Жыланды арал жауға жақпады

2916

Халықаралық қоғамдастық Кремльдің бүкіл Украина территориясына қатысты "ізгі ниет" танытуын күтіп отыр. Бұл ретте Змеиный аралы Ресейдің "Ахиллес өкшесіне" айналып кетуі ғажап емес.

Жыланды арал жауға жақпады

Мәскеу қарулы жанжалды Змеиный аралын басып алудан бастағаны мәлім. Биылғы 24 ақпанда аралға тақап келген РФ әскери-теңіз күштері "Москва" крейсерінен украиналық шекарашылармен байланысқа шығып, оларға өз еркімен берілуді ұсынды. Оған шекарашыларының жауабы артынша Украинада қанатты сөзге айналып кетті.

Әрине, қолдарын көтеріп, бас имегендіктен, қарсылас шекарашыларды аямады, шағын ғана аралды үстемелете бомбалап, барлық инфрақұрылымды тып-типыл етті, отан қорғаушылардың бір бөлігін жер жастандырды, аман қалғанын тұтқындады. Осылайша, Ресей алғашқы күннен-ақ Қара теңіздің украиналық жағалауларын бұғаттап, толық үстемдігін орнатты.  

Сол кезден бері ресейлік пропаганда өз жетістіктерін қомпайта көрсету үшін Змеиный аралының қандай стратегиялық маңызы барын аузынан суы құри сипаттайтын. Ірі жеңіс ретінда оған жеке бағдарламалар арналды.

Енді ол шудың бәрі сап тыйылды. 30 маусымда Украина Қарулы күштерінің "Оңтүстік" оперативті қолбасшылығы ресейлік әскерилердің аралды шұғыл тастап шыққанын хабарлады. Германияның жетекші Deutsche Welle басылымы УҚК мәліметіне сілтеме жасап, РФ әскерилері аралды украиналық әскердің қаптаған әуе шабуылынан кейін тәрк еткенін жазды. Өйткені дәл соның қарсаңында Украина жағы теңіз ортасында жападан жалғыз тұрған, оңай нысана саналатын Змеиныйды зымырандармен және алысқа ұратын артиллериямен аяусыз соққылаған. Ондағылардың алақандай аралда жан сауғалайтын панасы да болмады. Аралдан көтерілген қап-қара түтіндер аспанға дейін бұрқырап, алыстан менмұндалаған. Сондай-ақ қашар алдында РФ әскерилері дұшпанның қолына түспеуі үшін аман қалған әскери техника мен қару-жарақты жарып кеткен.

Ізінше, Одессаға жақын орналасқан Змениныйдан барлық әскерін әкеткендерін Ресей Қорғаныс министрлігі де растады. Оның өкілі мұны "ізгі ниеттің ишарасы" деп атады.

"Ресей әскерилері Змеиный аралындағы міндеттерін орындауды аяқтады және ондағы гарнизонды алып шықты. Бұл қадамның мақсаты – Ресей Украина аумағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін теңізбен тасымалдау үшін гуманитарлық дәлізді ұымдастыруға бағытталған БҰҰ-ның күш-жігеріне тосқауыл қоймайтынын әлемдік қоғамдастыққа паш ету", – деп мәлімдеді РФ қорғаныс ведомствосы.

Бірақ халықаралық сарапшылар бұған күмәнданады. Себебі, Ұлыбритания Корольдік қорғаныс зерттеулері біріккен институтының (RUSI) сарапшысы Джастин Бронктың айтуынша, РФ шетелдік кемелердің бұл аумаққа бұрынғыдай кіруіне тоспа құруын жалғастырды. Сондай-ақ Змеиный аралын да ізгі ниеті аясында Украинаға кері табыстамады: егер украиналық әскерлер аралға барып, қайта бекінуге талаптанса, үдемелі соққының астында қалдырады.  

Змеиный аралының Ресей үшін символдық мәні бар. Соғыстың бастапқы кезеңінде дәл осы аралдың қолға түскенін естіп, ресейлік саясаттанушы, халықаралық Еуразиялық қозғалыстың жетекшісі Александр Дугин қуанышы қойнына симай шаттанды.

"Біздің әскер Змеиныйды алды. Қара теңіздегі Змеиный аралы киелі, сакральды географияда басты рөл ойнайды. Василэ Ловинеску (Гетикус) баяндауынша, онда Аполлонның байырғы ғибадатханасы орналасқан. Змеиныйды кім бақылауында ұстаса, әлемдік тарихтың тегершігін де сол айналдырады", – деп жазды Александр Дугин.

Reuters дерегінше, осы арал туралы алғашқы естеліктер Ежелгі Грекиядан тарайды және Троя соғысы туралы аңыздарда айтылады. Байырғы гректер оны "Ақ арал" немесе "Ахиллес аралы" деп атаған. Соңғысы – ежелгігрекиялық аңыздағы ең осал жері – өкшесі болған, соған тиген оқтан қаза болған атақты кейіпкер екені белгілі.

Сакральды мағынасы сыртында, бұл аралдың бірінші кезекте әскери маңызы да зор. Жалпы алаңы небары 0,17 шаршы шақырым немесе шамамен 20 футбол алаңын ғана құрайтын ұлтарақтай осы жартасты жер Украинаның жағалауынан бар-жоғы 35 шақырымда орналасқан. Осы тұстан Румынияның шекарасына да қолсозым жер, тиіп тұр. Тиісінше, осы аралдан Ресей әскері қарсыласының жағалауының үлкен бөлігін – Қара теңіздің солтүстік-батыс телімін, украиналық қалалар мен деревняларды, сонымен қатар теңіз сауда маршруттарын бақылауда ұстай алды. Украина Қарулы күштерінің байланысын тыңдады. Бидайының экспортын бұғаттады.

Алғашында Украинада оған қылар қайран болмады. Алайда Батыстан алысқа соққы беретін гаубицалар мен зымырандар келе бастасымен жағдай өзгеріп сала берді.

Әскери-саяси сарапшы Юрий Федоров The Insider-ге сұхбатында Украина тарапы аралды америкалық HIMARS дүркін атыс реактивті жүйесімен соққылаған деп тұспалдады.

"Негізі, Кремльдің ізгі ниет туралы мәлімдемесі – өтірік әрі екіжүзділік. Ол жерде ешқандай ізгі ниеттің ишарасы да жоқ. РФ Қарулы күштері Украинаға батыстық қуатты қару, соның ішінде америкалық дүркін атыс реактивті жүйелері жеткізілген соң Змеиныйдан бас сауғалауға мәжбүр болды. Бұл аралды ары қарай қорғау мүмкін болмай қалды. Аралдың беті жазық, қалқалайтын жері жоқ. Жаңа HIMARS-тар келгенше, Украина аралға ұзақ уақыт бойы беспилотниктер мен авиациясы арқылы өз бетінше соққы беруге тырысты. Дегенмен, ұшқышсыз аппараттар да, ұшақтар да осал еді, әрі олар Украинада көп емес. Содан Ресей аралға қаптаған қуатты қаруларды әкеліп, 20 шақырымға дейінгі қашықтықты және 10 шақырымға дейінгі биіктікті қамтыған әуе шабуылына қарсы мықты қорғаныс құрды", – деді әскери эксперт. 

Содан Ресей тарапы украиналық авиацияның ірі шығынға ұшырағанын хабарлап жүрді.

Сарапшы Украинаның бір әскери қулығын, айла-шарғысын атады: олар өткен аптада 90 келілік зымырандардың үлкен санын бірден дүркін ататын батыстық қаһарлы қару пайда болысымен, аралды соққылауға жедел кіріспеді, Змеиныйдың ресейлік заманауи қару-жарақ пен техникаға толуын күтті. Содан алдымен РФ Черномор флотының "Спасатель Василий Бех" (СБ-739) алып буксиріне жойқын соққы жасады. Бұл кеме ресейлік теңізшілерді, қару-жарақты, техниканы, оқ-дәріні тасыды. Тіпті аралдағы "Тор" зениттік-зымыран кешені де америкалық "Гарпун" зымыранын тоқтата алмады.

Нәтижесінде, Украина ақыры аралды қарша бораған зымыранның астында қалдырғанда, Змеиныйдағы аса қымбат техниканы эвакуациялайтын кеме табылмаған. Сарапшылардың мәлметінше, аман қалған әскерилер аралдан шағын катер-қайықтармен қашуға мәжбүр болыпты.  

"Ресей бұл аралды ары қарай қару-жарақпен және оқ-дәрімен, басқа да азық-түлік, қажетті заттармен жабдықтай алмайды. Өйткені аралға таяп келген кемелерді америкалық зымырандармен атып, жояды. Әсіресе, америкалық кемеге қарсы зымырандар пайда болғалы, бұл аралға жақындау қауіпті болып кетті", – дейді Юрий Федоров.

Филадельфиядағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының (FPRI) ақпараты бойынша, Ресей жағы осы аралды қорғау жолында Раптор типіндегі 4 катерінен, Серна типті десанттық катерінен, алып буксир-кемесінен, Тор зениттік-земеран кешенінен, бірнеше Панцирь зениттік зымыран-зеңбірек кешенінен, РЛС жүйесінен, Ми-8 тікұшағынан, жауынгерлерінен айырылған. 13 сәуірде Украина жағы отандық өндірістегі "Нептун" зымырандарымен соққы беріп, "Мәскеу" крейсерін теңіз тұңғиығына батырып жіберді.

Негізі, соғыс тоқтап, бейбіт заман оралса, бұл арал қайта гүлденуі мүмкін. Кезінде аңыздарға арқау болған Змеиныйға Румыния да таласыпты. Аралдың маңындағы теңіз түбі мұнайға және газға толы.

Әйтсе де, 2009 жылы Гаагадағы БҰҰ Халықаралық соты бұл дауға нүкте қойды. Киев аралға баяғыдан ел қондырғанын дәлелдей алды: онда экономикалық қызмет жүзеге асырылды, әскерилерді, маяк-шамшыраққа қызмет көрсететін персоналды, ғалымдарды және олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, шамамен жүз шақты Украина азаматы тұрды.

Қазір ол бейбіт, бақуатты күн алыстап кетті. Арал сұрапыл соққылар салдарынан шұрық тесік, ойдым-ойдым болды, ұзақ өртенген, ғимарат-нысандардың бәрі жермен-жексен қирады. 

Халықаралық қауымдастық Змеиныйдың азат етілуі украиналық астықтың әлемдік нарыққа экспортына жол ашады деп үміттенеді. Бұл – Украина экономикасын көтеру және жаһандық ашаршылықты болдырмау үшін стратегиялық маңызға ие.

Ал халықаралық сарапшылар "Кремль дәл осы арал сияқты енді бүкіл Украина территориясына қатысты ізгі ниет ишарасын танытып, тастап шықса дұрыс" деп отыр. Себебі, Мәскеу Киев, Сумы, Чернигов, Николаев облыстарын тастай қашқанда да, шегінісін "ізгі ниетіміз" деп түсіндірген болатын.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу