"Барыс" бағытын жоғалтты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3640

Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын Астана клубы соңғы кездері жеңілісі жиіліп, төмен құлдырап барады.

"Барыс" бағытын жоғалтты Фото: hcbarys.kz

Негізі, "Барыс" биылғы маусымды өте жоғары деңгейде бастаған. Қарашаның басында тіпті "Шығыс" конференциясында көш бастап тұрды. Сол кезде жеңісі жеңілісінен біршама көп еді. Мәселен, 31 ойынның 19-ында жеңіске жеткен болатын.

Алайда қараша айының басындағы 10 күнгі үзілістен кейін "Барыстың" кежегесі кейін тарта бастады. Жеті рет қатарынан ұтылып (екі ойында өз айдынында), төмен сырғи бастады. Содан кейінгі жеті ойынның бесеуінде жеңілістің кермек дәмін татып, ҚХЛ-дың турнир кестесіндегі жағдайын тығырыққа тіреп алды.

Енді де, өткен айдан бері 14 ойын өткізіп, екі-ақ рет жеңіске жетті. Осылай ұтыла берсе, плей-офқа ілікпей қалу әбден мүмкін. Бұл жеңілістері мен сәтсіздіктерінің түптамыры маусым басындағы дайындығына байланысты болуы да мүмкін. Әу бастағы қарқындары жақсы еді. Бірақ Евгений Корешков жаттықтарын хоккейшілеріміз титықтап қалғандай да. Алысқа "шаба" алмады, ұзаққа шыдамады.

Әу баста биыл жазда "Барыс" сапына алынған легионерлер сенімді ақтап жүр еді. Маусым басында оларға сүйсінушілер де, сұқтанғандар да көп болды. Тіпті Канада құрамасы Карьяла кубогына қатысатын құрамына "Барыстан" да екі шабуылшы шақырып, көпшілікті одан әрі елеңдетті. Мэтт Фрэттин мен Линден Вей шайбалы хоккей мамандарының аузына көп ілікті.

Өкінішке қарай, соңғы ойындарда "Барыстың" екпінді бестігі білгенінен жаңыла бастады. Тіпті артық құрамда қарсыласының қақпасына гол соғу былай тұрсын, өз қақпамызға шайба жіберіп алып, жанкүйерлердің жігерін құм қылды. Команда капитаны Найджел Доус жарақаттанып қалған. Жалпы, соңғы кезде ол да көсіле шаба алмай жүр.

"Барыс" кеше елорда төрінде Уфаның "Салават Юлаев" клубынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Осы ойыннан кейін команданың бас бапкері Евгений Корешков ішіндегі бар өкпесін төгіп салыпты. Бірінші бестігінің, яғни легионерлерінің сенімді ақтаудан қалып бара жатқандарын бүкпесіз жайып салған. Оларды түсіне алмай жүргенін де тілге тиек еткен. Арты не болары белгісіз.

"Барыстың" соңғы ойындардағы ұзаққа созылған сәтсіздігіне кім кінәлі? Команданы дүр сілкіндіре алмай жүрген бас бапкері ме? Әлде ұжымды алға сүйремей жүрген легионерлері ме? Команданың ішкі жағдайын толық білмеген соң, дөп басып айту қиын. Клуб басшылары араласпаса болмайтын да сияқты.

Сонымен дәл қазір "Барыс" 45 ойыннан 63 ұпай жинап, ҚХЛ-дың "Шығыс" конференциясында 8-орында тұр. Өзінен бір саты төмен тұрған "Амур" клубының да еншісінде – 63 ұпай. Бірақ Хабаровск клубы үш ойын кем өткізген. Яғни енді бір ойында жеңіске жетсе, Қазақстан клубының алдын орап кетеді. Сегізінші орыннан айырылса, плей-офқа шыға алмайды.

"Барыс" жылдағыдай голды көп соғады. Дәлірек айтқанда, 45 ойында 120 гол соқты. Бірақ сол бұрынғысынша өз қақпасынан шайбаны да көп қармайды. Өте көп. 45 ойында 131 шайба жіберіп алды. Қақпаға көбінесе Хенрик Карлссонды қойып, оны да діңкелетіп алғандай. Кейінгі ойындарда Қазақстан азаматтығын алудан бас тартпайтын, еңгерзедей швед қақпашысының да жүйкесі сыр беріп жүр.         

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу