"Жылдың соңында Қазақстанға сауда миссиясын әкелеміз"

2155

Қазақстан мен АҚШ-тың сауда байланыстары және инвестициялық жобалары және Ресейге салынған санкция салқыны Қазақстанға тимеуі үшін қандай қадамдар жасалатыны АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм мырзамен болған сұхбатқа арқау болды.

"Жылдың соңында Қазақстанға сауда миссиясын әкелеміз" Фото: google.com

Сондай-ақ АҚШ инвесторлары Орталық Азия өңірінде қандай жаңа салаларға басымдық беретіні, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін қандай сын-қатерлер күтіп тұрғаны жайында сөз етілді. 

– Наурыз айында Қазақстан мен АҚШ TIFA аясында кездесу ұйымдастырды. Осы жиынның басты ерекшелігі қандай болды? 

– ТИФА яғни сауда және инвестициялық келісім аясында оған қатысушы мемлекеттер 2019 жылдан бері бірінші рет жүзбе-жүз кездесіп отыр. COVID пандемиясы кезінде бас қосу мүмкін болмады және бұл кездесудің ерекшелігінің бірі – Орталық Азиядағы барлық бес елдің өкілдері мен Америка Құрама Штаттарының өкілдері бірге кездеседі. Сонымен қатар, ерекшеліктерді айтатын болсақ, соңғы кездесуден бері бізде аймақта үлкен өзгерістер болды, әсіресе, Ресейдің Украинаға басып кіруінің әсері және оның экономикаға, саудаға, әлемдегі және аймақтағы қарым-қатынасқа тигізген әсері. Бұл алдағы кездесуде көрінетін басты факт.

– Өзбекстанда елші болдыңыз, аймақтағы жағдайды білесіз, USAID- тың Орталық Азиядағы сауда қатынастары жоба аясындағы жоспарлар қандай?

– Сіз атап өткендей, USAID те, АҚШ Сауда министрлігі де біздің елдер арасындағы сауда тауарлары мен қызметтерінің ағынын ілгерілету үшін аймақта көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Жақында USAID жаңа бағдарламалар мен оны қаржыландыру көлемін жариялады. Экономикалық тұрақтылық бастамасы [Economic Resilience Initiative] деп аталатын нәрсе бар, ол Орталық Азия елдеріне жаңа сауда серіктестерін, жаңа экспорттық нарықтарды табуға және дәстүрлі экспорттық бағдарларға соншалықты тәуелді болмауға көмектесуге тырысады. Бұл Орта дәліз деп аталатын Транскаспий бағыты арқылы сауданы ілгерілетуге бағытталған құрамдас бөлікті қамтиды. USAID  жобасы көптеген жылдар бойы жүргізіп келе жатқан ауқымды істер мен үлкен күш-жігердің жалғасы, сонымен қатар геосаяси жағдайға байланысты оның жаңа аспектілері де бар. Тұтастай алғанда, біз Орталық Азия елдерінің өркендеуіне, аймақ ішінде көбірек сауда жасауға және нарықты көптеген бағыттар бойынша экспорттауға көмектесуге баса назар аударамыз және АҚШ-тың бұл туралы неліктен қамқорлық жасайтын себебі жайында сұрасаңыз, кейде адамдар менен неге Америка үшін бұл маңызды деп сұрайды, өйткені біз Орталық Азиядағы тұрақтылық жалпы халықаралық мүдделеріміз үшін өте маңызды екенін көреміз. Адамдардың жұмысы, ақша табуы, ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылыққа әкелетін тауарлар мен қызметтерді сату мүмкіндігі болмаса, сіз тұрақтылыққа ие бола алмайсыз. Демек, бұл  тек Қазақстан, Қырғызстан және басқа үш елдің мүддесі ғана емес, сонымен бірге АҚШ-тың да сауда-экономикалық өсімін арттыруды көздейтін мүдде деп түсінеміз.

– Тұрaқтылықтың жақсаруына мүдделіміз дедіңіз. Алдағы уақытта АҚШ инвесторлары қанша жұмыс орнын ашады, қандай өндіріске қызығады?

– Білесіз бе, америкалық компаниялардың әртүрлі мүдделері бар. Бұл аймаққа көптеген түрлі салалар мен әртүрлі секторлар қызығушылық танытуда. Мен біреуін ғана атап көрсете алмаймын. Алдағы уақытта жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылық артады деп айта аламын, өйткені Орталық Азиядағы әрбір ел күн, жел және су, тіпті атом энергиясын молынан пайдалануды жоспарлап отыр. Америкалық компаниялар сол секторлардағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытады. Білім саласында да қызық үрдіс бар деп ойлаймын. Көптеген АҚШ университеттері, сондай-ақ білім беру саласында жұмыс істейтін жеке компаниялар қазір Орталық Азияда көптеген мүмкіндіктер табуда, өйткені біз көріп отырғандай, Орталық Азия елдерінің әрқайсысы студенттері үшін дүниежүзіндегі университеттермен және білім беру компанияларымен серіктес болуды қалайды. Сондықтан энергетика, білім, пайдалы қазбалар, маңызды минералдар салаларында Орталық Азияға қызығушылық танытады. Себебі олар АҚШ экономикасы үшін дәл қазір аса қажет. Менің Қазақстандағы елші ретіндегі мақсатым – АҚШ бизнесінің мұндағы мүмкіндіктерді білетініне көз жеткізу. Осы жылдың соңында Қазақстанға Сауда миссиясын әкелеміз. Бұл – Қазақстанға инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу үшін келетін АҚШ компаниялары. Қазақстандағы және басқа жерлердегі аймақ үкіметтерімен жұмыс істеп, бизнес үшін қолайлы жағдай тудыруға тырысамыз. Кез келген бизнес тәуекелге бара бергісі келмейтіні түсінікті.  Олар сапалы салық кодексі болғанын қалайды, коммерциялық қажеттіліктерге жауап беретін сот жүйесін, заң үстемдігі орнаса дейді. Осылайша, жұмысымның барысында мен инвестициялық климатты жақсартуға және инвестициялық компаниялар туралы білім беру арқылы АҚШ компанияларын көбірек тартуға тырысамын.

Мен дәл қазір сізге нақты санын айта алмаспын. Уақыт өте келе қарасақ, осы жылдар ішінде Қазақстанға Америка Құрама Штаттарынан үлкен көлемде тікелей инвестиция құйылғанын білемін. Сіз де мұны білесіз, әрине, көпшілік бұл мұнай саласында деп ойлайды, өйткені Қазақстанда бірнеше жылдар бойы ірі компаниялардың мұнай секторына инвестиция салғанын білесіздер. Бірақ одан да басқа инвестициялар бар. Осы инвестициялардан құрылған барлық жұмыс орындарын қоссаңыз, бұл үлкен көрсеткіш болады. Соңғы 15 жылда бір ғана Қазақстанға АҚШ-тан 15 млрд доллар тікелей инвестиция құйылған. Бұл сөзсіз көптеген жұмыс орындарын жол ашты деп айтуға болады.

– TIFA-ға алдымен Қазақстан, Өзбекстан қол қойды. Кейін Қырғызстан мен Тәжікстан қосылды. АҚХ мемхатшысы Блинкеннің өңірге жасаған сапарынан кейін осы келісімде өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Келісім түбегейлі өзгереді деп ойламаймын. Біздің ойымызша, Орталық Азия елдері де қазіргі құрылым бізге көп нәрсені бірге жасауға мүмкіндік беруге икемді екеніне келісетін сияқты. Өткен жылы біз TIFA аясында Цифрлық экономика және цифрлық байланыс бойынша жаңа жұмыс тобын құрдық. TIFA бірнеше жыл бұрын басталған кезде бұл ойда болмаған еді. Ал қазір бұл - қажеттілік. Ендеше, келісім өзгермесе де, бірлесіп атқаратын істер көп. АҚШ Мемлекеттік Хатшысының осы аймаққа сапары, сөзсіз, бұл аймақтық күш-жігерге жаңа серпін немесе жаңа қуат берді. Және, әрине, сіз білетіндей, мемлекеттік хатшының кездесулері C5+1 деп аталатын форматта өтті. Ол бес елдің министрлерінен TIFA арқылы және бізде бар басқа да тетіктер арқылы Құрама Штаттармен қарым-қатынасты нығайтуға ынталы екенін білді. С5+1 кездесуінің нәтижелері бізді қатты қуантты, менің ойымша, аймақтағы елдер де осындай ойда.

– Мемлекеттік хатшының сапары кезінде бүкіл әлемнің назары Ресей әрекетіне ауды. Әрине Украиамен арадағы шиеленістерден кейін сол санкциялардың салқыны Орталық Азиядағы елдерге тимеуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, санкциялардың әсері туралы сұрақтарға келгенде, ең бастысы, біз және Орталық Азия елдері бір-бірімізді және біздің іс-әрекеттерімізге не түрткі болғанын түсінетінімізді айту маңызды. Біздің тарапымыздан аймақ елдері санкциялардың оларға қарсы бағытталмағанын түсінетініне көз жеткізгіміз келеді. Санкциялардың мақсаты – Ресей Федерациясына Украинадағы әскери әрекеттерін тоқтату және бір жылдан астам уақыт бұрын басталған заңсыз және агрессивті басып кіруін тоқтату үшін қысым жасау. Біздің қайта-қайта айтатынымыз, ол санкциялар осындай қысым жасау үшін бірнеше құралдардың бірі болып отыр. Бірақ бұл Орталық Азияға зиян келтіруді көздемейді. Сонымен қатар, біз мүлдем әсері болмайды деп айта алмаймыз, өйткені Орталық Азияның экономикасы Ресей экономикасымен соншалықты тығыз байланысты және көптеген жылдар бойы байланысты болып келеді. Демек, әсерлер болады. Бізбен сөйлесіп отырған Орталық Азия елдері географиялық, тарихи байланыстар мен жылдар бойы қалыптасқан өте терең экономикалық байланыстар салдарынан олардың қиын жағдайда екенін түсінгенімізді қалайды. Біріншіден, олар санкциялардың кері әсерін сезінеді, екіншіден, олардың Украинадағы соғыс пен Ресейдің басып кіруіне қатысты ұстанымдары өздерінің геосаяси жағдайын ескеруі керек және олар, Қазақстан атап айтқандай, стратегиялық бейтараптық позициясын сақтап қалмақ. Менің ойымша, Блинкеннің сапары біздің бір-бірімізді түсінетінімізді көрсетті. Яғни, Орталық Азия біздің ұстанымымызды түсінеді, біз олардың ұстанымын түсінеміз дегендей. Ендігі мәселе, сіз айтқандай, ықпалды қалай жұмсартуға болатынын, санкциялардың аймаққа әсерін қалай азайтуға болатынын анықтау. Сонымен, бұл үшін екі нәрсе істей аламыз: әрекеттің екі үлкен категориясы бар: біріншісі - Қазақстан мен аймақтағы басқа елдердің ережелердің түсінетініне көз жеткізу. Санкцияларға қатысты қандай заңдар бар, не рұқсат етілген және не рұқсат етілмейді. Ал біраз түсініксіз немесе қиындықтарға әкелетін мәселелер туындағанда, біз бұл туралы айтып, түсіндіруіміз керек. Оның айқын мысалы, әрине, Қазақстаннан Еуропаға мұнай тасымалдайтын құбыр. Біз басынан бастап бұл құбырға және қазақстандық мұнайға санкциялардың әсер етпеу керектігін түсіндірдік және ол үшін нақты жеңілдіктер бердік, қайта-қайта механизмдерді түсіндірдік. Бұған Қазақстанның үкіметі де, мұнай өнеркәсібі де риза болды деп ойлаймын. Санкцияларды, олардың қалай жұмыс істейтінін хабарлау және түсіну – біз жасай алатын бірінші нәрсе. Екінші нәрсе – бағдарламалар, алдында АҚШ қандай жолдар ұсына алатынын атап өттік. Бұл барлығына түпкілікті шешім бола бермейді, бірақ ол Қазақстанға және аймақтың басқа елдеріне қалай сауда жасау керектігін және жаңа сауда жолдарын дамытуға мүмкіндік береді. Біз бұдан бұрын Орта дәліз және жергілікті бизнеске өз тұтынушылары мен клиенттік базасын әртараптандыруға көмектесу туралы айтқан болатынбыз. Сондай-ақ, аймақ ішіндегі сауданы жеңілдету керек дедік. Өйткені мұндағы мақсат – Ресеймен сауданы, аймақ ішінде, Орталық Азияның өзінде жүргізетін саудамен алмастыру. Бұл бағдарламалар, бастамалар санкциялардың әсерін біршама жұмсартуға көмектесетін тағы бір әдіс. Бірақ басында айтқаныма оралатын болсақ, ең бастысы, Орталық Азия елдері біздің санкцияларды не үшін қолданып жатқанымызды түсінеді және оның әсерімен әрқашан келіспесе де, оны бағалай алатынына көзіміз жетті. Ең бастысы, Америка бұл елдердің ұстанымын түсінеді және санкциялардың аймаққа әсеріне келгенде аса сезімтал.

– Сауда қатынастарын әртараптандыру бойынша, дәл қазіргі кезде Қазақстан да Орта дәлізді дамытуға үлес қосып жатыр. Осы дәліздің мүмкіншідігі, болашағы қалай деп ойлайсыз?

– Бір жыл бұрын, соғыс басталғаннан бері дәлізді дамыту бойынша іс-шаралар жүргізілді. Менің ойымша, олардың болашағы зор.  Біріншіден, Қазақстан үкіметі Каспий жағалауындағы көршілерімен, әсіресе Әзербайжан, одан кейін Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімдерге қол қойды, олар дәліз арқылы тауар ағынын мүмкіндігінше кедергісіз өткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Қедергілерді жоюды талқылады. Оның бір бөлігі инфрақұрылымға қатысты және Қазақстан Ақтау, Құрық порттарын қоса алғанда, қажетті инфрақұрылымды жақсарту жолдары анықталды. Сонымен қатар Бакуда, дәліз бойындағы басқа жерлерде де портты жақсарту керек деді. яғни, оның кейбіреулері ережелерге қатысты,  тауарлардың оңай өтуі үшін сауда жолдарын үйлестіру. Демек, бұл маңызды қадамдар. Америка Құрама Штаттары оны қолдайды. Біз бұл іске тікелей араласқан жоқпыз, бұны аталған елдер өзара бірлесіп шешті. Бірақ біз бұл келісімдерді саяси жағынан қолдадық. Тағы бір айта кететіні, Америка Құрама Штаттары кейбір халықаралық институттар сияқты, мысалы, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты сауда жолына сараптамалық баға беру және қай жерде кедергілер бар, оны анықтау, кедергілерді жою жолдары, ол үшін не істеу керек деген сияқты сараптамалар мен ұсыныстар бере алды. Менің ойымша, АҚШ инфрақұрылымды үлкен көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ете алмаса да, қаржыландыруға көмектесетін Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және т.б. сияқты көптеген институттар бар. Осылайша, мұның бәрі соғыс басталғаннан және санкциялар басталғаннан бері пайда болды. Бұл дәліздің болашағы зор, бірақ мен бұл бірден барлық мәселенің шешімі болмайтынын айтуым керек. Бұл жоба бұрыннан бар сауда жолдарына балама бола алмайды. Тауарлардың көлемі баяу өседі және уақыт өте келе жылдамдықты арттырады деп үміттенеміз. Бірақ бұл - қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді талап ететін шешім.

– Сiздің әлем экономикасы бойынша магистр екеніңізді білеміз, жалпы әлем экономикасы туралы, батыстағы тірлік шығысқа қарай ауысады деген пікірмен келісесіз бе?

– Шынымды айтсам, менің Халықаралық экономика мамандығы бойынша білімім болса да, бұл бірлескен академиялық дәреже, ал оның негізгі бөлігі Кеңестік зерттеулер болған еді. Мен халықаралық экономикаға қарағанда кеңестік зерттеулерге көбірек уақыт бөлдім, сондықтан мен өзімді әлемдік экономика бойынша сарапшымын деп айта алмаймын. Мен көпшілікке түсінікті бір нәрсені айтайын, экономика соңғы үш-төрт жылдағы дағдарыстардан, түрлі шоктардан зардап шекті. Алдымен пандемияға байланысты, енді Ресейдің Украинаға басып кіруі, соғысқа байланысты. Мұнымен күресудің және одан бүкіл әлемге пайда әкелетін жолмен шығудың жалғыз жолы - осы дағдарыстардың себептерін жоюымыз керек. Мәселен, COVID кезінде біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік, бүкіл әлем осы пандемия салдарымен күресуде, вакциналармен қамтамасыз етуде, карантинге қатысты болсын, жалпы шектеулерді үйлестіруде және т.б. Енді пандемия аяқталмаса да бұрынғы қалыпты өмірімізге  оралғандай болдық.  Әрине, тағы бір сілкініс  немесе шок – ол Украинадағы соғыс және Ресейдің  оған басып кіруі. Оның себебі жойылған жоқ. Өкінішке қарай, шайқас жалғасуда және украиналық бейбіт тұрғындар көрген азап пен бүкіл аймақ экономикасының зардаптары әлі жалғасуда. Ресей Украинаға заңсыз басып кіруін тоқтатып, заңсыз басып алған аумақты қайтарып бермейінше, соғыстың әсері жақын арада жақсарады деп айта алмаймын. Экономикалық мәселе ретінде де оның қалай жойылатынын көру қиын болады. АҚШ және басқа елдер оның зардаптарын азайту жолдарын қолдауға біраз күш салды. Мысалы, ел білетін Қара теңіз арқылы астық тасымалдау бастамасы бар. Нәтижесінде әлемде азық-түлік дағдарысы өршіген жоқ. Ресей мен Украина ең негізгі дәнді-дақыл экспорттаушылар екенін бәріміз білеміз. Азық-түлік  тасымалының жалғасқанын көрдік, бұл бір сәтті іс делік. Бірақ, оны жүзеге асыру қауіпсыз емес. Ресей азық-түлік пен тыңайтқыш саудасын шектейтін әрекеттерді жалғастыруда. Менің айтарым, біз оның шешімін табамыз, бірақ біз COVID пандемиясы кезіндегідей негізгі себеппен күреспейінше, өкінішке қарай, экономикалық тұрғыдан жағымсыз әсерлерді көре беретін боламыз.

– Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін қандай сын-қатер күтіп тұр?

– Кез келген екі елдің арасында бір-бірінің жеке мүдделеріне байланысты қиындықтар болуы мүмкін, кейде бұл мүдделер сәйкес келмеуі де мүмкін. Бұл әрқашан осындай сипатта болатын нәрсе. Дегенмен, осы аймақта жұмыс істеген жылдарымда және Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты қадағалап жүргенімде көргенім, бізді бөлетін немесе ажырататыннан гөрі бізді біріктіретін және жақындастыратын нәрселер әлдеқайда көп. Біздің көптеген мүдделеріміз ортақ, егер сіз Қазақстан тәуелсіздігінің ең бастапқы кезеңіне, 90-шы жылдардың басына оралсаңыз, сол кезде де біз бұл ортақ мүдделердің, әсіресе, ядролық қаруға қатысты тоғысқанын көрдік. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы, Америка Құрама Штаттарының қызу қолдауына ие болды. Біз басынан бастап ортақ мүдде таптық. Ол жалғасып келеді. Мен бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да күшті екенін көріп отырмын. Мұның барлығы аймақтағы тұрақтылыққа, ортақ мүддеге негізделген. Бізде Қазақстан егемен, тәуелсіз, қуатты мемлекет болса деген мүдде бар. Жалпы алғанда, әлемде бейбіт заман болғанын, дүниежүзінің өркендегенін қалаймыз. Сондықтан біз бітімгершілік операцияларға қатысатын бітімгершілік миссияларынан бастап, климат мәселелері бойынша жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істейміз. Климат мәселесі - қазір біздің екіжақты талқылауларымыздың басты тақырыбы. Басқа көптеген салалар бойынша да мен АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасының болашағы зор деп, оған оптимистік көзқараспен қараймын. Өйткені, ара-тұра арамызда келіспеушіліктер болса да, ортақ мүдде бізді біріктіреді және ол – алапат күшке ие. Біздің ортақ мүддеміз - бізді бөлетін нәрселерден де мықты күш.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу