"Бұл мәселе кеше шешілді"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1877

Айлар бойы тауы шағылып, тауаны қайтқан алматылық кәсіпкер ұлттық палатаның қоғамдық кеңесінің отырысында осындай сүйінші хабар естіді.

"Бұл мәселе кеше шешілді"

Алматы облысындағы "Родничек" жеке кәсіпкерлігі Іле аудандық білім беру бөлімінен өзіне тиесілі қаржысын ала алмай жүр. Жеке кәсіпкер Михаил Страховтың сөзінше, жасаған қадамдарының бәрі нәтижесіз аяқталған. Амалы таусылған ол, Астананы – "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасын бетке алыпты.

"Жеке кәсіпкерлікке 320 және 150 орындық екі балабақша қарайды. 100 шақты адам жұмыс істейді. Соңғы уақытта балабақшалардың жұмысы өңбей қойды. Іле аудандық білім беру бөлімі тарапынан кедергілерге тап бола бердік. Білім бөлімі заңсыз тексерулер ұйымдастырды. Ақыры бізді "Балапан" мемлекеттік бағдарламасынан алып тастады", – деді "Атамекен" ҚР КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысына арнайы келген Михаил Страхов.

Кәсіпкердің сөзінше, 2017 жылғы келісімшартты бекіту кезінде "Балапан" бағдарламасы арқылы бөлінетін қаржы көлемі 132 млн теңге деп көрсетілген. Алайда аудандық білім беру бөлімі оның 82 млн теңгесін "қиып тастап", 50 млн теңгеге келісімшарт ұсыныпты. Бұл қаржыдан бас тартса, құрдымға кететінін жақсы білетін кәсіпкер, келісімін беріп, келісімшартты бекітеді. Бірақ осыдан бастап бөлім мен жеке кәсіпкерлік арасындағы жағдай ушыға түскен.

"Осылайша, бізге бөлінетін қаржының жолын себепсіз бөгеп тастады. Білім бөліміндегілер мұндай қадамның нендей себеппен жасалғанын түсіндіріп бере алмады. Бұл ретте балабақша бұған дейін білім беру бөлімі немесе өзге де мемлекеттік мекемелер тарапынан ескерту алған емес. 2016 жылғы аттестациядан да ойдағыдай өтті. Ал 2017 жылдың наурыз айында тағы бір мәселемен бетпе-бет келдік", – деді кәсіпкер.

Михаил Страховтың айтуынша, жеке кәсіпкерлік наурыз, сәуір және мамыр айларындағы атқарылған жұмыстардың актісін ала алмай жүр. Ал құжатқа бөлім басшысының қол қойғысы жоқ. Ақыры жеке кәсіпкерлік бір жылға арналған келісімшартты бұзып тынған. Қоғамдық кеңестің отырысына қатысқан Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қауымдастығы өкілінің сөзінше, жеке меншік балабақша мен мемлекеттік мекеме арасындағы келісімшарттың бұзылу фактісі біздің елде алғаш рет тіркеліп отыр екен.

Михаил Страхов бұл мәселенің түйінін облыстық деңгейде де тарқатып көруге талпынғанымен, қадамы нәтижесіз болған.

"Родничек" жеке кәсіпкерлігінің мәселесі бойынша облыстық білім беру басқармасына, прокуратураға шағымдандық. Бұл ретте жеке балабақшаның жұмысына кедергі келтіріп келгені үшін Іле аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Қаткееваға екі мәрте тәртіптік жаза қолданылды. Бірақ сонда да кәсіпкерге тиесілі қаржы қайтарылған жоқ. Аудандағы өзге жеке меншік балабақшалардың бәрі қаржыландырылған. Тек "Родничек" жеке кәсіпкерлігінің балабақшаларына қатысты мәселе ғана бар. Соған қарғанда кәсіпкер мен бөлім басшысы арасында қандай да бір келіспеушілік бар секілді", – деді Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының өкілі.

Алматы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова кәсіпкер Михаил Страховтың айтқандарының бәрін растады. Сондай-ақ Іле аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Қаткееваның тәртіптік жазаға тартылғанын мәлімдеді. "Атамекен" ҚР КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің Қайырбек Сүлейменов бұл жердегі басты міндет шенеунікті жазалау емес, кәсіпкерге тиесілі қаржыны қайтарып беру екендігіне назар аударды.

Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының Талдықорған қалалық филиалының директоры Маржан Ахметжанова дәл осы мәселе бойынша 8 қараша күні тиісті мекемелердің өкілдерімен "дөңгелек үстел" шарасы ұйымдастырылғанын айта келіп, мынадай сүйінші хабарды хабарлады:

"Бұл мәселе кеше шешілді. Облыстық білім беру басқармасының өкілдері "Родничек" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі үш айдың қаржысы жақын күндері аударылады деп сендірді".

Ал Астанаға әділдік іздеп келген кәсіпкер мәселенің күн бұрын шешілгенінен хабарсыз екен...

"Аймақ" өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қорының президенті Айгүл Соловьеваның айтуынша, біздің елде мұндай мәселелер өте көп. Бұл ретте, білім саласындағы жалпы жемқорлықтың 50 пайызы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге тиесілі екен. Мәселен есеп комитетінің республикалық бюджеттің орындалуына жүргізген бақылауына сәйкес, білім және ғылым министрлігіндегі аудиттен бюджеттің 43,2 млрд теңгесі тиімсіз қолданылғаны анықталған. Сонымен қатар 16,9 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылық орын алған.

Осы орайда Қайырбек Сүлейменов мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру тек мүдделі мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау органдарының да жіті назарында болуға тиіс деген ойын жеткізді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу