Жыл қақтығысы: Израиль Газадағы соғыстың үшінші кезеңін бастайды

1831

Әлем негізінен – Палестина жағында. Енді Израильдің тұрғындары да биліктің саясатына қарсы шығып жатыр. 

Жыл қақтығысы: Израиль Газадағы соғыстың үшінші кезеңін бастайды Фото: freepik

Өкінішке қарай, Израилдің Газа секторына басып кіріп, өңірдегі қалаларды жермен-жексен етіп қиратуға кірісуі – биылғы жылдың ең басты жаңалықтарының біріне айналды. Inbusiness.kz сайты жазғандай, Уикипедия мен Google іздеу жүйесі биыл әлем жұртшылығының ғаламтордан ең көп іздеген тақырыптарының арасында Израильдің Газадағы соғысы "көш басына" шыққанын жариялады.  

Қазан айынан бері жаһандық тренд болған бұл тақырыпқа деген қызығушылық кеміді. Бірақ қырғын жалғасуда. Сарапшылар оның беталысының күрт өзгергенін байқады.   

№1 тренд: Енді Израиль халқы да қарсы

Өткен сенбіде Израильдің әлем таныған төл астанасы Тель-Авивте және басқа да қалаларында халықтық бас көтерулер тұтанды. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ел лидері Биньямин Нетанияхудың "түрме киімі" кигізілген, қолына кісен салынған үлкен қуыршақтарын көтерген жұрт бұқаралық жаппай наразылықтар арқылы Нетанияхуды биліктен аластауды талап етуде.

"Демалыс күндерінен бері мыңдаған израилдік бүкіл Израиль бойынша шеруге шығуда. Олар премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың отставкасын талап етуде. Шерушілердің пікірінше, оның үкіметінің солақай саясаты биылғы 7 қазанда ХАМАС ұйымдастырған қан-қасап қырғынға және содан кейін басталған Газадағы соғысқа соқтырды", – деп жазады израильдік "Detaly" басылымы.

Әрбір елді мекендегі демонстрацияларға жергілікті белсенділер, сондай-ақ Газа мен Ливан шекарасынан мәжбүрлі түрде эвакуацияланып, бүгінде мейірімсіз, арсыз риелторлардың қанауына тасталған тұрғындар жетекшілік етуде. Израилдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, шекарадағы аймақтардан жаппай көшірілген отбасылар ішкері қалаларда еш жиһазы жоқ, жалаң, бос баспаналарды бірнеше есе қымбатқа жалдап тұруға мәжбүр.

Бұларға ЦАХАЛ-дың (Израилдің қорғаныс армиясы) қатыгездігіне қарсы еврейлер мен осы ел құрамына қосып алған аймақтардағы палестиналықтар қосылды.

Шерушілер Нетанияху резиденциясының жанына, Кейсарияға дейін жетті. Әзірге полиция күш қолданып жатқан жоқ, тек тосқауыл қойды.

МЕРЕЦ партиясының бұрынғы жетекшілерінің бірі Яир Голан митингте сөз сөйлеп, соғысқа қарсы екенін білдірді.

"Нетаньяху – сорақы адам. Онда саяси сарабдалдық та, қауіпсіздік туралы түсінік те жоқ. Адамдардың мүддесі оның жүрегін жібітпейді. Тек қара басының қамын ғана ойлаған ол Израильді апат құрдымына тартып бара жатыр. Нетаньяхудың бар қалағаны, көксегені біреу ғана: ол нақты мақсаттары да, шекті мерзімдері де жоқ мәңгілік соғысты қалайды", – деп зілдене сөйлеген Я.Голан министрлерден мемлекетке зиян әкелген "Төтенше әскери үкіметті" дереу тастап шығуға шақырды.

Оның байламынша, елді Нетаньяху басқарып отырғанда, "дерттен айығу процесі де басталмайды". Егер министрлер әскери уақыттағы бұл құрылымнан кетіп қалса, елде билік дағдарысы басталмақ.

Митингшілер "кең ауқымды, ұзақ мерзімді, батыл протесті" бастағандарын мәлімдеді.

Nova фестиваліне ХАМАС шабуылы кезінде қаза тапқан Ротем Нойманның ағасы Рони Нойман кек алу дегенді тоқтатуға үндеді. Ол да барлық айыпты ел басшылығына аударды.

"Нетаньяху израилдік солдаттарды мағынасыз соғысқа айдап салып отыр, ал өзі солардың жерлеу рәсіміне қатысудан да қорқады. Халықтың басым көпшілігі бүгінде оны "ел тізгінін ұстауға лайықсыз" деп санайды. Біз ХАМАС-пен келіссөздерді жақтаймыз. Егер менің жиенімді өлтірушілерді қоя беру Газада қамауда отырған өзге кепілдегілерді босатуға көмектессе, онда мен қаскүнемді де шұғыл босатуды жақтаймын!", – деді Нойман.

Бұл 7 қазан қырғыны үшін "қанға – қан" талап еткен еврей қоғамындағы күрт бетбұрыстан хабар береді.

№2 тренд: ХАМАС кепіліндегілердің түбіне ЦАХАЛ жетуде

Газа секторындағы қалалар мен елді мекендерді жаппай, бас-көз демей, 2 мың пұттық алапат авиабомбалармен, жердегі артиллериямен, теңіздегі кемелерден атқылау барысында біраз израилдік тұтқын қаза тапты.

Ақпарат құралдары кепілдегі израилдіктерді израилдік әскерилердің өлтіруіне қатысты төбе шашты тік тұрғызатын деректерді әшкерелеп жатыр. Мұндай масқаралар ХАМАС шапқыншылығының алғашқы күнінен бері жалғасып жатқаны байқалады. Оның бірі бойынша, яғни 7 қазанда ЦАХАЛ-дың кепілдер отырған үйді қасақана танкпен атқылағанына қатысты ресми тергеу де қолға алынатын болды.

Кеше Израилдің қорғаныс министрлігі Беэри кибуцында болған инцидентке қатысты жан-жақты тергеу жүргізілетінін хабарлады. Сонда 14 кепіл тығылған үйді танкпен атқылап, жарып жіберуге бұйрық беріліпті.

Бұл оқиға туралы The New York Times басылымы зерттеу жүргізіп, егжей-тегжейін жариялады. Америкалық журналистерге кибуц тұрғындары әңгімелегендей, 70 жасар Хадас Даган мен 44 жасар Ясмин Поратты және басқа да 12 адамды лаңкестер Песи Коэннің үйіне қуып тығады. Кепілдердің көбі – қашып үлгермеген қариялар. Екі бала да болыпты.  

7 қазан күні түскі сағат 15:30-да кибуцке ЦАХАЛ-дың арнайы мақсаттағы бөлімшесі кіріп, терроршылдармен шайқасады. Израильдік әскерилер кепілдер отырған үйді қоршайды. Хамастықтар кепілдердің бір бөлігін аулаға шығарып, қолдарында бейбіт тұрғындар барын паш етеді. ХАМАС командирі өз тұтқыны Ясмин Поратқа жүгініп, арағайын болуды, өлтірмеу туралы әскерилермен келісуді сұрайды. Содырлар кепілдерді қалқан тұтып, қауіпсіз шығып кетуді ойластырған.

Келіссөздер нәтижесіз аяқталып, атыс басталады. Осы кезде оқиға орнына 99-шы дивизияның қолбасшысы, генерал Барак Хирамның өзі келеді: оған кибуцты терроршылдардан арылту жүктеліпті.

Күштің тең еместігін түсінген ХАМАС командирі берілуге шешім қабылдайды. Ол шешініп, Ясмин Поратпен бірге сыртқа шығып, израильдік әскерилерге берілді. Содан кейін, ЦАХАЛ танктен атқылауға кіріседі. Періштесі қағып, тірі қалған кепіл Хадас Даган көзін ашқанда, кепілдердің де, іште қалған жалғыз лаңкестің де өліп қалғанын көргенін баяндады. Оның айтуынша, израильдік танктің екінші атысынан кейін снарядтың жарқыншағы Хадастың жаралы күйеуінің қан тамырын тіліп өтіп, ол тіл тартпай кеткен.

Арнайы мақсаттағы бөлімше командирі танкке "тіпті кепілдердің құрбан болатынына қарамастан", үйдің қабырғаларын жапырып, жаншып, тас-талқан етуге бұйрық берген. Бұған сыртта, джип ішінде отырған Ясмин Порат куә болған.

Жалпы алғанда, Беэри кибуцында сонда 89 бейбіт тұрғын жан тапсырды.

Бұдан Израиль жұртшылығы ел қорғаны саналатын армияның басты мақсаты – кепілдерді құтқару еместігіне көз жеткізе бастады.

Сондай-ақ, кеше ЦАХАЛ-дың Газа секторындағы Джабалияда қарсыласы ХАМАС-тың 10 метр тереңдіктегі жерасты штабын жарып жібергені туралы мәлімет тарады. Артынша оның ішінен израилдік 5 кепілдің мәйіті табылды. Мұндай деректер жетерлік.

№3 тренд: Израиль армиясының шығыны артты

ЦАХАЛ өз шығындары туралы ақпаратты аша бермейді. Дегенмен, ресми мәліметке сәйкес, Газадағы соғыс басталғалы израилдік 153 әскери мерт болған. Осының өзі 2006 жылғы Ливандағы соғыстан көп.

Кейбір деректер бойынша, 7 қазаннан бері кем дегенде 486 израилдік әскери қаза тапты. Жараланғаны – мыңдап саналады.

Израильдік ақпарат құралдарының мәліметінше, өткен демалыс күндері, 22–23 желтоқсанда Газада бірден 14 израилдік солдат көз жұмды. Израильдік әскери сарапшылардың пікірінше, "мұндай жоғары шығындар ХАМАС-тың ЦАХАЛ-дың осал жерлерін тауып, сол талмау тұстарына соққы бере бастағанын куәландырады".

Мәселен, 23 желтоқсанда бір ғана инцидентте израильдік 5 жауынгер жер жастанды: хамастықтар израильдік бронетранспортерді танкке қарсы зымыранмен атып, жарып жіберген. Сонда тағы 7 солдат жараланды.

"Галей ЦАХАЛ" радиостанциясының журналисі Дорон Кадоштың жазуынша, сол күні тағы басқа жерде, Газа секторының оңтүстігінде әскери ашық джипте келе жатқан екі израильдік әскериді хамастықтар жолға жасырылған жарылғыш затты жарып, өлтірген.

"Газа секторындағы әскери іс-қимылдар енді герилья, яғни партизандық соғыс кезеңіне өте бастады. Сіз майдан даласында неғұрлым көпке қалсаңыз, дұшпан да сізді соғұрлым жақсы танып, біледі. ХАМАС үйренуде, ол ЦАХАЛ-дың соғыс тактикаларын, әскери айла-шарғыларын зерделеп, осал тұстарын табуда", – деп жазады Дорон Кадош. Мәселен, олар Газа секторындағы кейбір жолдармен цахалдықтардың ашық джиптермен қозғалатынын біліп алған.

Украина майданындағы сияқты, Газа секторында да қарсылас дрондардан бомба лақтыруға үйреніп алды.

№4 тренд: қақтығыс қарқыны баяулады

Әлемдік ақпарат құралдары атысты тоқтатуға қатысты Израильге АҚШ тарапынан қысымның арта бастағанын хабарлауда. Бұл ретте израильдік күш құрылымдарындағы дереккөздер кеше "Исраэль ха-йом" басылымына Газа секторына соққылардың саны кеми бастағанын жеткізді. Бірақ бұған америкалық қысымның қатысы жоқ көрінеді.  

"Мұның шын себебі – кепілдегілерге және бейбіт тұрғындарға кездейсоқ соққы жасауды тыю талабы. Қауіпсіздік саласындағы дереккөзіміздің айтуынша, ЦАХАЛ шабуылдар қарқынын төмендету арқылы кепілдерді кездейсоқ жазым етпеуге ұмтылатын болады", – деп мәлім етті басылым.

Израильдік әскери сарапшылар ЦАХАЛ-дың "Газадағы соғыстың үшінші кезеңіне" ауысқанын хабарлады. Бұл 2024 жылғы қаңтардан бастап, салмақты өзгерістерге түрткі болмақ.

Соғысқа жүздеген мың резервист жұмылдырылды, олардың бәрі әлдебір маңызды жұмыс орнынан жұлып алынды, кәсіпкерлері бизнесін жабуға мәжбүр етілді, мұның бәрі Израиль экономикасына соққы берді. Сондықтан, соғыстың жаңа форматы аясында резервистердің үлкен бір бөлігі үйлеріне қайтарылып жатыр.

Бұған қоса, Израиль Газа секторының ішінде "буферлік аймақтар" құру үшін әскерлерін қайта құратын болады. Осы арқылы ол "елге төнетін қауіпті израильдік шекарадан аулақтатуға тырысады".

Тиісінше, армия қимылының сипаты бірте-бірте өзгереді: әскердің үлкен құрамдарын – Газа секторының солтүстік бөлігінде, шағын бөлімшелерді – оңтүстігінде ұстап тұру орнына, Израиль енді тікелей ХАМАС-тың аман қалған жасақтары жасырынған жерлерге "тұрақты армия бригадаларының нысаналы рейдтерін" ұйымдастыруға кіріседі.   

Соғыстың жаңа фазасы ұзаққа созылатыны және рейдтер саны өте көп болатыны анықталды. Әрбір операцияны Бас штаб, авиация және барлау күштері өзара үйлестіреді.

Бұған дейін, соғысты жүргізген Солтүстік қолбасшылықтың резервистері толығымен демобилизацияланады. Оларды тұрақты әскери бөлімшелер алмастырады.

Демек, бұл өңірде 2023 жылы тұтанған әскери қақтығыс алғаш рет ұзақ созылатын сипат алып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу