Көктем шығысымен әр тиынын маңдай тер, табан ақысымен табатын қарапайым жұмыскерлердің жүрегінде бір үміт оты тұтанады. Ол – жақындап қалған Наурыз мерекесі. Егер сіз тағдырдың жазғанына көніп, мына қулықтарды пайдаланбай, қапы қалсаңыз, биыл небәрі 5 күн ғана демалып, қайтадан жұмыстағы күнделікті қуқы тірлікке ораласыз.
Ал, өндірістік күнтізбеде әлдеқайда жомарт мүмкіндіктер қарастырылған. inbusiness.kz жұмысқа шықпай, жүйкені жұқартпай, рекордтық 9 күндік демалыс алудың "құпия схемаларын" түсіндіреді.
Сенбіде ел ең шуақты, көптен күткен халықтық думан – әз-Наурыздың қызығына батқалы тұр. "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға сәйкес, Ұлыстың ұлы күні құрметіне қазақстандықтар қатарынан 3 күн – 21-23 наурыз аралығында демалуға тиіс.
Бірақ биыл жұлдыздар мен күнтізбе жұмысшылардың шашбауын көтеріп: 21 мен 22 наурыз сенбі-жексенбіге келгендіктен, олардың демалысы автоматты түрде 24-і мен 25-іне ауыстырылды. Нәтижесінде, 21, 22, 23, 24 және 25 наурызда, қатарынан бес күн бойы табақ-табақ ет жеп, армансыз пырылдап ұйықтауға ресми рұқсат бар.
Нағыз "демалыс гурмандары" мұны да азсынады. Өйткені әдеттегі демалыс күндерін – сенбі-жексенбіні есептемегенде, қосымша демалыс заңда қарастырылғандай бәрібір тек 3 күнді құрайды (23, 24 және 25 наурыз). Оның ар жағында қайтадан 2 жұмыс күні менмұндалайды.
Әйтсе де, егер қаласаңыз, осы тынығудың ұзақтығын заңды түрде бір жарым аптаға соза аласыз. Қалай? "Учет.kz" сарапшыларының түсіндіруінше, наурызды үй мен жұмыс арасында мең-зең күйде сенделумен өткізбей, демалыс, қыдырыс, саяхат режиміне ауыстырғыңыз немесе жеке және отбасылық шаруаға арнағыңыз келсе, 21-нен 29 наурызға дейін "каникулға" қол жеткізуіңізге мүмкіндік бар.
№1 тәсіл – еңбек демалысын алу
Көктемгі авитаминоз бен эмоционалдық қажу сізді әбден титықтатса, бар болғаны 2 күнге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын алсаңыз, жеткілікті. Әр еңбекшінің шағын Ата заңы – Еңбек кодексі әрбір жұмыскерге кемінде 24 күнтізбелік күн "жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысын" беруді кепілдендіреді, әрі оны қалауыңызша бөлуіңізге болады.
Сізге тиесілі 24 күннің небәрі 2 күнін 26-27 наурызға қисаңыз, демалыс күндері арасында кетік тістей үңірейіп тұрған екі жұмыс күнін "жабасыз". Сонда 9 күн бойы жұмыс туралы ойламауыңызға болады.
Бірақ бір ескерту бар: бухгалтерлердің хабарлауынша, бұл әдісті көп адам қолданады. Сондықтан бастықтың алдына ертерек барып, ақ батасын алып алыңыз. Себебі көктемде жылы жаққа тек құстар ғана емес, әріптестеріңіз де жаппай "ұшып кетуді" армандайды.
№2 тәсіл – 2 күнге сұрану
Бұл әдіс басшыңыз – жан жомарттығы дариядай мол, түсінігі шексіз, мінезі көктемнің ең жұмсақ шуағындай, сирек кездесетін асыл жан, адамгершіліктің эталоны болса ғана жарайды. Мұндай абзал адаммен жай ғана сөйлесіп, "ағатай, 2 күнге жіберші" деп келісуге және "отпускті" құжаттаудың машақатына бас қатырмауға болады.
"Эйчар" саласындағы кадр ісінің білгірлері бұл жерде дабыл қағады: қосымша екі күн ғана демалыс алу үшін қиялдан құрастырып, қара аспанды төндіріп, сұрануға жалған сылтау ойлап табуға әуре болмаңыз. Өтіріктің құйрығы қысқа, күндердің бірінде "креативіңіз" әшкере болып, алдағаныңызды біліп қойса, беделіңізге өзіңіз балта шабасыз. Басшының сенімі наурыздағы күнге еріген қардай лезде ғайып болады.
Ең дұрысы – заңды жол: жұмыс берушіге ресми түрде, жазбаша өтінішпен жүгініңіз. Сол өтініште сіз өзіңізге тапсырылған істің бәрін алдын ала, тап-тұйнақтай әрі мерзімінде тындыратыныңызды, ал, сіз болмайтын күндерде қордаланар міндеттерді кейін еселеп өтеп беруге дайын екеніңізді баяндаңыз. Яғни өзіңізді жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде көрсетудің таптырмас сәт осы.
Басшының "жарайды" деген ризалығын жай сөз жүзінде қалдырмай, құжатқа түсіріп алған жөн. Бұл – ертең аяқ астынан "жұмысқа шықпады" деген айып тағылып, "бап бойынша" шығарып жіберу қаупінен қорғайтын қалқан. "Есіңізде ме, дәлізде жолыққанда келісіп едіңіз ғой" дегендей ауызша уағдаластыққа сену әбестік: куәгеріңіз болмаса, мұндай дәлелдің сот алдында салмағы болмайды.
№3 тәсіл – жалақы сақталмайтын демалыс алу
Кеңсе дәліздерінде үнсіз ғана өрбитін интригалардың тілін меңгерген, еңбек құқығының қыр-сырын жатқа соғатын "көрегендер" бір құпияны сыбырлап жеткізеді: әлгі екі тәсілге қиналғыңыз келмесе, "жалақы сақталмайтын демалыс" туралы өтінішті бастығыңыздың алдына сырғыта салуыңызға болады.
Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, кез келген жұмыскер кез келген күні осындай демалыс сұраса, кез келген басшы қаласа да, қаламаса да, оған бұл уақытша азаттықты сыйлауға міндетті. Заң тілінде бұл кеңшілік "Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың бір түрі" деп әдемі аталады да, қажыған пенделерге шұғыл демеу болады.
Мұның ең "тәтті" тұсы және сұранып кетуден басты айырмашылығы сол, өз есебінен алынған демалыс сізді кейін сол екі күн үшін жұмыс істеп, еңбекпен өтеу міндетінен құтқарады.
Ал, егер жұмыс беруші "өткізіп алғаныңды өте!" деп табанды талап қойса, онда кодекс компанияның қалтасына қол салады: жұмыскердің "жалақы сақталмайтын демалысы" жалақысы төленетін күндерге айналады. Оған қоса, жалақы сақталмайтын демалыс күндері сіздің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысыңыздың есебіне кірмейді.
№4 тәсіл – тіркелген емхананыңыздан көмек
Ең кең таралған әрі аяқ-астынан алуға болатын қолжетімді демалыс түрі – тіпті бастықтар мен шенеуніктердің өздері де шебер қолданатын айла: емханадан берілетін сиқырлы қағаз. Ресми атауы – уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ("больничный").
Күнделікті күйбеңнің қамытынан босай алмай, дәрігерге баруды кейінге ысыра берсеңіз немесе Наурызда қазақы кең пейілдің "құрбаны" болып, дастарханның бар байлығын қарныңызбен "зерттеп", "ауырыңқырап" қалсаңыз, көп ойланбай-ақ, медицина қызметкерлерінің ордасына бет алыңыз және емханаға кеткеніңізді жұмысқа хабарлап қойыңыз.
Ақ халатты абзал жандар сіздің "хәл үстінде" жатпағаныңызды көріп тұрса да, түріңіздегі "терең мұң мен шаршаудың үйлесімін" көріп, аяушылық танытуы, жарамсыздық парағын рәсімдей салуы әбден мүмкін. Өйткені бір жағынан, бұл "мейірімділіктің" қаржылық салмағын мемлекет емес, жұмыс беруші көтереді ғой. Екінші жағынан, сырқатты симулянт санап, кері қуа салса, артынан бірдеңе бола қалса, таяқтың бір ұшы өзіне тигенін ақ халаттылар қаламайды.
Сөйтіп, ешқандай артық тергеусіз-ақ сізді еңбек майданынан уақытша босатып жібереді. Әрине, бұл жағдайда әдеттегі жалақыңыз қолыңызға тимейді. Бірақ оның орнына басқа бір "сыйлық" қылаң береді. Еңбек кодексінің 133-бабы бұл мәселені алдын ала ойластырып қойған: жұмыс беруші сізге өз қаражаты есебінен "еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы" төлеуге міндетті.
Ал оның сомасын есептеу тіпті қиын емес: жәрдемақының мөлшері жұмыскердің орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңіндегі жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы айқындалады.
№5 тәсіл – скринингтен өту
Жалпы, кеңседе "тірі қалудың" білгірлері наурыздағы каникулды шектен тыс ұзартудың өзге "экзотикалық" тәсілі де бар екенін нұсқайды. Мысалы, Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкерге "бір жыл ішінде 3 жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс" беруге міндетті.
Егер сіз терапевтіңізбен толық түсіністікке қол жеткізсеңіз және жасыңыз медициналық скрининг талаптарына сай келсе, онда осы тексерулерді дәл 26-27 наурызға жоспарлауға болады. Мұндай жағдайда ешкім сізді кейін бұл күндерді еңбекпен өтеуге мәжбүрлей алмайды – заң сіздің жағыңызда. Сондықтан әріптестеріңіз бейнеттеніп, тер төгіп жатқанда, сіз заң аясында өз денсаулығыңызға алаңсыз көңіл бөле аласыз.
№6 тәсіл – донор болу
Денсаулығы мықты, жүйкесі берік, ине тықса шыдаймын деген азаматтар үшін Наурыз демалысын тіпті 10 күнге дейін созудың тағы бір айласы бар. Бірақ бұл жолы жай ғана өтініш жазып құтыла салмайсыз – Қан орталығына арнайы сапар шегуге тура келеді.
Бірден ескертіп қоялық: бұл "квест" кез келген ойыншыға ашық емес. Денсаулық жағдайына байланысты қан және оның құрауыштарын тапсыруға рұқсат етілмейтіндер бар. Дәрігерлердің түсіндіруінше, егер көзіңіз нашар көрсе немесе ағзаңызда темір жетіспесе, донор боламын деп жүріп, өзіңізге зиян келтіріп алуыңыз мүмкін.
Ал, енді заң жағына келсек, мұнда бәрі ойластырылған. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 208-бабы сіздің бұл ерлігіңізді қуаттайды: медициналық тексеруден өтетін күні де, тікелей қан немесе оның компоненттерін тапсыратын күні де сіз жұмыс атаулыдан бір күнге босатыласыз. Әрі орташа жалақыңыз сақталады.
Яғни бір жағынан – адамзатқа пайда, екінші жағынан – әмиянға тиын-тебен түседі. Дегенмен шұғыл тапсырмаларды жарға жықпау және басшылықтың "қайда жоғалып кеттің?" деген күңкілінен құтылу үшін бұл күні кеңседе болмайтыныңызды, адамзатты құтқару миссиясымен айналысатыныңызды алдын ала ескертіп қойған жөн.
Қосымша мүмкіндіктер
Жүкті аналар қаласа, 26 наурыздан бастап-ақ декреттік демалысқа шығып, жұмыстағы дедлайндарды босанудың қамына айырбастай алады. Яғни, наурыздық каникулды ана болудың шарапатына ұластырады. Кеңсенің қатаң тәртібінен – бесіктің тербелісіне: міне, нағыз өмірлік табиғи трансформация.
"Жүкті" әйелдердің қоржынында тағы бір мықты "көзір" бар: Еңбек кодексі аяғы ауыр жұмыскер айымдарға "кемінде 3 жұмыс күні көлемінде 12 аптаға дейін жүктілігі бойынша медициналық есепке қоюға арналған демалыс" береді. Заңның өзі рұқсат беріп тұрған соң, ана мен болашақ баланың денсаулығына көңіл бөлудің бұдан артық сылтауы бар ма?
Жалпы, Еңбек кодексі демалысты ұзарту тұрғысынан нағыз "қазына сандығы" іспетті: мұнда мысалы, өндірістен қол үзбей білім алуға мүмкіндік беретін "оқу демалысы" да бар.
I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да жағдай жасалған: олар үшін жыл сайын кемінде 6 күндік қосымша ақылы демалыс қарастырылған. Бұл – тынымсыз еңбек күндерінің арасында сауығып алуға берілген мүмкіндік.
Ең ауыр, ең күрделі жағдайда жұмыс істейтіндер де назардан тыс қалмаған: "Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес ұзақтығы кемінде күнтізбелік 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі".
Наурыздағы демалысты қалай ұзартатыныңыз – тек өз еркіңіздегі шаруа. Мұнда сіздің қиялыңыз, денсаулығыңыз, ұжымдағы беделіңіз және басшыңызбен арадағы сенім-құрмет деңгейі рөл атқарады. Ең маңыздысы – келіссөз жүргізе білу өнері: бәрін ренжітпей, өзіңізге тиімді жағдай жасап шығу – нағыз шеберліктің белгісі.
Демек, қажет деп тапсаңыз, ұсынылған нұсқалардың бірін не бірнешеуін таңдап, көктемгі демалыстан барынша ләззат алыңыз!