"Дондағы Ростов" клубы "Баварияны" ұтып сенсация жасады

2927

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындардың аяқталуына әлі 1 тур қалса да, шешуші ойындар осы 5-ші тур болды десек, қателесе қоймаспыз.

"Дондағы Ростов" клубы "Баварияны" ұтып сенсация жасады

Ең сенсациялық нәтиже Ресейде тіркелді. Күннің суығына қарамастан Олимп-2 стадионына неміс машинасы Баварияның ойынын өз көзімен көруге біраз адам жиналған екен. "Ростов" командасының онсыз да плей-оффқа шықпайтыны мәлім. Дегенмен де Еуропа Лигасына жолдама алудан үміті жоқ емес көрінеді.

Бұл ойында "Ростов" "Баварияны" жеңеді деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек. Бірақ, дәл солай болып шықты! Дон өзені жағасының командасы оңай шағылатын жаңғақ емес екенін осы ойынымен дәлелдеді.

Ойын басталысымен ростовшылар қорғаныста жатып алды, олардың қасында Бавария ойыншылары балаларымен ойнап жүргендей көрінді. Сослан Джанаев қорғаған қақпаны жағалап, ростовшылардың әбден мазасын алды. Бірнеше рет гол соға жаздады.

Ростов ойыншылары ара-арасында бір қарымта шабуыл жасап қойып жүрді. Әйгілі қақпашы Нойердің орнына бұл жолы Ульрайх тұрған болатын. Тіпті алғашқы шабуылдың бірінде Сесар Навас қақпашымен бетпе-бет шығу үшін Ерохинге допты жақсылап көтеріп берген де болатын. Алайда, Ульрайх алдынан жүгіріп шығып кедергі жасады. Ерохин саспай баспен асыра салып еді, доп қақпаға еніп бара жатты, бірақ бавариялық қорғаушы Бернат допқа бірінші жетіп, қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Әйтсе де бавариялықтар роставшылардың қақпасын бірінші болып алды. 36-шы минутта Ренат Санчештің шығарып берген әдемі пасынан кейін Дуглас Коста күшті доп соғып, бәрін қапы қалдырды.

Одан соң да мюнхендіктер жігерлене түсіп, шабуылын үдете түскені соншалықты, қорғанысын ұмытып кеткендей болды. Соны сәтті пайдаланған ресейліктер бірінші таймның соңында есепті теңестіріп үлгерді. Полоз бен Азмунның шабуылы сәтті аяқталды. Ирандық жас ойыншы Сердар Азмун Боатенгтен айласын асырып, таразы басын теңестірді. Есеп - 1:1.

Ростовшылар үзіліске жақсы көңіл-күймен кетіп, үзілістен соң да алаңға күліп шығып жатты. Екінші таймның басында ростовшылар тағы бір гол кіргізеді деп ешкім ойламаған да болар, ел қақаған аязда шайын ішіп жатып, пенальтидің қалай тағайындалғанын да аңғармай қалған болар. Тағы да Боатенгтің қателігі.

Әлем чемпионы Боатенг бірінші голда Азмуннан алданып қалып еді, бұл жолы сасқалаптап эквадорлық Кристиан Нобоаға допты беріп қойды. Қатесін түзеймін деп Нобоаны шалып жықты.

Нәтижесінде Дмитрий Полоз пенальтиден гол соғып, "Ростов" 2:1 есебімен алға шықты. Алайда, ресейліктердің қуанышы көпке созылған жоқ, тіпті қуанып та үлгерген жоқ. Өйткені, мюнхендіктер 2 минут өтпей жатып есепті теңестіріп үлгерді. Риберидің араласуымен Хуан Бернат гол соғып кетті. Осы Бернат басында Баварияны голдан құтқарып қалған болатын.

Португалдық төреші Диашты ресейліктер енді ешқашан ұмытпайтын шығар. Өйткені, оның белгілеген айып соққылары ростовшыларға қуаныш әкеліп жатты.

Сондай қауіпті айып добының бірі 66-шы минутта болды. Допты қайсысы тебер екен – Полоз ба әлде Нобоа ма? – деп жанкүйерлер күтіп тұр. Бірақ, бұл жолы Полоз экводорлық досына кезек берді.

Ал Нобоа болса допты бавариялықтардың жасап қойған қабырға-қорғанысынан асырып, қақпаның түкпіріне бүлк еткізді. Міне керемет, міне сенсация!!! 3:2 – "Ростов" немістердің "Бавариясын" ұтып кетті. Сөйтіп, ресейлік клуб плей-оффқа шыға алмаса да, Еуропа лигасына бір табан жақын қалды.

Осы топты бастаған Мадридтің "Атлетикосы" Голландияның ПСВ Эйндховенін 2:0 есебімен жерге қаратты.

Атлетико - 15 ұпай

Бавария М - 9 ұпай

ФК Ростов – 4 ұпай

ПСВ Эйндховен - 1 ұпай

С тобы: Селтик - Барселона – 0 : 2, Дубль жасаған Л. Месси; Боруссия (Менхенгладбах) - Манчестер Сити = 1:1, голдар: 23 мин. Раффаел - Борруссия, 45 мин. Силва - Манчестер Сити.

Барселона-12 ұпай

Мачестер Сити – 8 ұпай

Боруссия Менхенгладбах - 5 ұпай

Селтик - 2 ұпай

В тобы: Бешикташ-Бенфика = 3:3, Наполи - Динамо Киев = 0:0

Наполи-8 ұпай

Бенфика-8 ұпай

Бешикташ-7 ұпай

Динамо К- 2 ұпай

 

А тобы: Арсенал – ПСЖ = 2:2, Лудогорец - Базель = 0:0

Арсенал-11 ұпай

Пари Сен Жермен-11 ұпай

Базель – 2 ұпай

Лудогорец- 2 ұпай

Соңғы 6-ншы тур ойындары 6-7 желтоқсан күндері өтеді.

ПСЖ - Лудогорец                     Байер - Монако

Базель - Арсенал                      Тоттенхэм - ЦСКА

Динамо К - Бешикташ                 Легия - Спортинг

Бенфика - Наполи                    Реал М - Боруссия Д

Барселона - Боруссия М               Брюгге - Копенгаген

Манчестер Сити - Селтик              Порту - Лестер

ПСВ - Ростов                         Ювентус - Динамо Загреб

Бавария - Атлетико                   Лион - Севилья

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу