"Қуатты Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын, келешегі – кемел"

11197

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды жаңа 2018 жылмен құттықтады.

"Қуатты Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын, келешегі – кемел"

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан президенті өткен 2017 жылдың қорытындысын жариялап, ел үшін жаңа жылда айрықша маңызға ие болатын оқиғаларды тізіп берді.   

"Құрметті отандастар, санаулы сәттерден соң біз күнтізбенің жаңа парағын ашып, 2018 жылды қарсы аламыз. Жаңа жыл барша жұрт ізгі тілекпен, үкілі үмітпен, ақ ниетпен, асыға күтетін айрықша мереке. 2017 жыл тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болды. Ата заңымызға өзгерістер енгізіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасадық. Бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын рухани жаңғыру жолын бастадық. Өткен жыл қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім арқылы есте қалатын болады. Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық. Татулық пен тұрақтылықтың мекені –Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары қысқы универсиада төрінде бас қосты. Астананың және бүкіл еліміздің ажарын ашқан EXPO көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты, елдің әруақытта жадында қалатын үлкен мәселені шешті", – деді елбасы.

Мемлекет басшысы елімізде 2017 жылы барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өткеніне назар аударып, биыл қазақстандықтар 18 млн халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналғанына тоқталды.

"Өтіп бара жатқан жылды баршамыз үшін құтты жыл деп сеніммен айтуға болады. Жарқын жетістіктеріміз бен жасампаз жемістеріміз бекем бірлігіміздің арқасы. Бұл белестерді өздеріңізбен бірге алдық. Толайым табыстарға сіздермен бірге жеттік", – деп нақтылады Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қадірлі қазақстандықтар, босағамыздан аттағалы тұрған 2018 жылда берекелі болады деп ойлаймын. Қазақстан келер жылды Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесіне тұңғыш рет төрағалық етуімен бастайды. Бұл жас, тәуелсіз мемлекет үшін үлкен абырой. Қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік. Алдағы жылы ерке Есілдің жағасындағы ажарлы Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Елордасы еңселі, қуатты Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын, келешегі – кемел", – деп нық сөйледі мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келер жыл ел қазынасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыратын жемісті жыл болатына сенетінін жеткізді.

"Алдағы жылда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел ішінде ынтымақ пен молшылық арта берсін. Баршамыз сол үшін қызмет етейік. Әрбір шаңыраққа бақыт, береке, бірлік тілеймін. Жаңа жыл баршамызға құтты болсын, елімізге жаңа табыс әкелсін!" – деп қорытты ойын ҚР президенті.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу