"Қайратым" деп қазақ жүр, қайрат қылмай клуб жүр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1918

"Қайрат" пен "Ертіс" УЕФА Еуропа лигасының екінші іріктеу сатысында жеңіліске ұшырап, Еурододан шығып қалды.

"Қайратым" деп қазақ жүр, қайрат қылмай клуб жүр Фото: fca.kz

"Қайрат" жерге қаратты

"Қайрат" Еуропа лигасының екінші кезеңінде Албанияның "Скендербеу" деп аталатын клубымен кездескен. Әу баста, отандық жанкүйерлер Алматы клубына шүбәсіз сенді. Тіпті бұл командадан қиналмай өтуі керек деп ойлады. Өйткені "Қайраттың" құрамында деңгейі жоғары футболшылар көп болатын. Алайда іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты.

Әуелі екеуі Алатау бөктерінде кездесті. Өткен аптада өткен бірінші матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Қонақтар ұжымдық ойын үлгісіне иек артып, "Қайраттың" жұлдыздарына дес берген жоқ. Отандық жанкүйерлер аң-таң болды. Алматылықтар Албания клубын қалай да жеңуі тиіс еді ғой...

Өз алаңында жеңіске жете алмаған "Қайрат" жанкүйерлерін "түзде әлі бір ойын бар" деп жұбатты. Алматы клубының бас бапкері Кахабер Цхададзе "қарымта матчта жеңіске жетеміз" деді сенімді түрде. Бірақ Корчада да қайратықтар сенім үдесінен шыға алмады. Қалтасы өзінен жұқа командадан ұтылып қалды.

Кеше түнде Албанияның Корча қаласында өткен матчта сенім артқан "Қайратымыз" 0:2 есебімен ұтылып қалып, жанкүйерлерін жерге қаратты. "Скендербеу" клубының қорғанысын бұза алмай, қара терге түсті. Алаң иелерінің қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. Ал қорғаныста екі рет қателесіп, өз қақпаларынан доп қармады...

Сөйтіп, "Қайрат" ұтылды. Деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде көрсете алмады. Жасыл алаңда жан ұшырған "Скендербеудің" жанкешті жігіттерін тоқтата алмады. Осындай, жағдайлары тығырыққа тірелген сын сағатында команданы жігерлендіретін, алға сүйрейтін ешкім болмады. Мақтаулы жұлдыздарының бәрі көзден таса болды. Құдды, бәрі бір-біріне сеніп жүргендей...

"Ертіс" намысты қолдан берген жоқ...

Еуропа лигасының екінші сатысында "Ертістің" жолы Сербияның әйгілі "Црвена Звездасымен" түйіскен. Шыны керек, бұл команданың деңгейі "Ертістен" біраз жоғары екен. Әйтсе де, Павлодар клубы табан тіресе додаға түсіп, тырысып бақты. Өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Әйтсе де, үмітін үзген жоқ.

Себебі, "Ертіс" түзде жақсы ойнайтын. Әрі бес қорғаушымен бекінісін күшейтіп, қарсы шабуылдарымен "шалып жыққанға" машықтанып қалған ұжым болатын. Алайда Белградта оның сәті түспеді. Шежіресі мол "Црвена Звезда" өз алаңында көсіле шапты. Әр таймда бір голдан соғып, жеңіске жетті. Сөйтіп, "Ертіс" те Еуропа лигасының үшінші іріктеу сатысына шыға алмады.

Сөйтіп, биыл Еуропа лигасында бақ сынаған үш клубымыз да Еурокубок додасынан шығып қалды. "Ордабасы" бірінші електе-ақ ауып қалса, "Қайрат" пен "Ертіс" екінші іріктеу кезеңінде жеңіліске ұшырады. Незігі, "Қайраттың" топтық кезеңге дейін жететіндей жағдайы бар еді. Бірақ олар өз әлеуеттерін толықтай жүзеге асыра алмады.

"Скендербеу" (Албания) – "Қайрат" (Қазақстан) – 2:0

Бірінші ойын – 1:1. Жалпы есеп – 3:1

"Црвена Звезда" (Сербия) – "Ертіс" (Қазақстан) – 2:0

Бірінші ойын – 1:1. Жалпы есеп – 3:1

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу