Жұмысшылар ереуілінің тәртібі, зиянды еңбек және өндірістік жарақат

1817

Өндірісте жарақат алу мен жұмысшылар ереуіліне қатысты дау-дамай Қазақстанда кейінгі кезде жиі кездесетін құбылысқа айналғандай.  

Жұмысшылар ереуілінің тәртібі, зиянды еңбек және өндірістік жарақат

Ереуілдердің көбі заңсыз деп танылады. Өндірістік жарақат болғанын жұмыс беруші жасырады. 

Осы тақырып Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қозғалды. Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің өкілдері баяндама жасап, статистика мәліметтерін келтірген. 
Журналистер арасында олардың жауаптары мен мәліметтеріне қанағаттанбағандар болды. Дегенмен айтылғандардың ішінен жұмысшылар білуі керек деген деректерді іnbusiness.kz тілшісі жазып алды.

Еңбек даулары кезінде не істеу керек?

Еңбек дауларын шешу жолдары Еңбек кодексінде айқындалған. 

"Жұмысшылар жұмыс берушіге қоятын талаптарын ереуілге шықпастан бір апта бұрын жазбаша хабарлауы керек. Оны жұмыс беруші үш күннің ішінде қарап жауап береді. 

Ал егер сол үш күннің ішінде жұмыс беруші мәселені өз деңгейінде шеше алмайтын болса, мекеменің ішінде бітімгерлік комиссиясы құрылады. Ол комиссия мәселенің

Комиссияның ішінде де даудың түйіні тарқатылмаса, төрелік сотқа береді. Мәселе осылайша төрелік комиссияда қаралады", – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Аталған процедура сақталамаса, наразылық акциясына шыққандар жұмыс берушінің алдында жазықты болып қалуы мүмкін. 

"Кейде жұмысшылар осы тәртіпті сақтамай, бірінші күннен бастап ешқандай жазбаша арызсыз қарсылық акциясына шығып жатады. Бұл кезде жұмыс берушінің оларды сотқа беруге құқығы бар. Яғни мәселе жергілікті соттар деңгейінде қаралып, ақ-қарасы анықталады", – деді ол. 

Өндірістік жарақат алғанда не істеу керек?

"Жарақат алған адамдардың көбі денсаулық сақтау ұйымдарына ғана жүгінеді. Олар құқыққорғау органдарына да хабарлауы керек. Өйткені өндірісте жарақат алуды жасыратын жағдайлар болады. Оларды прокуратура мен біз анықтауымыз керек. Жасырған жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек", – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Алайда ол нақты жасыру фактісінің санын айтып бере алмады.

"Жұмысшыны сақтандыру жұмыс берушінің өзіне тиімді"

"Қазақстан Республикасының заңы бойынша, әр жұмыс беруші қол астындағы жұмысшылардың бәрін міндетті түрде қайғылы жағдайлардан сақтандыру керек. Бірақ кейбір мекемелер өз жұмысшыларына міндетті сақтандыру жасамайды", – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Жұмысшыларын өндірістік жарақаттардан сақтандыру жұмыс берушілердің өздері үшін тиімді. 

"Жұмысшыларын өндірістік жарақаттардан сақтандырмаған мекемелердің басшылары Азаматтық кодекстің 938-бабы бойынша еңбек орнында зардап шеккен жұмысшының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына қарай оның емделу шығындары мен әлеуметтік міндеттемелерін мойнына алады. Қандай дәрі-дәрмек керек, оның асырауында адамдар болды ма, осының бәріна керекті қаражатты жұмыс беруші өзі төлейді. Ал жұмыс беруші жұмысшыларды сақтандырған болса, міндеттемелердің бәрі сақтандыру компанияларына жүктеледі", – деді Төлеген Оспанқұлов.

"Халықтық бақылау" деген не?

"Жоба жұмыс орындарының белгіленген квотасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оларды кәсіпорын штатына еңбек шарты бойынша бейнебақылау операторлары ретінде ресімдейді, олар ауысыммен онлайн режимде жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды және қауіпсіздік техникасының бұзылуын қадағалайды. Бүгінгі таңда "Халықтық бақылау" жобасын республиканың 148 кәсіпорны енгізді", – деді Төлеген Оспанқұлов.

Зиянды еңбек жағдайларында кімдер жұмыс істейді?

Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2020 жылы елдегі кәсіпорындардың 367 мың қызметкері зиянды еңбек жағдайларында еңбек еткен. Бұл – зерттеуге алынған кәсіпорындардағы 1,6 млн қызметкердің 22%-ы. 

"Олардың ең көп саны Қарағанды (74 мың адам), Павлодар (46 мың адам), Шығыс қазақстан (37 мың адам) және Маңғыстау облыстарында (32 мың адам) жұмыс істейді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев.

Маман дерегі: экономика салалары бөлінісінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен өндіру (120,8 мың адам) және өңдеу (112,9 мың адам) салаларына тиесілі: шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (46%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінен – әрбір үшінші (32%) адам жұмыс істеді. Ауыр дене еңбегімен 94 мың адам (тексерілген кәсіпорындар қызметкерлері санының 5,7%) айналысқан.

"2020 жылы аттестаттау нәтижелерінің негізінде 672 мың қызметкер 141,5 млрд теңге сомаға түрлі өтемақы алды. Бұл 2019 жылға қарағанда 10%-ға артық. Жеңілдіктердің ең көп таралған түрі – қосымша демалыс (520,6 мың адамға берілді), одан кейін тегін сүт немесе оған тең тамақ (322,9 мың адам), тегін емдік-профилактикалық тағам (79,8 мың адам алды)", – деді Ербол Нұрғалиев.

"Қаза болғандар саны азайған"

Кейінгі бес жылда зардап шеккендердің саны 10,7%-ға, оның ішінде өндірісте қаза тапқандардың саны 16%-ға азайған. 
"Қазақстанда жыл сайын кәсіптік аурулардың 400-ден астам жағдайы тіркеледі. Кейінгі үш жылда олардың саны 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде кейінгі бес жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға (1683-тен 1503 адамға дейін), оның ішінде қаза болғандар саны – 16%-ға (248-ден 208 адамға дейін) азайды. Жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 1 000 жұмысшыға шаққанда 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендеді", – деп хабарлады Ербол Нұрғалиев.

"Тоғыз айда сегіз мың рет бұзылған"

Биылғы жылдың тоғыз айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасы бойынша сегіз мыңнан астам заңсыздықты анықтады. 

Олардың 30%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу (695 немесе 27%), жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу (361 немесе 14%), жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу (142 немесе 5,6%), еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы (54 немесе 2,1%). 

Осы заңсыздықтарға жол берген жұмыс берушілерге 2,7 мыңнан астам ұйғарым беріліп, 189 млн теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынған. 

"Құқық бұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау үшін құқық қорғау органдарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалды", – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Еске саламыз: бұған дейін алты өңірде өңдірістік жарақат көлемі артқанын жазғанбыз

Баяндамашылар ақпараты: Қазақстанда еңбек инспекторларының құзыреті 2013 жергілікті әкімдіктерге берілген. Содан бері еңбек инспекторларының саны азайған (246-ға дейін түскен). Бұл сан халықаралық стандартқа сай емес. Сай болуы үшін үш есе арттыру керек – 10 мың жұмысшыға бір еңбек инспекторы болуға тиіс.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу