Жұмыссыздықты жоюға 800 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3422

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы еңбек нарығындағы жағдайды жақсартқан жоқ. 

Жұмыссыздықты жоюға 800 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

Статистика комитетінің мәліметінше, осыдан 4 ай бұрын 440 мың адам жұмыссыздардың қатарында болған. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраған.

Енді мына қызыққа қараңыз, 2 жыл бұрын нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанда жоғарыдағы орган елімізде 439 мың адам екі қолға бір күрек таба алмай жүргенін жариялаған.

Сонда қалай, 2 жылда жұмыссыздар саны 1 мың адамға ғана өскен бе? Өссе, неге өскен? "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздар санын азайту  үшін жүзеге асырылып жатқан жоқ па? Дәл осылай болса, 2 жылда еліміздегі жұмыссыздар саны неге азаймаған?

Үкімет жұмыссыздықпен күреске қыруар қаржы бөліп жатыр. Мысалы,

республикалық бюджеттен жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті қолдауға

2019-2021 жылдарға 75, 5 млрд теңге қарастырылды. Бірақ еңбек нарығындағы жағдай жақсарған жоқ. Бүгінгі таңда "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздар санының көбеймеуіне ғана ықпал етіп тұрған тәрізді. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев: "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының басты міндеті – бірінші, оқыту, екінші, кәсіпке үйрету, үшінші, жұмысқа орналастыру. Өкінішке қарай, кейбір өңірлер берілген тапсырманы нашар орындаған. Мысалы, "Бизнес бастау" бағдарламасының орындалуы Алматы қаласында -37, Шымкентте - 26, Нұр-Сұлтанда - 6%. Берілген гранттар саны мен гранттарды игеру бойынша Түркістанда -15, Шымкентте - 4, Нұр-Сұлтанда -23%. Шағын несиені игеру бойынша Маңғыстауда - 42 , Шымкентте - 41, Нұр-Сұлтанда 49%", – деді.

Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов болса, алдағы 5 жылда елімізде 2,6 млн жаңа жұмыс орны ашылатынын айтады. Ресми дерек бойынша жұмыссыздардың саны 500 мың адамға да жетпейді. Сонда дейміз-ау,  миллиондаған жұмыс орны кімге, неге қажет?

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде құны 41,6 трлн теңгені құрайтын инвестициялық жо­ба­лардың пулы жасалған. Жоба аясында 2025 жылға дейін 1,3 млн кадрға  сұраныс туады.

"2019-2025 жылдар аралығында 2,6 млн жаңа жұмыс орны ашы­лады. Оның жартысы 41,6 трлн теңге тұратын жаңа инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру кезінде пайда болады. Жұмыспен қамтылған халық саны 2018 жылғы 8,7 млн адамнан 2025 жылға қарай 9,3 млн адамға дейін өседі, – деді Руслан Дәленов.

Сандарды сөйлетіп, 9,3 млн-нан 8,7 млн-ды алсақ, 0,6 млн қалады. Бұл 600 мың жаңа жұмыс орны деген сөз. Осы орайда министрдің мәлімдемесіндегі қалған 2 млн адам қайда деген заңды сұрақ туады.

Шынтуайтына келсек, 2025 жылға дейін нақты 600 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қалған 2 млн адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта даярлаудан өтіп, бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысады. Яғни қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді.

Бізге неге осыны министрдің халыққа түсінікті тілмен жеткізбегені және не үшін әсіреқызыл сөзге ұрынғаны белгісіз.

Біле жүріңіз, 2011 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасына 800 млрд  теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ал 2020-2022 жылдар аралығында "Еңбек" бағдарламасы бойынша қосымша 186 млрд теңге бөлінеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу