Жұрт неге жапатармағай Алматы мен Астанаға көшіп жатыр?

13615

Осыған орай Үкімет шаралар қабылдайды.

Жұрт неге жапатармағай Алматы мен Астанаға көшіп жатыр? Фото: inbusiness.kz

Республикамызда былтырдан бері миграциялық тоқырау аяқталды. Көші-қон айырымында оң салдо тіркелуде. Атап айтқанда, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айындағы жағдай бойынша 2023 жылдың басынан бері Қазақстанға 21 337 адам шетелден көшіп келген. Осы кезеңде 13 807 экс-азаматымыз шетелге қоныс аударған.

2022 жылы елге келгендер саны 17 425 адамды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,8%-ға артық. Бұл ретте Қазақстаннан кеткендердің саны 25,1%-ға азайды.

Бүгінде қазақстандықтар негізінен, құт мекенін шет елдерде емес, Қазақстан өңірлерінің арасынан таңдайтын болған. Мысалы, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы саны 337 мың 791 қазақстандық дүние-мүлкін көлікке тиеп, үдере көшті. Әрине, олардың бәрі ішкі қоныстанушылар, яғни жерұйығын қазақ елінің өз ішінен іздеді.

Статорган қазіргі халық қоныс етуді қаламайтын аутсайдерлерді тізбеледі. Бұлар – Ұлытау (биыл 4 952 адам ғана көшті), Батыс Қазақстан (5 816), Солтүстік Қазақстан (6 820), Шығыс Қазақстан (7 091), Атырау (7 093), Маңғыстау (7 140), Ақтөбе (7 489), Қостанай (7 564) облыстары. Бұдан Қазақстан халқының көрші Ресеймен шектесетін өңірлерден аулақ болғысы келетіні байқалады.

Халықтың қалауына айналған өңірлерге келсек, 2023 жылғы көшті Түркістан облысы бастады (44 276 адам көшкен). Одан кейін Алматы қаласы (39 096), Астана (38 406), Алматы облысы (38 003) және Шымкент (28 634 адам) келеді.

Жалпы, елордаға және Алатау бөктеріндегі әсем қаламызға жыл сайын тұтас шағын бір "қала" қосылады (2022 жылы Астанаға – 33 798, ал Алматыға – 35 302 адам көшіп келіпті).

Мұнда бір гәп бар. Қоныс аударған адамдар Түркістан мен Алматы облыстарының орталығымен шектелмей, әр ауыл-аудандарына бет қойып, жайыла таралса, ал үш мегаполисте келушілер қаланың өзі мен айналасында шоғырланады. Осылайша, тұрғындар тығыздала түсіп, инфрақұрылымға қосымша жүктеме артады.

Қазақстан халқының шекаралас өңірлерден үдере көшіп, үш ірі қала айналасында жинала бастауы Үкіметтен елдің шетінде, желдің өтінде тұрған шалғай елді мекендерді, шекарадағы өңірлерді қарқынды дамытудың, сол жаққа көшуді ынталандырудың тиімді, тың, жасампаз шараларын қабылдауды талап етеді.

Әзірге билік стратегиялық ойлау қабілетін паш етпей, ағымдағы мәселелерді шешумен шектелуде.

Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі. Құжатта не ұсынылады?

Онда біріншіден, қарқынды өсіп келе жатқан тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін үш мегаполистің қалалық инфрақұрылым ресурстарының тапшылығы мәселесін шешудің жаңа тетіктері қарастырылады.

"Қалалық инфрақұрылым ресурстары, соның ішінде жылу, су, энергиямен жабдықтау, кәріз, денсаулық сақтау және білім беру объектілері және басқаларының әлеуеті шектеулі және олардың бәрі тұрғылықты халықтың белгілі бір санына ғана есептелген. Алайда қазіргі тенденциялар халықтың саны мен оның қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті инфрақұрылым объектілерінің қуаты арасында айтарлықтай алшақтықтың туындауына соқтырды. Сонымен қатар, мұндай теңгерімсіздіктер жол инфрақұрылымына шамадан тыс жүктеме түсуіне, кептелістердің пайда болуына, атмосфералық ауаның ластану деңгейінің жоғарылауына және басқа жағымсыз антропогендік факторларға әкеледі", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Мысалы, жер жетпей жатқан көрінеді. Бұл ретте тіпті игермегені немесе мақсатсыз пайдаланғаны үшін алып қойылған жер учаскелері әрі қарай іске жаратылмай, босқа жатады екен. Сондай-ақ жеке адамдардың меншігінде бола алмайтын жер учаскелерінің нысанын өзгерту, қайта ресімдеу мәселелері шешілмепті. Жаңа заң жобасы осы проблемаларды шешуге де бағдарланбақ.

Экономика министрлігінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесі тартып алынғаннан кейін сауда-саттыққа қойылады. Үш аукцион өткізілсе және учаске сатылмаса, тек сонда ғана сот шешімі бойынша ол жер телімі әкімдікке беріліп, "арнайы жер қорына" есептеледі. Бірақ заңнамадағы кереғарлық сол, мегаполис әкімдігіне мұндай қор құру құзыреті қарастырылмапты.

Өйткені арнайы жер қоры тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ғана қамтиды. Яғни, әлгі игілікті негізінен облыс әкімдері пайдалана алады.

Пайдаланылмағаны үшін алып қойылған жер телімдерінің одан әрі паэдаланылмай жатуының тағы бір себебі бар. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (ӘРПК) сәйкес, егер қарсы тарап жоғарғы инстанцияларға шағымданса, кез келген әкімшілік актінің қолданылуы оған шағымдану кезеңіне тоқтатыла тұрады.

"Салдарынан, пайдаланылмайтын жері алып қойылған тұлғалар, компаниялар тоқтаусыз шағымданып, жер телімін ары қарай пайдалану мүмкіндігін бұғаттап тастайды. Сот арқылы қайта ресімдеудің процедурасы орта есеппен 3 айдан 12 айға дейін созылады. Бұл жер учаскесінен бас тарту, талап арыз беру және сот шешімінің шығуы кезеңдерінен тұрады", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта еліміз бойынша пайдаланылмаған немесе мақсатсыз пайдаланылған 8,1 миллион гектар жер анықталды. Соның ішінде 3,4 миллион гектар жерді ескертуден кейін иесінің өзі игере бастады. Сонда небәрі 2,1 миллион гектар ғана мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған миллиондаған гектар дау нысанасына айналып кеткен. Үкімет бұл мәселені шешу жолдарын да зерделеуде.

Мегаполистердің жайына келсек, мемлекеттің иелігіне оралған жерлер тым мардымсыз. 2022 жыл қорытындысында:

  • Астана бойынша – 7 субъекті иелігінде болған жалпы ауданы 11 гектар;
  • Алматы қаласы бойынша – 2 субъектінің жалпы ауданы 0,0054 гектары;
  • Шымкент бойынша – жалпы ауданы 76,6 гектарды құрайтын 391 учаске мемлекеттік меншікке алынды.

Ұлттық экономика министрлігі пысықтап жатқан, үш мегаполистің мәселелерін қатар шешуге арналған жаңа заң жобасында "көші-қон" бағыты бойынша келесідей түзетулер ұсынылады. Біріншіден, "Тұрғын үй қатынастары туралы" қолданыстағы заңын толықтырып, жеңілдетілген тұрғын үй алу үшін "отырықшы цензын" белгілеу көзделген. Мысалы, республикалық маңызды қалаларда азаматтарға тек он жыл тұрған соң ғана үй кезегіне тіркелуге рұқсат етілуі мүмкін. Бұған дейін бес жыл тіркеуде тұру талап етілетін.

Екіншіден, "ҚР астанасының мәртебесі туралы" заңға азаматтарды тіркеуге шектеулер енгізу ұсынылып отыр. Мысалы, ақыға "пропискаға" тұрғызатын делдалдар мен олардың "резеңке үйлері" проблемасын жою үшін бір баспананың мекенжайында тіркеуге тұра алатын адамдардың саны шектелмек.

"Жер қатынастары" бағыты бойынша да біраз түзетулер қарастырылған. Бұл ретте сарапшылар ұсынған екі тәсілдеменің бірін министрлік таңдауы керек. Біріншісі бойынша Жер кодексі өзгертіліп, "Арнайы жер қорының" функционалы кеңейтіледі. Оған тек ауыл шаруашылығы жерлері ғана емес, тартып алынған жер учаскелерінің барлық санаттары қосылады.  

Екінші ұсыныс бойынша облыстардың құзыры және қоры қазіргі күйде қалдырылады, тек үш мегаполиске жеке қор құру өкілеттігін беру, сол қорға алып қойылған коммерциялық және басқа мақсаттағы жерлерді енгізу мүмкіндігін беру қарастырылуда. Бұл жағдайда жер учаскелерін осындай қорға есепке алу рәсімдері регламенттеледі.

Сондай-ақ сауда-саттықтан түскен ақшаны бұрынғы меншік иесіне аударуды шектеу, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер учаскелеріне құқықтың түрін қайта ресімдеу қағидаларын бекіту құзырын беру ұсынылады.

Әйтпесе, мысалы, Астананың айналасында ауыл шаруашылығы жерлері әлі де бар. Оларда бірақ мал жаюға тыйым салынған. Содан әлдебір инвестор, кәсіпкер өз қаражатына сонда тұрғын үй, әлеуметтік нысан, коммерциялық объект салғысы келсе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысанын коммерциялық мақсаттағы жер теліміне ауыстыру үшін қыруар шығын шығаруға мәжбүр болады. Жаңа заң қабылданса, ол шығындары күрт азайтылуы мүмкін. Биліктің өзі ауыстырып береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу