Жұмыссыз қалмау үшін нені ескеру керек?

1145

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар кәсіби біліктілігін арттыруға жіті мән беруі тиіс.    

Жұмыссыз қалмау үшін нені ескеру керек? Фото: canva.com

Жаһандық трендтердің елімізді айналып өтпесі анық. Бүгінде жұмыс берушілердің жұмысшыларға қоятын талабы өзгерген. Бірі мұны цифрлық технологиялардың, автоматтандырудың, жасанды интеллекттің еңбек процесіне енуімен байланыстырса, екіншілері  көштен қалмау үшін адамдар кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс деген пікірде. Еңбек нарығында қандай өзгерістер күтіліп отыр? Жұмыссыз қалмау үшін нені ескерген жөн? Осы тақырып төңірегінде шолу әзірледік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Halyk Finance жазуынша, Қазақстандағы жұмыс күшінің негізгі бөлігі – жалдамалы қызметкерлер.

"2023 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша олар жұмыс күшінің 72%-ын немесе 6,9 млн адамды құрады. Соңғы 20 жыл ішінде жалдамалы қызметкерлердің саны тұрақты өсті. Мәселен, 2005 жылдан бері олардың жұмыс күшіндегі үлесі 59%-дан былтырғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша 72%-ға жеткен. Дегенмен де, соңғы жылдары жалдамалы жұмысшылардың өсімі баяулады. Мысалы, 2010-2015 жылдары олардың саны 900 мыңға артса, 2015-2020 жылдары бұл көрсеткіш бар болғаны 392 мыңды құраған", - деді сарапшылар.

Жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі қалада тұрады. Өткен жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша олардың 85 пайызы ұйымдарда, 10%-ы жеке тұлғалар қарамағында еңбек етсе, 4%-ы – шаруа қожалықтарында, қалған 1 пайызы азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейді.

Сарапшылардың дерегінше, жалдамалы жұмысшылардың 48 пайызында жоғары немес жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар.

Зерттеу негізінде елімізде ұзақ мерзімді жұмыссыздық мәселесі барын аңғаруға болады.

"Соңғы 20 жылда жұмыссыздық біртіндеп төмендегенімен, 12 ай ішінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздардың үлесі азайып жатқан жоқ, керісінше өсіп жатыр. 2022 жылдың аяғында 1 жылдан артық жұмыс таппай жүрген азаматтардың саны жұмыссыздардың 47 пайызын құраған", - делінген ақпаратта.

Сарапшылар цифрландырудың еңбек нарығына ықпалын да назардан тыс қалдырмаған. Сөзінше, оның пайдасымен қатар бірқатар қауіп-қатері де болуы мүмкін.

Осы тұста жаңа технологиялардың енуімен пайда болған жұмыссыздық түрін атап өтпеске болмас. Ғалымдар мұны  "технологиялық жұмыссыздық" деп атап отыр. Бұл термин технологияны автоматтандыру нәтижесінде жұмыс орындарының жоғалуына әкелетін үрдісті білдіреді.

Бұдан  басқа алдағы 5 жылда технология және цифрландырумен байланысты мамандықтар сұранысқа ие болады деп күтіліп отыр. Оның ішінде жасанды интеллект пен машиналық оқыту бойынша мамандар көш бастамақ. Одан кейінгі орындарда тұрақты даму саласында жұмыс істейтіндер орналасты. Сұраныстағы мамандықтар қатарында Big Data сарапшылары мен бизнес сарапшылар да бар.

Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдерінің сөзінше, қысқартуға ұшырап жатқан жұмыс орындарының тізімінде пошталық қызмет мамандары, кассирлер, деректерді енгізумен айналысатын операторлар, іс жүргізушілер, есепшілер, сақтандыру агенттері бар. Алдағы бес жылда Орталық Азия елдеріндегі кәсіпорындар өз қызметкерлерін аналитикалық ойлау, жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс істеу, креативті ойлау, көшбасшылық, әлеуметтік тұрғыдан ықпал ету секілді дағдылар бойынша оқытуға баса мән беруі мүмкін.

"Жұмыс берушілердің 47 пайызы үміткерлердің бойындағы дағдыларға мән берсе, 45 пайызы әлі күнге дейін оларда дипломның болғаны маңызды деп есептейді. Компаниялардың 20 пайызы қызметкерлерді іріктеу кезінде олардың қысқа мерзімді курстардан өтіп, онлайн сертификаттардың ие болуын керек критерийлердің бірі деп есептейді. Жұмыс берушілердің айтуынша, алдағы бес жылда жұмыскерлер дағдыларының 44%-ы ескіреді. Орталық Азия елдерінде бұл көрсеткіш 47 пайызды құрамақ", - деді сарапшылар.

Еліміздегі еңбек нарығының әлемдік көшке ілесу үшін өзгеріске ұшырайтыны сөзсіз. Адамдар кәсіби біліктілігін жетілдіруді әдетке айналдырса, бұл үдерістің белсенді қатысушысына айнала алады.

"Ондай болмаған жағдайда еңбек нарығын заман ағымына ілескендер басуы мүмкін", - дейді HR саласын зерттеушілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу