Жырауы мен сүлейі көп елде "Жыраулар үйі" жоқ

22643

Жыр елінің төрінде "Жыраулар үйінің" болмауы, әрине, сын.  

Жырауы мен сүлейі көп елде "Жыраулар үйі" жоқ

Осыдан екі жылдан астам бұрын сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев сол жағалаудағы жаңа ауданда "Неке қию" сарайы салынатынын айтқан болатын.

"Сырдарияның сол жағалауында "Болашақ" университетінің кампусы, жастар орталығы мен балабақша құрылысы жүріп жатыр", деген әкімнің айтқан нысандары бүгіндері жұмыс істеуде. Ендігі құрылыс "Неке сарайына" тіреліп тұрған еді. Сол жылдары Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков, аукцион арқылы "Темірлан" серіктестігі жеңімпаз атанғанын айтқан еді. Онда ЖШС есебінен салтанат сарайының эскиздік жобасының әзірленуде екенін, құрылыс жұмыстары 2019 жылы жүруі мүмкін", – дегенді.

Одан кейін 2019 жылдың аяғында аталмыш басқарма құрылыстың әлі басталмағанын айтты.

"Ғимарат құрылысы бюджет тапшылығына орай кейінге шегерілді, алдағы кезеңге жоспарлануда", – деді. "Жазған құлда шаршау бар ма?" демекші, жуырда "Неке қию" сарайына қатысты мәселені тағы да басқармаға жолдадық.

"Біз осыған орай басқа облыстардағы ғимараттарға талдау жасап, ең тиімдісін таңдап алдық. Демеушілік білдірген жеке инвестор жобасын дайындап беретін болды. "Неке қию" сарайына 1500 кв/м жер бөлдік. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан соң құрылыс жұмыстары басталады", – деді басқарма басшысы.

М.Әлсеріковтің жоғарыда айтқан сөздері рас болса, отбасылық құжатты енді жаңа ғимаратта алар күн де туар, деп ойлаймыз.

Сырдарияның сол жағалауында орын тебуі мүмкін болған тағы бір нысан "Өнер академиясы" болатын. Сол жылдары облыс әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы есебінде жыр сүлейлері шыққан киелі аймақ жас өнерпаздарды қолдауға ниетті екенін айтқан.

"Сыр бойында бірнеше жыраулық өнер мектептері қалыптасқан. Сондықтан біз үкіметке, ұлттық жаңғыру комиссиясына Қызылордада дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы ұсыныс жасадық. Ішінде колледж, бакалавр, магистратура керек. 250-300 студенттен артығы керек жоқ. Дайындық жұмыстарын облыстық бюджет есебінен атқарып жатырмыз", –  деген еді.

Сыр елі өнердің тұнып тұрған көзі болғандықтан бұндай оқу ордасы жас өнерпаздардың талантын шыңдауға таптырмас мүмкіндік болар еді. Бірақ, талай дүлдүл, күміс көмейлер өміршең өнерді жалғастырып келе жатса да облыс орталығында ең болмаса "Жыраулар үйі" де жоқ.

Әншейінде "Сыр елі – жыр елі" десек те облыс орталығында тек қана "Сыр сүлейлері" аллеясы ғана бар екен. Ал шайырлардың мекеніне айналар, халықты жырмен құлақ құрышын қандырар арнайы орын жоқ. "Жыраулар үйі" тек Қорқыт бабаның топырағындағы Қармақшы ауданында ғана бар.

Дария бойындағы сүлейлерге арнап "Жыраулар үйі" бой түзесе, Сыр жырауларының мәртебесі көтеріліп қалар еді. Жыр елінің төрінде "Жыраулар үйінің" болмауы, әрине, сын.

Бүгінде Қызылорда қаласында тұңғыш салынған өнер ордасы Нартай Бекежанов атындағы драма театры бар. 50 жылдық тарихы бар театр бар болғаны 700 орынмен ғана шектелген. Ол замандары халық санына шақтап салынған орындар бүгіндері қала халқына таршылық етуде.

Барлық деңгейдегі шаралар негізінен осы орында өтетіндіктен өнерсүйер қауымның сыймайтынын жиі байқаймыз. Тіпті соңғы уақыттары көрермендер театрдың киім ілгішінен кері қайтып жүр. Бүгінде облыс халқы 800 мыңнан астам. Есептесеніз 7 жылда 120 мыңға көбейген бұқараға театр орындығы расымен жетіспейді. Жуырда ғана дана Абайға арналған "Абай жолымен" атты айтыста Жүрсін Ерман әкім Қ.Ысқақовқа қарата: "Айтыс тамашалайтын ағайын көп, байқасаңыз. Айтыстың ақ сарайы артық болмас" еді дегені бар. Бұл сөз жаңа келген әкімге де құлаққағыс болары анық.

Сонымен жаңа театрдың салынатын, салынбайтыны жайлы сұрау салып, анығына көз жеткіздік. Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, "Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына Сырдария өзенінің сол жағалауынан жалпы көлемі 5000 шаршы метр жер "Облыстық қазақ музыкалық-драма театр құрылысы" нысанын салу үшін бөлінді", – деді.

"Облыстық бюджет қаражаты есебінен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Заңдылықтарға сай техникалық-экономикалық негіздемесінің оң қорытындысы шыққан соң жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүреді, – деген ресми хабарлама алдық.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу