәрмек үшін шетелдік компанияларға жыл сайын қыруар қаржы төлеп келеміз.  Елімізде еңбекке жарамды 9 млн адам бар десек, соның 6 миллионы жалданып жұмыс істейді. 250 адамға бір денешынықтырушы керек деп есептесек, 20 мыңнан астам қосымша штат ашу керек. Оның еңбекақысына көп болса жыл сайын 20 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Жұмыс берушілер қызметкерлердің денсаулығына бөлетін ақшаны шығын деп қарамауы керек. Өйткені бұл – адам капиталына салынған инвестиция", – дейді ол.

Тастанбек Есентаев жыл сайын еліміздегі жұмысқа жарамды адамдардың шығармашылық қабілеті төмендеп бара жатқанын айтады. Халықтың шығармашылыққа қабілетті ғұмыры 30 жылмен шектелетін көрінеді.

"Егер қазақстандық жас маман 20 жасында еңбекке араласса, 50-ге келгенде қажып, шығармашылық қабілетін жоғалта бастайды екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Біз ұсынып отырған денешынықтыру үзілістері осы жағымсыз тенденцияны түзеуге көмектесер еді", – дейді маман.

Оның айтуынша, ғалымдар таңғы жұмысқа кіріспей тұрып денешынықтықтыру жаттығуларын жасаған адамның еңбек қабілеті 11%-ға артанын анықтапты.  Жұмыстан бас алмаған адамның  1,5 сағат сайын еңбеке қабілеті төмендей түсетін көрінеді. Осыны негізге алған кәсіподақ өкілдері жұмыс күнінің басында жаттығуға 10 минут, қалған екі үзіліске 5 және бір минут аралығында уақыт бөлуді ұсынып отыр.

"Совет кезеңінде мұндай үзілістер бүкіл жұмысшыға радио арқылы хабарланатын. Қазір ақпарат таратудың тәсілдері одан да көп қой. Бұл жағынан қиындық болмауға тиіс. Ал жұмысшыларға үзілістерге арнап киім әкелудің қажеті жоқ. Әр кәсіпорынның өндіріс ерекшелігіне қарай жаттығулар да әртүрлі болады. Мысалы, қара жұмыс істейтін қызметкерлерге бұлшықетті сергітетін жаттығулар, мемлекеттік қызметшілерге қан айналымын жақсартатын жаттығулар дайындалады", – дейді Тастанбек Есентаев.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу