"Астана" төртінші рет қатарынан ел чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2712

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында ел чемпионаты аяқталып, жүлдегерлері анықталды.

"Астана" төртінші рет қатарынан ел чемпионы атанды

Биыл чемпион тек соңғы турда анықталды. Негізі, маусым басынан бері қара үзіп кеткен "Астана" клубының бірінші орынды уысынан шығармасы, өз мүмкіндігін мүлт жібермесі бесенеден белгілі еді. Әйтсе де, іс жүзінде ел чемпионы кеше ғана мәлім болды.

"Астана" өкшесін басқан "Қайраттан" жеті ұпай ұзап кеткен болатын. Алайда Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап жүріп, ел чемпионатында ұпайдан шашау шығармау мүмкін емес екен. Еуропаға барып-келудің өзі айтуға ғана оңай. Уақыт белдеуі деген тағы бар. Бәрі де әсер етеді.

Ал "Астана" клубы мен бас бапкері Станимир Стойловқа "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай", алға қойған мақсаттарына жету керек болатын. Ашығын айтқанда, деңгейі жоғары додада сенім артатын ойыншылары да көп емес. Шамамен, 14-15 футболшы десек, қателеспеспіз. Әрі олардың бәрі бірдей сапта емес, жарақат алып қалғандары да бар.

Бір айдан астам уақыт бойы, үш-төрт күнде бір ойын өткізу Астанаға оңайға соқпады. Жоғарыда айтқанымыздай, арасында Еуропаға да барып келді. Қысқасы, елорда клубы соңғы айда 7-8 ойын өткізіп, ел ішілік додада сегіз ұпай жоғалтты. Сөйтіп, ізіне түскен "Қайраттың" екеуара ұпай айырмасын мейлінше қысқартуына мүмкіндік беріп алды.

Сонымен не керек, ел чемпионы 5 қараша күні анықталды. "Астана" соңғы турда "Ақжайықты" қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл жеңіс те оңайшылықпен келген жоқ. Бірінші таймда елордалықтар қонақтарының қақпасына гол соға алмай, сергелдеңге түсті. Тек екінші таймда бесаспап шабуылшысы Джуниор Кабананга көп мүмкіндіктерінің екеуін сәтті аяқтады.

"Астана" осылай төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанып, қуанышқа кенеліп жатқанда, "Қайрат" соңына дейін үмітін үзбей, өз алаңында "Ақтөбені" тізе бүктірді. Сөйтіп үшінші жыл қатарынан екінші орынға ие болып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Негізі, бәріне Алматы клубының өзі кінәлі. Маусым басында көп ұпай жоғалтып, "Астанадан" едәуір қалып қойған...

Биыл үшінші орын "Ордабасы" клубына бұйырды. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысы клубының ел чемпионатындағы – алғашқы жүлдесі. Өкінішке қарай, бұл команда тұрақты ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Былтыр "Қайратты" екі рет тізерлетіп, екі мәрте тең түссе, биыл "Астананы" да екі рет ұтты. Бірақ осал командалардан ұтылып қалатыны бар...

Төртінші орынға таласқан командалар арасындағы бәсеке де шектен тыс қызықты болды. "Ертіс" пен "Тобыл" соңғы турға дейін тайталасып, ақыр соңында Павлодар клубының бағы жанды. Керекуліктер өз алаңында "Шахтерді" қабылдап, ойынның 90 минутына қосылған қосымша уақытта ғана гол соғып, жеңісті жұлып алды. Осы жанкештіліктерінің арқасында 4-орынға ие болды. Әйтпесе, Қостанайда "Атырауды" бұйым құрлы көрмеген "Тобыл" алдын орап кетер еді.

Төртінші орынның да мәртебесі зор болатын себебі бар. Егер Қазақстан кубогын жүлделі орындардың біріне ие болған клубтардың бірі жеңіп алса, онда ел чемпионатында 4-орын алған команда Еуропа лигасында бақ сынау құқығына ие болады. Биыл ел кубогын "Қайрат" жеңіп алған. "Ертіс" пен "Тобылдың" 4-орынға сонша тәжікелесулерінің сыры – осы.

2017 жылғы Қазақстан премьер-лигасының регламенті бойынша, биыл 11-інші және 12-ші орындарға ие болған командалар Бірінші лигаға түсіп қалды. Нақтырақ айтқанда, "Тараз" бен "Оқжетпес" келесі жылы төменгі топта доп тебетін болады. Ал олардың орындарын Бірінші лигада жеңімпаз атанып, екінші орынға ие болған командалар басады. Атап айтқанда, мұндай құрметке "Жетісу" (Талдықорған) және "Қызыл-Жар СК" (Петропавл) клубтары ие болды.

Сонымен қатар, биыл премьер-лигада 10-орынға табан тіреген клуб пен Бірінші лигада 3-орынды иеленген команда "Өтпелі матчта" үшінші жолдаманы сарапқа салады. Дәлірек айтқанда, "Ақжайық" пен "Мақтатарал" 9 қараша күні Астанада додаға түсіп, жеңгені келесі жылы Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын болады.

Сонымен, 2017 жылғы Қазақстан чемпионаты көмбеге жетті. "Астана" төртінші жыл қатарынан үздік шығып, алтынмен апталды. "Қайрат" күміс жүлдегер атанып, "Ордабасы" қола жүлдеге қол жеткізді. "Ертіс" Еуропа лигасында бақ сынау құқығына ие болғанына мәз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу