"Долларларыңды қалтама салып па едіңдер"

3290

Қарағандыда қырыққа жуық азамат биржалық трейдердан алданып қалды.

"Долларларыңды қалтама салып па едіңдер"

Жетпіс алты жасқа келген Дамира Әбілқайырованы бір жыл бұрын көршісі оңай жолмен ақша табуға үгіттепті. Қарияға биржаға ақша салып, оның үстемесі арқылы пайдаға қарық боламыз деген. Қаржылық биржа жөнінде хабары жоқ қария күнде көріп жүрген көршінің сөзіне сеніп зейнетақысынан жинап жүрген мың долларын бейтаныс адамдарға береді. Өздерін трейдерміз деп таныстырған екі адам ақша ұстатқан адамдардың атынан биржаға қатысамыз сосын үстеме пайызынан байып кетесіздер деп сендіріпті

"Көршім  мен олармен осымен үш ай болды жұмыс жасап жатқаныма қорықпа бәрі жақсы деді. Сосын айтқан мекенжайға барып тіркелдім. Ол жерде Ерқанат пен Айнаш деген екі адам болды. Олар маған бәрін түсіндіріп, тіркеді. Алғашқы үш айда салған ақшамыз жақсы көтерілді, тіпті бір жарым мың долларға дейін жетті. Біз олардың түсіндіруі бойынша үйде интернет арқылы бақылап отырдық. Сосын бір күні барлығы төмен түсіп кетті, тіпті баланста ақша жоқ деген хабарлама келді", – деп зар илейді қария.

Биржа ойнатып өзгелерді қарық қыламыз деген адамдар қалада кеңсе жалдапты. Өздеріне келген жандарға биржа арқылы байып кеткен адамдар жайында әрі өз жұмыстарының жетістігін көрсететін бейне роликтер көрсетіп отырған. Сонымен қатар бұл трейдерлар әлеуметтік желілер арқылы өздеріне жарнама жасап жұртты "қармақтарына" түсіре білген.

Өзіңмен бірге өзгені әкелсең ақшаң көбейеді

Биржа ойнатуда тәжірбиеміз бар деген трейдерлар қаржысын салғандарға тағы адам алып келсеңіз салымшы салған сомасының он пайызын алып отырасыз деп үгіт насихат жүргізген. Мұны естіген қарағандылықтар таныстарымен қоса туыстарын, көршілерін алып келіп отырған. Осылайша алданған қарағандылықтардың саны қырыққа жетіпті. Өзін Талғатпын деп таныстырған азамат отбасылық депозиттегі 15 мың доллар ақшасын танысына сеніп ұстата салыпты.

"Танысым арқылы телефонымды алған олар маған қоңырау шалып, ақшаның үстінен біз сізге 30 пайыз алып беруге кеңес береміз деп уәде берді", – дейді ол.

Осылайша жұрттың сенімін оңай жаулап алған адамдар қырыққа жуық қарағандылықтан 70 мың доллар жинап алыпты.

Ақшаны қалтама салған жоқсыңдар

Бастапқыда қаржыларының өскеніне мәз болған жұрт уақыт өте келе бір тиын да қалмай қалған байқаған. Осы кезде байлыққа жетелейміз дегендер де ізін суытып, телефонға жауап бермей, кеңселерін жауып үлгереді.

Алданған қарағандылықтардың айтуынша олар енді қаланың басқа бөлігінен байығысы келгендерді іздеуге кірісіпті. Салымшылардың бір бөлігі ақша алған Айнашты мейрамхананың бірінде кездестіріп қалған. Өзін қаумалап ақшасын сұрағандарға ол "долларларыңды қалтама салып па едіңдер, мен ештеңе білмеймін, керек болса сотқа барыңдар", – деп дүрсе қоя берген.

Ең өкініштісі, қарағандылықтар биржаға қатысамыз деген делдал фирмамен ешқандай келісімшартқа отырмаған.

"Қолдарында келісім шарттың болмауы қиын болып тұр. Бұл фирманың жұртты өзіңмен бірге адам алып келсең ақшаң көбейеді деуінің өзі қаржы пирамидасының әрекетіне ұқсайды. Бұл заңға қайшы. Олар азаматтарға 10 пайыздан 50 пайызға дейін ақша төлейміз деп алдап кеткен", – дейді заңгер Асхат Малдыбаев.

Заңгерлердің пайымдауынша, аталмыш фирма өкілдері биржаға қатысқанның өзінде инвесторлармен келісімінің болмауы жағдайды ушықтыра түседі.

Ең сорақысы сол, алданған жұрт ақшаларының қайда кетіп жатқанын қадағаламапты. Енді қарағандылықтар полицияға және прокуратураға шағым түсіріп тентекті тезге салар деп үміттеніп отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу