"7-20-25" бағдарламасы бойынша онлайн несие рәсімделеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3190

Бүгінге дейін 35 млрд теңгенің несиесі мақұлданды.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша онлайн несие рәсімделеді

"Баспана" Ипотекалық ұйымы" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтың мәлімдеуінше, қазір жобаны жүзеге асырудың алғышарты жасалып жатыр. Барлығы ойдағыдай атқарылса, алдағы уақытта ел азаматтарына "7-20-25" бағдарламасы бойынша онлайн несие рәсімдеу мүмкіндігі беріледі.

"Бұл ипотекалық калькулятор емес, несиені мақұлдау. Ол үшін банкке келіп, уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Біріншіден, барлық ақпарат бірінші несие бюросында бар. Екіншіден, адамның табысына қатысты ақпаратты мемлекеттік дерекқордан алуға болады. Клиенттің  рұқсатымен біз оған қатысты барлық мәліметті өзіміз жинаймыз", – деді Қайрат Алтынбеков.

Басқарма төрағасының сөзінше, онлайн несие рәсімдеу ісі ілкі жоба ретінде қолға алынып жатыр. Ол жаңа жылдан бастап жүзеге асырылады.

"Жаңа жоба клиенттердің несие алу жылдамдығын арттырып, банк шығынын  қысқартады. Несие беру үшін оған аудит жасаудың қажеттілігі болмайды", – деді Қайрат Алтынбеков.

Естеріңізге салайық, Ұлттық банк төрағасы "7-20-25" бағдарламасының  операторлығына "Баспана" ипотекалық ұйымын бекітті. Күні бүгінге дейін аталмыш ұйым 35 млрд теңгенің несиесін мақұлдап үлгерді.

Қайрат Алтынбековтың айтуынша, әріптес банктер құны 50 млрд теңгені құрайтын өтінім қабылдаған. Іс барысында 35 млрд теңгенің несиесін рәсімдеуге рұқсат берілген.

"Баспана" Ипотекалық ұйымы" 7 банкпен серіктес ретінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта біз ипотекалық нарықтың инфрақұрылымын жақсартатын, кредиторлардың құқығын қорғайтын, бизнес-процестерді автоматтандыратын дүниелерді қолға алуды жоспарлап отырмыз", – деді Қайрат Алтынбеков.

Біле жүріңіз, қараша айының алғашқы аптасындағы мәлімет бойынша, 2 276  қазақстандық "7-20-25" бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Үй алғандардың 860-сы – Астана, 757-сы – Алматы қаласының тұрғындары.

"7-20-25" бағдарламасында жұлдызы жанған 216 адам Маңғыстау, 188 адам  Шығыс Қазақстан, 154 адам Ақмола облысын мекендейтіні белгілі болды. 6 адам үйді Солтүстік Қазақстан, 12 адам Павлодар, 34 адам Жамбыл, 45 адам Қостанай облыстарынан алған. Басқа аймақтарда бағдарлама жүзеге аспаған. Бұған дайын үйдің жоқтығы себеп болған.

Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың пікірінше, құрылыс компанияларының аймақтарда тұрғын үй салуына жергілікті тұрғындардың төлем қабілеттілігінің жоқтығы мен сұраныстың көпқабатты үйге емес, жеке тұрғын үйге жоғары екендігі кедергі келтіріп отыр. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу