"Мәскеу мұрағатының мәліметімен шектелуге болмайды"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
1886

Келесі ұрпақ Ғұсман мен Әминнің кім екенін білмей өсуі мүмкін.

"Мәскеу мұрағатының мәліметімен шектелуге болмайды"

Алматыда "Қазақстан спорты – Қазақстан Республикасы президенті архивінің құжаттарында" деген тақырыпта тарихи құжаттық көрме мен дөңгелек үстел өтті.

Басқосу барысында президент мұрағатының директоры Борис Жапаров сөз сөйлеп, қазақ спортының кешегісі мен бүгінгісін ой елегінен өткізді. Ол ата-бабаларымыз ұлттық спорт түрлерін ұрпақтан-ұрпаққа  аманат етіп қана қоймай, батыры мен балуанын түрлі сайыста сынап отырғанына тоқталды.

"1920 жылы 1-ші қазанда Орынборда әскерге аттанатын жастарды спортқа баулу мақсатында дене тәрбиесі нұсқаушыларының арнайы ұйымы құрылды. Бұл іске қатысқан адамдардың тең жартысы қазақ жастары болды. Уақыт өте келе Ақтөбе, Атырау, Орал, Алматы, Орынбор, Петропавл, Қызылорда, Семей қалаларында ірі спорт жарысын өткізуге арналған орталықтар бой көтерді. Бірақ біз олардың тарихын сақтап қала алмадық"­­, – дейді Борис Жапаров.

Оның сөзінше, 1928 жылы Петропавл қаласында Бүкiлқазақстандық бірінші спартакиада өткен. Онда футбол, жеңiл атлетика, қазақша күрес, баскетбол және нысана көздеу сынды спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылған. Ал 1931 жылдан бастап елімізде спорт саласына қатысты ұлттық кадрлар даярлана бастаған.

Мұрағат директорының мәлімдеуінше, қазақ спортының құжатта қатталған шежіресі шамамен,1930 жылдан бастау алған.

"Спорттың дамуы туралы мұрағат мәліметтері, ресми құжаттар және мемлекеттік мекемелер арасындағы спорт мәселесі туралы хат алмасу осы уақыттан ретке келтіріле бастаған", – дейді Борис Жапаров.

Сөз арасында ол президент мұрағаты қазақ спортына қатысты құнды деректер мен құжаттардың барлығын көздің қарашығындай сақтап отырғанын айтты.

"Халықаралық деңгейдегі олимпиада кезіндегі қазақ спортының тарихын бейнелейтін бейнефильмдер мен суреттер де мұрағаттың төрінде тұр. Олар 1936-1946, 1949-1991 және 1991-2004 жылдар аралығын қамтиды", – дейді Борис Жапаров.

Жиынға қатысқан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров көрмеге қойылған құжаттар қазақ спорты тарихының бір үзігінен ғана сыр шертіп  тұрғанына назар аудартты.

"Өздеріңіз байқағандай, көрмеде 1980 жылы өткен жазғы олимпиадаға Қазақстанның атынан қатысқан спортшылар мен жеңіске жеткен чемпиондардың суреттері, оларға қатысты құжаттар, газетке шыққан мақалалар мен бейнекөріністер өте аз. Мәскеу мұрағатының мәліметімен шектелуге болмайды. Біз қазақ спортының тарихына қатысты тың деректерді өзіміз іздеп табуымыз керек. Рухымызды асқақтататын жарқын сәттерге қатысты құнды деректер мен құжаттарды жан-жақтан жинау қажет", – дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Оның айтуынша, тың деректер спортшылардың жеке мұрағатында сақталған. "Мұндай дүниелер сандықта жатпай, көпшіліктің назарына ұсынылуы керек. Көрмеде 2004 жылға дейінгі уақыт қана көрсетілген. Одан бері 13 жыл өтті. Талай жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Олардың да есімдері ескеріліп, еңбектері еленуі тиіс, – дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Халық арасында "желаяқ жігіт" атанған халқымыздың даңқты ұлы Әмин Тұяқов бүгінгі буынның ардагер споршыларды танымайтынына өкпелі екен.  "Халқымыз олимпиада да оза шапқан Ғұсманды ұмытып барады. Бірде спорт академиясының проректоры мені студенттермен кездесуге шақырды. Сонда болашақ желаяқтар Ғұсман Қосановтың  кім екенінен бейхабар болып шықты. Тіпті суретінен де тани алмады. Бұлай жалғаса беретін болса, келесі ұрпақ Ғұсман мен Әминнің кім екенін білмей өсуі мүмкін", – деп түйді ол өз ойын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу