"Алаш" деп аталатын онлайн- сауда алаңы құрылды

13626

 Елімізде мұнай өндірушілер мен оларға қызмет көрсетуші компанияларды бір-бірімен  байланыстыратын "Алаш"  атты  онлайн- сауда алаңы құрылды.

  "Алаш"  деп аталатын онлайн- сауда алаңы құрылды

Энергетика министрлігінің бұл бастамасына әйгілі мұнай өндіруші "Теңізшевройл", "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг"  пен NCOC компаниялары да қосылды.

Бұған дейін қазақстандықтар халықаралық ірі мұнай өндірушілерге  тауарларын өткізу мәселесімен жиі шағымданатын. Басты себеп  қазақстандық қызмет көрсетуге әзір компаниялар мен мұнай өндірісіне қажетті өнім шығаратын кәсіпорындар туралы ақпараттың аздығында болатын.

Мұнай кәсіпшілігіне қажетті қызмет пен тауарлар туралы мәліметтер мен ұсыныстар электронды сауда алаңына шығарылады. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың сату мен сатып алу кезіндегі заңсыздықтарын бақылай алады.

"Алаш" жүйесі елдегі "Теңізшевройл", "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг", NCOC сияқты ірі мұнай өндірушілермен байланысуға мүмкіндік береді. Өткен жылы "Маерск Ойл Казахстан" компаниясы республикадағы мұнай өндіруге керекті тауарлардың 70 пайызын жеткізіп, 988 миллиард теңге сауда-саттық жасаған.

"Сатып алу үрдісі жабық жағдайда жүргізілетіндіктен отандық кәсіпкерлердің қатысуына үлкен кедергінің бірі. Мәселені шешу үшін ірі мұнай өндірушілерге тауар жеткізушілерді "Алаш" электронды ақпарат базасына тіркеу міндеттелді",-деді Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов сейсенбі күні өткізілген баспасөз мәслихатында. "Алаш" жобасын іске асырушы өкіл  Нияз Жомарттың айтуынша, жүйе үш тарап үшін тиімді. Біріншіден,  20 жылдан бері отандық өнім үлесін арттыру үнемі үкіметтің назарында. Екіншісі, сатып алушы  оператор барлық  тауар жеткізушілер мен ұсыныстар туралы ақпаратпен таныса алады. Үшіншіден, тауар жеткізушілер бір мезгілде үш компанияның сатып алу шарасына қатыса алады.

 "Алаш" порталын жасаушы "Алгоритм"  компаниясы мамандарының сөзінше, қадағалаушы органдар мұндағы операцияларды бақылай алады. Маркетинг бойынша менеджер Бақтыгүл Болатқалидың айтуынша, портал операторлары тауар жеткізушілердің  қаржылық жағдайы мен бұған дейінгі нарықтағы қызметіне қарай іріктеп, сонан соң тіркелгендігі туралы сертификат беріледі.

Бұл құжат тауар жеткізушінің тапсырыс беруші жақтың  талабын толық орындай алу қабілетін  растайды.

"Веб-сайтта аккаунт ашуда санына шектеу қойылмайды, жергілікті болуы да міндетті емес. Бүгінгі күні тіркеуден өткен 237 компанияның  жетеуі шетелдіктерге тиесілі. Өзге мемлекеттен келгендер үшін ақылы болмақ. Құжаттарының заңдылығын тексеру ұзақ уақыт алатындықтан 170 мың теңге төлеуге тиісті", -дейді "Алгоритм" компаниясының маркетинг бойынша менеджері Бақтыгүл Болатқали. 

"Алаш" порталының операторлары тәулік бойы телефон немесе электронды поштамен де  кеңес беруге әзір. "Сайтта өзіңіз қаламаған мәліметті жарияламауға еріктісіз.  Бүгінгі күні мұнай нарқында Қарашығанақ Перолеум Оперейтинг, NCOC пен Теңізшевройлдан өзгесінің жайы белгілі. Біздің сайт арқылы жұмысшыларын қысқартып, банкроттықтың сәл алдында тұрған компаниялардың қосымша ірі мұнай өндірушілерге тауар жеткізумен айналысуына да болады. Мұндай кезеңде кез-келген мүмкіндікті пайдалануымыз керек", -дейді Нияз Жомарт.

Игорь Воротной


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу