"Киік" аулау маусымы ашылмақ

Юлия Кузнецова Юлия Кузнецова
17612

"Ортақ жол" жол жүру қауіпсіздігі қауымдастығының өкілдері жол апаты болған жағдайда жүргізуші мен жолаушының жауапкершілігін заңнамалық түрде теңестіру мәселесін қарастырып отыр.

"Киік" аулау маусымы ашылмақ

Бұл туралы қауымдастықтың президенті Арсен Шакуов "Қауіпсіздік көлігі" әлеуметтік жобасының тұсаукесерінде мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, мұндай әдіс өз зейінсіздігі мен жауапсыздығы салдарынан бір мезетте жол апатына (ЖКО) кінәлінің де, құрбан болып жататын адамдардың да санасына ой салады.

Бүгінгі заңнамадағы тәжірибеге көз жүгіртсек, мынаны аңғаруға болады, көп жағдайда жол апатына кінәлі – жолаушы емес, көлік жүргізушісі болады. Себебі жол жүру ережелеріне сәйкес, жолдағы жоғары қауіп нысаны – жүргізуші. Алайда жол қозғалысының қарқыны үдеп бара жатқаны сонша, осындай түсінікті өзгерту қажеттілігі туды, себебі жолдың өзі – жоғары қауіп нысаны, ал қозғалысқа қатысушылардың барлығына бірдей жауапкершілік артылуы тиіс дейді Арсен Шакуов.

"Түзетуді осы жылы енгізгіміз келеді. Біздің ұйымның міндеті – әлеуметтік тұрғыдан жолдағы қауіпсіздікті насихаттау, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға жәрдемдесетін шешімдерді заңнамалық деңгейде қабылдау", – дейді сарапшы.

Қоғамдық бірлестік басшысының айтуынша, жаяу жүргіншілермен өткізілетін жұмыстың құрамдас бөлігі "Киік" операциясы болмақ (белгіленбеген жерден өтетін жолаушыларды осылай атайды). Сөзге тиек етсек, операцияны осылай атау идеясын ІІМ қызметкерлері ұсынды. Шара аясында тәртіпсіз жаяу жүргіншілерге айыппұл салынып, түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Қауіпті жол

2009 жылдың күзінде Мәскеуде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі бойынша алғашқы дүниежүзілік министрлік конференциясы өтті, жиынға қатысушылар жол апатының 90%-ы табысы төмен және орташа елдерде болады деген қорытындыға келді. Бұл елдерде жол апатының құрбаны – жаяу жүргіншілер, велосипед жүргізушілері, екі және үш доңғалақты моторлы көлік жүргізушілері, сондай-ақ қауіпті қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар.

Статистикаға сүйенсек, 2011 жылы Қазақстан Еуропа аймағындағы қырық елдің ішінде жолда өлім құшу көрсеткіші жөнінен бірінші орынды иеленген, яғни 100000 адамға шаққанда 30 адамнан келген. 2016 жылдың қорытындысына жүгінсек, елімізде жол апатынан қаза болғандар 1000000 адамға шаққанда 18 адамға дейін төмендеген. Бірақ Еуропа елдерінің көрсеткішімен салыстырсақ, статистика әлі де алаңдатады. Онда әр 1000000 адамға шаққанда 9 адамнан келеді.

Сарапшылардың пайымдауынша, жол апатының салдарынан жарақат алу және өлім құшу деңгейін төмендету үшін жол қозғалысы инфрақұрылымын жаңарту қажет: бағдаршам жағдайын бақылау, мектепке апаратын қауіпсіз жол ұйымдастыру және шынымен де қажет жолдарда жаяу жүргіншілер жолағын жасау керек. "Қауіпсіздік көлігі" әлеуметтік жобасы аясында арнайы жабдықталған автокөлік қала жолдарының қиын учаскелерін анықтайды, бұл жоба Алматыда іске асырылып жатыр және енді Астанада іске қосылмақ.

Үлкен қала тұрғындары, бірінші кезекте, алматылық жүргізушілер қозғалыс қарқыны жоғары, тәртіпті бұзбай өту мүмкін емес бірнеше қиылыс жолды атап айта алады. Алматы тұрғындары көп жыл бойы "Саяхат" вокзалының маңайында тәртіп орнатуды талап етіп отыр, мұнда автокөлік жүргізушілері бірден екі қиындықпен бетпе-бет келіп отыр: қолайсыз жол айырық және қарбалас сәтте үйге жету үшін көлік астына түсуден қорықпайтын қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары.

"Арнайы белгіленген жерде такси тоқтатуға мүмкіндік жасалмайынша жағдай өзгермейді. Біз таксиге мініп, түсетін қауіпсіз орындар жасауды қарастырып жатырмыз. Ескі орталықтағы бір мектептің маңынан да осындай жобаны іске асыру жоспарда бар. Мектеп жобасының қыр-сырын ІІД өкілдерімен талқылап жатырмыз. Жүргізушінің де, өзінің де өміріне қауіп төндірмейтіндей халыққа жайлы жағдай жасау үшін олардың назарын "Саяхат" вокзалындағы қиындыққа аударғымыз келеді", – дейді Арсен Шакуов.

Балалар тәуекел аймағында

Оның айтуынша, жаяу жүргіншілер жолда жүру ережесін амалсыздан бұзып отырған жоқ. "Ортақ жол" қауымдастығы Алматы ІІД-ге сұраныс жолдаған соң, дәл сол "Саяхат" автовокзалының маңынан жерүсті жолаушылар көпірі салынды, алайда көпшілік халық онымен жүрмей, жолды қиып өтеді.

"Құлаққа жауыр болған сөз, алайда әркім өзінен бастауы керек. Жүргізуші автокөліктен түскен соң өзі де тәртіпке мойынсұнбайтын жолаушыға айналады", – деп мойындады Михаилс Кветнис.

Мемлекеттік құрылымдар да жол қауіпсіздігінің сақталуына ықпал етуі тиіс. Мысалы олар көшені жарықтандыру мәселесін шеше алады: қыста көшедегі шамдар таңға дейін өшірілетін кезде жүргізуші таңғы қарбаласта жаяу жүргіншіні не оқушыны көрмей қалуы әбден мүмкін. Осыған байланысты Алматы билігі "Алматының жарық түндері" жобасын қолдады, оның аясында көшедегі газ-сынап шамы жарықдиодты шамға ауыстырылмақ. Алғашқылары сағатына 400 ватт қуат көзін қажет етсе, екіншісіне бар болғаны 100 ватт қажет, әрі жолды жақсырақ жарықтандырады. Қоғамдық ұйым өкілдері баланың жолда жүру қауіпсіздігі мәселесіне кешенді түрде шара қолданып, балалардың киімін жарыққа шағылысатын элементтермен жабдықтауды заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынады.

"Біз жарыққа шағылысатын жолақтарды тартамыз, бірақ барлығын түгелдей қамтамасыз ету мүмкін емес, ал кей елдегідей ата-анаға айыппұл салуға тағы болмайды, себебі бұл әлеуметтік наразылықты тудыруы мүмкін. Жалғыз шешім: нарыққа түсетін киімнің барлығын осындай бөлшектермен жабдықтау, бұл мәселені заңда талқылау қажет", – дейді "Ортақ жол" басшысы.

Қоғамдық ұйымдар мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері бастауыш сыныптың білім беру жүйесіне Жол қозғалысы ережелерін оқытуды енгізу қажеттілігі туралы айтады. Бүгінгі күні Қазақстан мектептерінде жол жүру ережелерінің негізі оқытылмайды деуге болады дейді Арсен Шакуов. Білім беру жүйесінің кемшін тұстарын бизнес құрылымдар, дәлірек айтсақ автокөлік брендтерінің дистрибьюторлары жетілдірмек. Олар әлеуметтік жобалар аясында балаларға ойын әдістері арқылы жолда жүріп-тұру тәртіптерін үйрететін арнайы алаң ашып отыр.

Юлия Кузнецова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу