"Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға таралмайтынына Трамп кепілдік берді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3263

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президентімен не туралы сөйлескенін айтты.

"Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға таралмайтынына Трамп кепілдік берді"

Елбасы бүгін жүзден астам бұқаралық ақпарат құралының өкілін жинап, үлкен баспасөз конференциясын ұйымдастырды.

Әдетте отандық ресми немесе шетелдік БАҚ журналистерінің президентпен сұхбатын тамашалауға үйренген былайғы тілшілер қауымы мүмкіндікті пайдаланып, көкейлерін тескен сұрақтарды қойып қалуға тырысып жатты. Нәтижесінде елбасымен журналистердің жүздесуі белгіленген уақыттан асып кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев та кең отырып, ашық әңгімелесті, кей сұрақтарға ұзақ толғады, кейбіріне жауап қысқа болды. Мысалы мемлекет басшысы девальвация жасауға дәл қазір еш негіз жоқтығын кесіп айтты. Сондай-ақ кейбір сарапшылар ұсынып жүргендей "инфляциялық таргеттеуді тоқтатып, валюта бағамын ұлттық банктің қатаң белгілеуіне" қайта оралу енді болмайтынын білдіріп, шарт түйді.

БАҚ өкілдері Қазақстан лидерінің де кейде әлдекімдерге смс жазатынын білді.

"Сіз кеше цифрландыруға арналған республикалық кеңесте барлық қазақстандықтар смартфонның "құлағында ойнауы" керек деп айттыңыз. Ал өзіңіз ше, қандай да бір қосымшаларды пайдаланасыз ба?" деп сұрастырды журналист қыз.

"Менің оларды қарап отыруға уақытым жоқ қой, – деді алдымен Нұрсұлтан Назарбаев. – Әрине, қараймын. СМС жазамын, СМС аламын. Сенбесеңіз, телефон нөміріңізді беріңіз" – деп президент әзілдеп, жиналғандарды ду күлдірді.

"Шынымды айтсам, солармен елігіп кетуге уақыт жетпейді, – деп жалғады сөзін ол,  – бірақ ұялы телефон ұсынатын барлық мүмкіндіктерді, қазіргі коммуникациялық құралдарды пайдалану керек. Интернетті қолдану қажет. Рас, маған керекті барлық ақпарат менің қолыма беріледі. Бірақ қажет болған жағдайда мен де ғаламторды қопара бастаймын. Біз кезінде қараудан гөрі оқуға бейімделдік қой. Қазір жастар керегінің бәрін интернеттен табады. Мен олардың кезінде біз оқи алған кітаптардың бетін ашпайтынына қынжыламын" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Журналистер білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік гранттар тізімін екі қайтара жариялап, "былық жасап жатқанын", бұған тіпті депутаттар назар аудартып, меморганның әлі қабылданбаған заң жобасы негізінде "Алтын белгі" иегерлерін гранттан айырғанын айтып, мәселе көтерді.

"Неге олай болды? Грантты алу үшін тиісті бал жинау керек. Сол балды алмаған соң, анау-мынау деп шыға келеміз. Ондай білім бола ма? Әр адам өз біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев университетіне түсуге жыл сайын он мың адам арыз береді. Соның көп дегенде 450-500-і ғана ілігеді. Оған ешкім де араласа алмайды. Басқарып отырған жапон азаматы. Біз де адамбыз, менің де туған-туыстарым, достарым бар, олар да: "Айта салсайшы анаған! Отырсың ғой осы жерде, сөзің өтер" дейді", – деп ашыла күліп алды елбасы.

"Мен оларға: "университетте Шигео Катсу деген адам отыр, сонымен барып сөйлес" деп айтамын. Біз оқу-білім дегенде қатал болайық. Тек білімімен ғана түсетін болсын. Сонда кейінгі ұрпақ – мектепте отырған балалар ойланады: "Түсу үшін тек нағыз білім ғана керек екен ғой" дейді. Ал қазір балалары бал жинай алмай, түспейді де, ата-аналары шығып, ананы-мынаны жаса дейді. Егер министрлік заң бұзған болса, оны қараймыз! Заңды түріне келтіреміз. Заң бұзушылық болмаса, тек өткен балалар ғана грантты алуы керек. Басқа да істер бар. Дүниеде барлығы бірдей университет бітіре бермейді. Ал жұмыс істеп жүрген, үй салып, тамақ істеп, көлік жүргізіп жүргендер кімдер?" деген Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпаққа "қандай мамандықты таңдасаң да, соның шыңына шығуға тырыс", – деп ақыл айтты.

БАҚ өкілдері міндетті медициналық сақтандырудың 2020 жылға кейін шегерілгеніне қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі ақша жинауды жалғастыратынын айта келе, "одан да сол қаржыны отандық бизнестің дамуына салу дұрыс емес пе?" – деп сауал тастады.

"Біз медицинада бәрібір сақтандыруға барамыз. Біздің адамдар өз денсаулығын бағаламайды. Кеше мен кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пяны қабылдадым. Ол айтады: "Жүрекке ашық операция жасау Батыста 40-50 мың доллар тұрады. Жүректі ауыстыру – 500 мың доллар". Ал бізде бәрі келеді де, бәрін үкімет, мемлекет төлесін дейді. Ал егер әлгі сақтандыру қоры болса, азаматтар өз денсаулығына өздері жауап береді. Бір бөлігін азаматтың өзі, бір бөлігін – жұмыс берушілер, бір бөлігін мемлекет төлейді. Біздің зейнетақымыз да солай. Қор құрып, осы жүйеге тез өтеміз деп едік. Сараптап қарасақ, проблемалар шықты. Қазақстанда қорға ақша төлей алмайтын адамдар бар екен. Солардың мәселесін біз 2-3 жыл көлемінде шешуге тиіспіз. Әйтпесе қазір өтсек, бір азаматтарға сақтандыру қорынан, ал мына азаматтарға мемлекеттен төлейміз. Сонда біріншілері келеді де: "неге оларды мемлекет қаражатына емдейсіңдер, неге онда бізді қорға ақша салуға міндеттейсіңдер?" деп наразы болады, – деді елбасы.

Сондықтан ол осындай түйткілді мәселелердің барлығын шешпей, бұл жүйеге кіруге болмайтынын нықтады. Айтқандай сақтандырудың 2020 жылға қалдырылғаны әлі нақты емес екен.

"Бұл 1 жыл, не 2 жыл бола ма, 2020 жыл әлде одан ерте бола ма, ол кейін белгілі болады. Оған дейін ақша ешқайда кетпейді, қалады, артынан өз мақсатына қолданылады", – деп түйді президент.

"Атамекен" бизнес арнасының өкілі мемлекет басшысынан АҚШ президенті Дональд Трамппен жақында телефон арқылы сөйлескенде не туралы әңгіме болғанын сұрады. Әйтпесе екі жақтың баспасөз қызметтері қоңырау шалудан соң, тым қысқа ғана ресми ақпар тарататыны мәлім. Ал былайғы жұрт сарапшылар олардың не ымыраға келгенін біле бермейді. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев күтпеген жерден сырт көзден тасада жүретін тілдесудің мазмұнын жайып салды.

"Мемлекет басшыларының бір-біріне телефон шалуы шынында әдеттегі іс. Мен Трамп мырзаға өткен жылы қарашада қоңырау шалып, АҚШ президенті болып сайлануымен құттықтағам, біз сонда ұзақ сөйлескенбіз. Ол біздің өңірдегі, Ресей мен Қытайдағы ахуал туралы өзін қызықтырған сұрақтарын қойды. Содан кейін біз "АҚШ-ислам әлемі" саммиті аясында эр-Риядта кездестік. Жақында ол Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне энергетикалық ведомство басшысының жетекшілігімен америкалық делегацияны аттандырды. Мен делегация басшысын қабылдадым, ол көрменің ұйымдастырылу деңгейіне, онда қойылған экспонаттарға керемет сүйсінгенін жасырмады. Еліне оралған соң көрген-білгенін өз басшысына баяндаса керек. Содан кейін Трамп мырза маған телефон соғуға ұйғарыпты", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Америка басшысымен бірінші кезекте екі елдің қарым-қатынасы туралы тілдескенін айтты. АҚШ компанияларының қазақ экономикасына 40 миллиардтан астам доллар инвестиция салғаны, елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 500 компания жұмыс жасап жатқаны тілге тиек етіліпті.

Бір елең еткізгені, АҚШ президентінің өзі Ресейге қатысты санкциялар Қазақстанға таралмайтынына кепілдік беріпті.

"Мен қазіргі кезде күшіне мінген барлық санкциялар осы компаниялардың қызметіне теріс ықпал етпеуге тиістігін өтіндім. Ол санкциялардың Қазақстанға қатысы болмайтынына сендірді. Ол АҚШ-тың Қазақстанмен осы қарым-қатынастарды ары қарай дамытуға мүдделі екенін растады. Біз сондай-ақ ядролық қарусыздану жайында әңгімелестік. Өйткені МАГАТЭ-мен бірге төмен байытылған уран банкін Қазақстанда ашып жатқан болатынбыз. Ол бұл істі қызу қолдады", –  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті алдағы аптада Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарға аттанатыны мәлім. Соған қарамастан ол Геннадий Головкиннің жекпе-жегінің трансляциясын уақыт тауып, тамашалайтынын мәлімдеді. Бұл дода 16 қыркүйек күні өтетіні белгілі. Осы күні қазақстандық даңқты боксшы мексикалық атақты Сауль Альвареспен жұдырық түйістіреді.

"Мұндай оқиғалар қазақстандықтарды теледидар алдына мейлінше көп жинайды. Бұл кездесу аса маңызды. Мексикалық Альварес аты әлемге мәшһүр, жоғарғы санатты боксшы. Мен біздің Головкин жеңеріне, сөйтіп, Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді кәсіби бокс патшасына айналарына сенемін. Бұл ол үшін де өте маңызды. Келіңіздер, оған жетістік тілейік. Мен өзім көрші елдерге сапар үстінде болатыныма қарамастан, телетаратылымды қараймын. Оған жанкүйер боламын" – деп қорытты сөзін елбасы.

Бақыт Көмекбайұлы  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу