Зілзала диктаторды ұзақ халықаралық оқшаулаудан босатты

2650

Халықаралық сарапшылар өз елінде азаматтық соғысты бастап, өз халқын қырған Сирия президенті Башар Асадтың халықаралық изоляциясы аяқталғанын жариялады.

Зілзала диктаторды ұзақ халықаралық оқшаулаудан босатты Фото: nypost.com

Кеше Сауд Арабиясының Джидда қаласында Араб мемлекеттері лигасының саммиті өз жұмысын бастады. Оның ашылу рәсімінде Сирия басшысы Б.Асадтың сөз сөйлеуі биылғы құрылтайдың басты бір сенсациясына айналды. Себебі, біріншіден, ол осы ұйымның саммитіне соңғы 13 жыл ішінде алғаш рет қатысып отыр. Екіншіден, оның өз жұртшылығына жасаған жауыздығы жаһан жұртшылығын шошынтты, сондықтан Ресейден басқа елдер онымен қарым-қатынасы үзген еді.

Лига саммитіндегі сөзінде Башар Асад бұл жиын арабтардың "соғыс пен күйреу орнына бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы бірлескен қимылының жаңа кезеңін ашатынын" мәлімдеді. Бұған қарап, Асад қантөгістен бас тартуға бел буған болар деп топшылауға болмайды. Өйткені артынша ол агрессивті риторикаға ұрынды: Сирия басшысы араб көшбасшыларын араб әлемінің алдынан кезіккен сын-қатерлерге және сырттан қол сұғушылықтарға тойтарыс берудің бірлескен стратегиясын әзірлеуге шақырды. Бірақ мұның нені білдіретінін, арабтардың нақты неге, қай елге қарсы тұруы қажеттігін нақтыламады.

Асад Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман әл-Саудқа "бітім мен ұлттық келісімге жәрдемдесуде патшалықтың атқарып отырған орасан зор рөлі" үшін алғыс айтты.

Асадтың халықаралық қыспақтан құтылуына да осы тұлғаның ықпалы болса керек. Сирия басшысы 2010 жылдан бері бұл құрылтайға қатыса алмай келді. Тек биылғы 7 мамырда Мысыр астанасы Каирде орналасқан Араб мемлекеттері лигасының Кеңесі Сирияны өңірлік қоғамдастықтағы орнына қайтару туралы шешім қабылдады.

Жалпы алғанда, 2011 жылғы қарашада Дамасктің аталған лигадағы мүшелігі уақытша доғарылған еді. Сол тұста Сирияда ішкі саяси дағдарыс қарулы қақтығысқа ұласқан болатын. Елді 30 жыл басқарған әкесі Хафез Асад дүние салған соң, 2000 жылғы 17 шілдеде билік тізгінін өз қолына алған Башар әл-Асад агрессивті сыртқы саясат жүргізді. Мысалы, 2006 жылғы 11 қаңтарда Сирияның бұрынғы вице-президенті Әбдел Халим Хаддам 2005 жылғы 13 ақпанда көрші Ливанның саяси лидері, бұрынғы Үкімет басшысы Рафик Хариридің Башар Асадтың бұйрығымен өлтірілгенін жариялады.

Ішкі саясатта да Асад асқан қатыгездігімен танылды. Мысалы, "біртұтас сириялық араб" ұлтын құру идеологиясын ілгерілетіп, өзге тілдерде білім алуға, газет шығаруға тыйым салды. Бұл түркітілдес халықтардың, күрдтердің наразылығын өршітті.

Сириядағы халық толқуларының басталуына 2011 жылғы 18 наурызда Даръада полицияның қабырғаға үкіметке қарсы ұрандар жазған жасөспірімдерді қамауы түрткі болды. Көшелерді толтырған халықтың қарсылығын күш құрылымдары аяусыз басып, жаншыды, адамдар қаза тапты. 30 наурызда Парламент мінберінен халыққа үндеу жасаған Башар Асад бейберекетсіздікке белгісіз сыртқы күштерді айыптады және саяси, экономикалық жаңғырулар жүргізуді жалғастыратынын нықтады.

Алайда оның диктаторлық билігіне қарсы толқулар ары қарай өршіді және жаңа аймақтарға таралды. 25 сәуірде Асад наразылықтың басты ошағына айналған Даръаға әскер мен соғыс техникаларын кіргізді. Осы кезден бастап, "террористік элементтермен" күрес және тәртіпті қалпына келтіру үшін деп, сириялық басшылық халық бас көтерген барлық сириялық қалаларға Қарулы күштерді бағыттай бастады. Көтеріліс көшбасшылары олардың өздерін қырып тастайтынын түсініп, қолдарына қару алып, қорғануға кірісті.

Азаматтық соғыстан әлсіреген Сириядағы үлкен аумақты исламистік лаңкестердің қарулы топтары жайлады. Бұл өңірді Америкаға бермеу үшін терроризммен күресті сылтауратып, елге Ресей өз әскерін енгізді және Дамаскіге қарсы көтерілген барлық қала мен елді мекендерді жаппай бомбалады. Сириядағы күрдтерді – АҚШ, туркомандарды – Түркия өз қорғауына алды.

Ақпарат құралдары қызығушылық білдіруді қойғанымен, Сириядағы соғыс аяқталған жоқ. Қарулы қақтығыстар жалғасқан.

Дегенмен, биылғы 6 ақпандағы алапат жер сілкінісінен кейін араб мемлекеттері Сирияның ресми билігімен жақындасуға қадам жасады. Лигаға оралуы үшін тіпті Асадқа ешқандай шарт та қоймады. Араб елдерінен және басқа ұйымдардан Сирияға алғаш рет қомақты халықаралық гуманитарлық жүктер келді.

"2023 жылғы ақпанда жойқын зілзала болғанда, Сирия президенті Башар Асад бұдан мүмкіндікті көрді. Ол өз еліне қарсы енгізілген халықаралық санкцияларды жоюға шақырды. Шынында да, бірнеше күн ішінде санкциялардың бірқатары доғарылды. Таяу Шығыс мемлекеттері гуманитарлық жүктер тиелген ұшақтарын жолдады. Оның ізін ала осы елдердің биік лауазымды тұлғалары Дамаскіге аттанып, Асадпен қол алысты. Осылайша, ұзақ жылдардан бері алғаш рет жоғары деңгейдегі сапарлар жүзеге асты. Содан кейінгі үш айда әл-Асад мырза тамаша камбэк ("come back") жасады: он үш жылға созылған жаһандық толық изоляциядан құтылып, араб лигасына еш шартсыз, талапсыз орала алды", – деп жазады The New York Times.

Америкалық басылым Асадтың жайдан жай жаһандық оқшаулауға ұшырамағанын, оның "араб көктемі" аясында 2011 жылы бастаған өз еліндегі халықтық толқуларды жауыздықпен қанға бөккенін, оның азаматтық соғысқа ұласуына ықпал еткенін және бұл соғыс әлі күнге дейін тәмамдалмағанын еске салды. Оның үкіметін халықаралық ұйымдар "тұтқындарды жаппай азаптады, өз халқына қарсы химиялық қару қолданды, тұтас ұлыстарды өз мекенінен зорлықпен қоныс аудартты" деп айыптайды. Мұның бәрінің салдарынан және Ресейдің қалаларды шектен шыққан қаскүнемдікпен, тонналық авиабомбалармен, қаһарлы зымырандармен бомбалап, жермен-жексен етуі кесірінен Сирияда жүздеген мың адам қырылды. Ендеше араб лидерлерінің Башар Асадқа құшағын ашатын жөні жоқтай.

"Асадтың халықаралық саясат сахнасына аман-есен, әрі қуаттанып оралуы араб лидерлеріне дем береді. Батыс қанша жерден ұзақ уақыт оқшаулауға тырысса да, Асад өңірге жеңіспен оралып отыр. Енді диктаторлар қандай қырғын жасаса да, оның бәрі кешірілетінін түсінеді", – дейді Халықаралық дағдарыс тобындағы Сирия бойынша сарапшы Дарин Халифа (Dareen Khalifa).

Америкалық саяси шолушы Вивиан Нерейм (Vivian Nereim) аналитиктердің тұжырымына сілтеме жасай отырып, Сириядағы соғыс Украинадағы қантөгістің іргетасын қалады деген байлам жасады. Себебі, Сирия жерінде барлық қаруын сынаған Мәскеуде өз қуатына деген сенім пайда болды. Кремль Батыс әлемінің Сирияда өзіне қарсы қауқар таныта алмағанын көрді. 

"Асад режимі өз халқына қарсы қатыгез репрессияларында РФ басшысы В.Путиннің кең ауқымды әскери көмегіне сүйенді. Алайда халықаралық қауымдастық Сириядағы айуандық істері, соның ішінде ауруханаларды бомбалағаны үшін Ресейді жауапқа тарта алмады, санкция салмады. Бұл Путинге Украинаға шапқыншылық жасауына дем берді. Оның үстіне Украинадағы соғыс барысында Ресей дәл сол Сирияда қолданған әскери тактикаларын қайталады. Оның ішінде қалаларды үстемелете соққылап, жер бетінен жою, берілмеген елді мекендерді қоршауға алу, гуманитарлық апат пен аштық туғызу бар. Сирияда халықаралық нормалардың бұзылуы соғыс өртінің Еуропаға өтуіне негіз болды", – дейді Парсы шығанағы бойынша сарапшы Вивиан Нерейм.

Байден әкімшілігі араб елдерінің Сирия режимімен қатынастарын қалпына келтіргеніне табанды қарсылық көрсетпеді, бірақ Құрама Штаттар Дамаскімен ынтымақтасуды жоспарлап отырмағанын жеткізді. Сонымен бір мезгілде өткен аптада бір топ америкалық конгрессмен "Асад заңын" ұсынды. Құжат Сирияның қазіргі басшысын және оның жақтастарын жауапқа тартуды қарастырады.

Асад үкіметі АҚШ пен Еуропалық Одақтың санкциясында қала береді.

Бірақ Сирия басшылығымен Түркия да тығызырақ ықпалдаса бастауы мүмкін. Мысалы, Түркия Президенті лауазымынан үміткер Кемал Кылычдароғлу егер Мемлекет басшысы болып сайланса, Б.Асадпен келісімге келіп, түрік елінде жүрген миллиондаған сириялық босқынды еліне қайтаруға ниетті. Әйтпесе, іс басындағы Президент Р.Ердоған босқындарды Еуропаға қоқан-лоққы жасаудың құралына айналдырып алды. Қит етсе, Батыстың тірлігі ұнамаса, осы босқындарды Еуропаға қарай қаптатып қоя беретінін қатаң ескертеді, сонымен қорқытады.

Нью-Йорк Таймстың тұжырымдауынша, Сауд Арабиясы кезінде Асадқа қарсы шыққан топтарды қолдап, оларды қаруландырды. Бірақ бүгінде Дамаск билігі елдің үлкен бөлігіне таралады. Сондықтан ресми үкіметке және Сириядағы ахуалға шамалы да болса ықпал ету үшін араб елдері күш жиған ресми билікпен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге ұйғарса керек.

Соғыс бітпегенімен, Сирияда қарудың емес, дипломатияның дәуірі өрістеуде. Ал Сириядағы жағдай бүкіл өңірге теріс ықпал етеді. Ол түзелмей, араб елдеріне контрабандамен есірткінің тасқындауы, халықтың босуы азаймас еді. Мысалы, соғыс салдарынан Сауд Арабиясы каптагон есірткісі саудаланатын ірі нарыққа айналып шыға келген. Бұған алаңдаған саудиттер өткен айда есірткіге қарсы соғыс жариялады. The New York Times зерттеуі каптагон өндірісін негізінен Сирия армиясының Төртінші танк дивизиясы бақылауда ұстайтынын көрсетті. Бұл элиталы бөлімшені Асадтың ағасы басқарады. Сауд Арабиясында бұған дейін Башар Асадқа ықпал ету тетігі болмады. Оны енді дипломатия көмегімен қалыптастыруға талпыныс жасалмақ.

Жалғыз Түркия ғана емес, барлық дерлік араб елдері миллиондаған босқынды Сирияға қайтаруға құштар. Дамаскіге қысым көрсету, оның қарулы қарсыластарын қолдау саясаты бұл істе нәтиже бермеді. Бәлкім, Асад билігінің легитимділігін мойындап, оның елді тұрақтандыру жұмыстарын қолдау нәтиже беріп қалар? Мұны уақыт көрсетеді.

Әзірге Асад үкіметімен қатынастардың жақсартылуына жалғыз ғана араб елі – Катар қарсы шығып отыр. Катар премьер-министрі Мохаммед бин Абдулрахман Әл-Тани Сирияда саяси прогресс болмай, жазықсыз жандар түрмеден босатылмай, босқындар кері қайтарылмай, Катар бұл елмен жақындасуға ешқандай қадам жасамайтынын мәлімдеді. Бірақ жалғыздың үні шықпас деген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу