Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығы мен желілердегі апаттан соң, ел билігі барлық өңірдегі станциялардың жұмысын реттеуге білек сыбана кірісті. Жергілікті басшыларға тиісті жоспар дайындау тапсырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұған дейін Петропавл, Риддер қалаларындағы станцияларда туындаған түйткілдерден сабақ ала қоймаған басшылық Екібастұздағы 100-ден астам тұрғын үй мен ондаған әлеуметтік нысан жылусыз қалған кезде ғана қимылдай бастады. Жоғары деңгейдегі басшылар кеншілер шаһарындағы жағдайдан барлығы қорытынды шығаруы тиіс деген байламға келіп, жылу-электр орталықтарының жұмысын май шаммен қарауды қолға алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен қысқы жылыту маусымына дайындық жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Күні кеше бұл комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету жөніндегі жедел және жүйелі шаралар қарастырылып, бірқатар нақты тапсырма берілді.
Айталық, алдағы үш күн ішінде барлық энергия нысаны кешенді, соның ішінде техникалық жағдайына қарай қауіптілік тұрғыдан топтарға бөлінетін болды. Солардың ішінен тәуекелі бар, неғұрлым осал жылу-электр орталықтары мен жылу желілері бойынша меншік иелері, әкімдіктер мен министрліктер арасында бірінші кезекте атқарылатын іс-әрекет жоспары дайындалуға тиіс.
Сонымен қатар, өңірлерде жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін нысандардың іс жүзінде дайындығын тексеру үшін жедел топтар құрылады.
Бастысы, Қаржы министрі мен Қаржылық мониторинг агенттігі әрбір заңды тұлғаның тарифтік сметасы мен инвестициялық бағдарламасына талдау жүргізіп, капиталды сыртқа шығару ықтималдығын тексереді. Уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын күшейтіп, жылумен және электрмен қамтамасыз ететін нысандардың меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру үшін салалық заңдар мен заңға тәуелді актілерге өзгерістер де енгізілмек.
Айта кетейік, жұртты әбігерге салған Екібастұздағы жылу-электр орталығының негізгі қожайыны Александр Клебанов – Қазақстандағы дәулеті асқан 50 алпауыттың бірі. Осы жылдың дерегі бойынша, оның байлығы 580 млн АҚШ долларынан асып жығылады.