Қазақстандықтар мен әлем халқы 2023 жылы интернеттен нені көп іздеді?

3128

Уикипедия мен Google іздеу жүйесі аяқталып қалған ағымдағы жылы адамзат ғаламтордан нені ең көп іздегені туралы қорытынды ақпараттарын жеке-жеке жариялады.

Қазақстандықтар мен әлем халқы 2023 жылы интернеттен нені көп іздеді? Фото: inbusiness.kz

Атап айтқанда, OpenAI компаниясының ChatGPT чат-боты онлайн энциклопедияға кірушілердің барынша көп ықылас-ынтасын туғызыпты. Ал Google іздеу жүйесінде адамдар Газа секторындағы соғыс туралы ақпаратты көбірек сұратқан.

Мұны түсінуге болады. 7 қазанда Хамастың – Израильге шапқыншылығы, артынша Израиль Газа секторына басып кіруі әлем жұртшылығын екіге жарды. Әлем халқының бір бөлігі Израильдің тірлігін құптаса, адамзаттың екінші бөлігі, соның ішінде Біріккен Ұлттар ұйымы да 17 мыңнан астам тұрғынды қырып салған бұл мемлекетті қатты айыптады.

Енді бөлек тоқталсақ. Уикипедия 2023 жылы ағылшын тілді аудитория тарапынан ең көп сұрау салынған және қаралған беттерді атады (орыс және қазақ тілді ортада Уикипедия көп сұранысқа ие емес).  

Бұл рейтинг халықаралық қоғамдастықты жыл бойы қалың, тіпті қайғылы ойлар қаумалағанын паш етті.

Бірінші орынға болашақта көптеген салада адамзатты ауыстырып, жаппай жұмыссыздық тудыруы мүмкін жасанды зерделердің ішіндегі ең танымалы – ЧатGPT шықты. Ол туралы 49,5 миллионнан астам рет сұрау жасалған.  

Екінші орынға "2023 жылғы өлім-жітім" (Deaths in 2023) тақырыбы шықты. Ағылшын тілді аудитория биыл қанша, қандай адамдардың өлгені жазылған беттерді үнемі қарап тұрған. Салдарынан, қаралым саны 42,6 миллионнан асты.

Үштікті Ұлыбританияда және соның отары болған барлық мемлекеттерде, әсіресе Үндістанда аса танымал спорт тұйықтады. 2023 жылғы Крикет бойынша әлем чемпионаты 38,2 миллиондай адамның қызығушылығын туындатыпты.  

Төртінші орынға да Үндістанның Крикеттен Премьер-лигасы көтерілді, 38,1 миллионнан астам сұраныс болған. Бестікке "ақырзаман қаруы" саналатын атом бомбасының қалай ойлап табылғанын суреттеген "Оппенгеймер" фильмі кірді, 32 миллионнан астам қаралым.

Жалпы алғанда, ағылшын тіліндегі Уикипедия беттерін жаһан жұрты 2023 жылы 84 миллиардтан астам рет оқыған екен.

Уикипедия өз аудиториясындағы ақпарат айдынына Үндістандағы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы оқырмандар мен авторлардың ықпалы қарқынды артып келе жатқанына назар аудартты. Бұл сонымен бірге осы мемлекет пен аймақтағы халықтардың білімге ұмтылыс таныта бастағанын да білдіреді.

Үндістан тұрғындарының саны биылғы жыл қорытындысында 1 миллиард 430 миллионнан асады деп болжануда. Соның ішінде интернетке қол жеткізген адамдарының саны 900 миллионға жетпек. Демек, Үнді елінің әлемдік ақпарат айдынына көбірек әсер ете бастауы да кездейсоқтық емес.

Тіпті ағылшынша аудиторияға көп қатысы жоқ қазақстандықтар да YouTube, ТикТок және басқа платформалар Үндістаннан түсірілген видеоларға толып бара жатқанын байқаған болар?

Нәтижесінде, Уикипедияның ең көп қаралатын беттерінің ондығына бұл елдің сүйікті спорты – крикет сыртында, 2 үнді фильмі – "Патхан. Ажалмен арпалыс" (Pathaan) және "Солдат" (Jawan) еніп отыр.

Гуглде ше?

Google іздеу жүйесінің "2023 жыл іздеуде" атты есебіне сәйкес, интернетте ең көп сұрау салынған жаңалықтар тізімін Газа секторындағы соғыс тақырыбы бастады.

Бұдан бөлек, әлемдік ондыққа:

  • "Титаниктің" апатқа ұшыраған орнының жанында биылғы маусымда миллиардерлер отырған "Титан" батискафының батып кетуі;
  • Түркиядағы және Сириядағы алапат жер сілкінісі;
  • АҚШ пен Канаданың біраз елді мекенін жайпап өткен 3 дауыл;
  • Американың Мэн және Теннесси штаттарындағы атыстар;
  • Үндістанның "Чандраян-3" ғарыш аппаратының Айдың арғы бетіне қонуы;
  • Судандағы қырғын соғыс туралы жаңалықтар кірді.

Әлемдік сұраулардың ішіндегі ең танымалдарына сондай-ақ америкалық футболдан Ұлттық футбол лигасының ойыны барысында "Баффало Биллс" клубының 24 жасар ойыншысы Дамар Хэмлиннің жүрегінің тоқтап қалуы (ауруханада дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды); бізде де кезінде жұрт құныға көрген "Достар" телехикаясының жұлдызы Мэтью Перридің өлімі; "Барби" және "Оппенгеймер" фильмдерінің бір мезгілде шығып, әлемдік прокатта бақталасқанын бейнелейтін "Барбенгеймер" мемі қосылды.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстанда қандай да бір көрнекті тұлғаның дүние салғаны туралы қазанамалар – ең көп оқылатын жаңалыққа айналды. Салдарынан, ақпарат агенттіктері, интернет басылымдар әлдебір тұлғаның қайтыс болғаны туралы бірінші болып хабарлап қалуға жанталасады, содан қаралым жинайды.

Гугл сарапшыларының мәліметінше, бұл – әлемдік тренд көрінеді. Биылғы жылы дүниежүзілік аудитория арасында қандай да бір танымал адамның жан тапсырғаны туралы жаңалықтарға көп сұраныс болыпты. Бәрінен көп ізделген ақпараттар – актер Мэтью Перридің, әншілер Тина Тернердің және Шинейд О’Коннордың қазаларына қатысты.

Көрші Ресейде мысалы, ең көп іздеу "Путиннің өліміне" қатысты қауесетпен байланысты болғаны мәлім.

Тірі "жұлдыздар" арасында биыл Тейлор Свифт, Илон Маск пен футболист Лионель Месси – әлемдік басты ньюсмейкерлерге айналды.

Айта кету керек, Google былтырғы 2022 жылы әлемдік ең басты тақырып – "Украинадағы соғыс" болғанын жариялаған болатын. Биыл бұл тақырып ең танымал жаңалықтардың ондығына да кіре алмады. Бұған Ресей және Украина қарулы жанжалының негізінен қорғаныс пен "позициялық соғысқа" көшуі ықпал етсе керек.

Қазақстандықтардың Гуглде нені іздейтініне келсек, "тренд" бойынша бірінші орынға өткен ғасырдың соңында Татарстан астанасы Қазанды дүрліктірген жасөскіндердің бандалары туралы ойдан шығарылған оқиғалар бейнеленген "Жігіт сөзі" телесериалы көтерілді. Сарапшылар оған деген сұраныс жасанды түрде "қыздырылып" жатқанына, фильмнің маркетингі аясында қазақстандық танымал ақпарат құралдарына жасырын жарнама орналастырылғанына назар аудартады.

Екінші орында – Chat GPT. Яғни, бұл жасанды интеллект қазақстандықтардың да іңкәрлігін оятқанға ұқсайды.

Үшінші тұғырға Character.ai қонды: Қазақстан халқы, әсіресе жастар жағы "нейрондық тілдік модельмен" жұмыс істейтін чат-бот функциялары бар осы қосымшаға тым үйірсек болып алғаны жасырын емес.

Жалпы алғанда, "Трендті" емес, Google арқылы ең көп ізделген ("Көшбасшылар") тақырыптарды алсақ, қазақстандықтар арасында 2023 жылы негізінен "Ауа райы", "Аудару сервисі" (переводчик), түрлі фильмдерді, әндерді жүктеу және оқушылардың "Күнделік" сервисі бәрінен көп сұранысқа ие екені анықталды.

Ал шетелдіктер арасында Гуглде биыл еліміз туралы біріншіден, "Ауа райы", екіншіден, әлдебір сөзді қазақшадан тәржімалау, үшіншіден, Қазақстанның өзі туралы ақпарат, төртіншіден, Алматы туралы мәліметтер, бесіншіден, елдегі орыс тілінің жағдайына қатысты жаңалықтар көбірек қызықтырған болып шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу