Жүн өңдеу саласындағы басты мәселе – шикізат сапасының төмендігі

Республикада жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі, оның тек 33% немесе 13,3 мың тоннасын пайдаланылады. 

Жүн өңдеу саласындағы басты мәселе – шикізат сапасының төмендігі Фото: yandex.kz

Жүннің 67%-ы қылшық және жартылай қылшықты жүн болғандықтан ол өңделмейді және тоқыма өнеркәсібінде оған сұраныс жоқ. Киіз және киізден жасалған аяқ киім фабрикалары аз ғана бөлігін өңдейді. Сенатта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай деп мәлімдеді. 

"2023 жылғы ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі жүнді экспорттауға кедендік баждарды алып тастауға бастамашылық жасады. Алайда бұл экспорт көлемінің өсуіне әсер еткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы 40,6 мың тонна жүннің жалпы көлемінен тек 14% немесе 5,7 мың тонна экспортталды.  Жүн өңдеу үлесінің төмен болу  мәселесінің шешімі қылшықты және жартылай қылшықты жүнді өңдейтін кәсіпорындар құру болып табылады", – дейді министр. 

Мәселен Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 2,1 мың тонналық қылшықты жүнді өңдейтін "ҚАЗФИЛТЕК" ЖШС инвестициялық жобасын іске қосу жоспарлануда, ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін пайдаланатын болады. Жобаны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу үлесі бар жүнді өңдеу жөніндегі паспорт енгізілген.

"Сондай-ақ біздің тапсырмамыз бойынша Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары жылыжайлар үшін гидропоника ретінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнді пайдалану технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуде. Зерттеудің қорытындысы бойынша технологияларды өнеркәсіптік өндіріске беру жоспарлануда", – деді Қарашөкеев. 

Нәтижесінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнге ішкі нарықта сұранысты тудыруға және дайын өнім түрінде экспортқа шығару жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу