"Астана" "Легияны" легионерлерімен жеңді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1756

Қазақстан чемпионы Чемпиондар лигасының үшінші сатысында Польшаның ең үздік командасын 3:1 есебімен тізерлетті.

"Астана" "Легияны" легионерлерімен жеңді

"Астана" Чемпиондар лигасының үшінші сатысында Польшаның "Легиясымен" кездескен. Бірінші ойын Астанада өтті. Бұл ойында Қазақстан чемпионы өте жоғары деңгейлі ойын үлгісін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Тоқсан минут бойы тізгін тартпай, жанкештілік танытты. Көбінесе допты бір-біріне қақпақылдап, қонақтарды әрлі-берлі біраз жүгіртті. Баз-базында қарсы шабуыл ұйымдастырып, өте жылдам қимылдады.

Алғы шепте Патрик Твумаси мен Джуниор Кабананга атой салып, алға шапқанда, "Легияның" қорғаушылары асып-сасып білгендерінен жаңылды. Олар ұстараның жүзіндей лыпылдаған "Астананың" шабуылшыларына ілесе алмай қалды. Негізі, Қазақстан чемпионы бұл ойында бес гол соқты. Төреші екеуін "офсайдтан соғылды" деп есепке алмады. Біріншісіне таласымыз жоқ. Ал екіншісінде Кабананга допқа бекер атылды. Өзі кіріп бара жатқан доп сияқты еді... Өкінішті-ақ...

Айтпақшы, үш голды да легионерлеріміз соқты. Біріншісін Конго Демократиялық Республикасының шабуылшысы бір қимылымен-ақ "Легияның" барлық қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырды. Ал бірінші тайм аяқталуға айналғанда Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Маевский допты алыстан шірене тартып, қақпа торын бүлк еткізді. Үшінші голды ойынның соңғы секундтарында Гана елінің ширақ жігіті Твумаси соқты.

Рас, екінші таймда "Легия" бір гол соғып кетті. Оған дейін қонақтардың небір қауіпті шабуылдарын тойтарған "Астананың" қорғанысы дәл осы сәтте жаза басып, жоқ жерден гол жіберіп алды. Жалпы, бұл ойында Қазақстан чемпионының қорғаушылары да қақпашысы да өте жақсы ойнады. Әсіресе Александр Мокин Польша клубы ойыншыларының небір қатерлі де, пәрменді соққыларын тойтарып, көрермендер қошаметіне ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, Польша чемпионы бұған дейін Финляндияның "Мариехамн" клубын екі ойынның қорытындысы бойынша 9:0 есебімен  (түзде – 3:0, ал үйде – 6:0) тас-талқан қылған болатын. Олар осы қарқынмен "Астананы" да жеңетіндеріне сенімді болғандай еді. Бірақ Сарыарқа төсінде сүрінді. Енді өз жерлерінде есе қайтармақ ойлары бар. "Қарымта матч, яғни жауапты ойын – Варшавада, өз қателіктерімізді түзеуге мүмкіндігіміз бар, әлі" деп кетті. Бас бапкері де, футболшылары да осындай пікірде, үміттерін үзбейді.

Ал біз "Астанаға" сенеміз. Кешегідей ойнаса, түзде де дес бермеуі керек. Кеше "Легияның" бас бапкері мен ойыншылары тұрмақ, Қазақстан жанкүйерлерінің өздерін таң қалдырды. Өте жоғары деңгейде, өте жоғары жылдамдықта ойнады. Биыл бірінші рет осындай ойын өрнегін көрсетіп, көпшілікті сүйсіндірді. "Астананың" білікті бас бапкері Станимир Стойлов шәкірттерін спорттық баптарына келтіріп, жақсылап дайындапты.

Сонымен қарымта матч тамыздың 2-сінен 3-іне ауған түні Варшавада өтеді. "Астана" тіпті бір доп айырмасымен ұтылса да, келесі кезеңге шығады. Түздегі матчта тезірек гол соғып алу керек. Сонда "Легияның" жағдайы қиындай түседі. Біз ел чемпионына сенеміз. Кеше "Астана-Арена" стадионына 26 100 көрермен жиналып, қиқу салды. Қонақтарға бұл да әсер етті. Көрермендер бір дамыл таппай, өз клубымызды демеп-жебеп отырды.

"Астана" (Қазақстан) – "Легия" (Польша) – 3:1 (2:0)

Голдар: Кабананга, 36 (1:0). Маевский, 44 (2:0). Садику, 79 (2:1). Твумаси, 90+4 (3:1).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу